Ислам діні

Бірлік – байлық, тыныштық – береке немесе «Жусан» операциясындағы негізгі ұстаным

  • Бірлік – байлық, тыныштық – береке немесе «Жусан» операциясындағы негізгі ұстаным

    Бірлік – байлық, тыныштық – береке немесе «Жусан» операциясындағы негізгі ұстаным

Жер беті алатайдай бүлініп жатыр... Батыс пен Шығысқа мойын бұрсаң, мақсаты жоқ, мәні жоқ өмірге куә боласың. Әлемде әскери және ішкі дау-дамайлар анық байқалады. Батыс Африкадан Ауғанстанға дейінгі бүкіл аумақта қарулы қақтығыстар орын алуда. Елдің тыныштығын сақтауды мұрат еткен қайран есіл ерлердің еңбегі еш кеткендей... Мейірім тамырын жаюы тиісті жер беті қатігездіктің қақпаны іспетті. Шетелдегі жағдайларға бей-жай қарау мүмкін емес. Қай ел, қай ұлттың болса да сол елдің ұлт болып өмір сүруі мен тәуелсіздігі жолында тер төккен тұлғалары болады. Еркіндік ешкімге оңай жолмен келмеді. Жер-жердегі қақтығыстардан осыншама елдің, халықтың қырылып, қаніпезерлердің құрбанына айналып жатқаны ойландырмай қоймайды. Қаншама ана мен баланың жазықсыз көз жасы қан болып төгіліп жатыр...

Қазақ халқы «Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты назарда ұстап, татулықты ту еткен ел. Тұрақтылық бар жерде қашаннан татулық бар. Ал татулық бар жерде Алланың берекесі молынан болары хақ. Көз алдымызда ынтымағы жоғалған елдер арасында ырыс та жоғалатынына дәлел көп. Бір түн тыныш ұйқыда болғанын көңілге місе тұтып, тағдырына тәубе деп жүргендер бар. Құранда Алла Тағала «Ағраф» сүресінде: «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар», - деп қатаң ескертеді. Десе де, елдің бәрі бірдей Алланың аятын амалға асырып, ақылға келіп жатқан жоқ. Жапонияның Премьер-министрі Абэ мырза Америка Құрама Штаттарының Конгресінде сөз сөйлеген кезде: «Гүлдену дегеніміз – бейбітшілікке арналған көшет»,- деген еді. Шынында да, бейбітшілік пен гүлдену бір-бірімен тығыз байланысты. Екеуі де саясатқа қатысады, әлемде бейбітшілік орнатуда маңызды рөл атқарады. Соңғы екі жыл ішінде еліміз Сириядағы жанжалды тоқ¬тату және сол елде бейбітшілік пен тұ¬рақ¬ты¬лық¬ты орнату мақсатында жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл келіссөздерден кейін Сирияның көп¬теген аймағында бейбітшілік орнап, қан¬төгістер азая түсуде. Сирияда тағдыры сергелдеңге түскен бауырларды елге қайтару ісі қолға алынғанда, қаншама жанның көзінде үміт оты жанды дерсіз?! Елбасы Н.Назарбаев осы бір ғана іспен күрмеуі қиын істің жібін тарқатты. Осылайша жыл басында Елбасының Сириядағы соғыс аймағынан қазақстандықтарды елге қайтаруға берілген тапсырмасы орындалды. Бейбіт елден баз кешіп, от пен оқтың арасында жүргендерді құтқару оңайға соқпады. Жүзеге асырылған «Жусан» операциясы оң нәтиже беріп, 47 адам әскери іс-қимыл жүріп жатқан аймақтан отанға оралды. Соның ішінде 1 және 5 жас аралығындағы балалар саны - 30, 11-і әйел және 6 ер адам болды. Мұнымен қатар, елге келген балалардың көпшілігінің әкелері сол жақта қайтыс болғаны белгілі болып отыр. Бұл іске құқық қорғау органдарының арнайы топтары мен Сыртқы істер министрлігінің мамандары жұмылдырылған. Бұл істе олардың ерен еңбегі бар екенін айта кету керек.

Жусан... Иә, жусан иісі балалығы дархан далада, ауылдағы аңқылдақ ағайынның арасында өткен әрбір адамның санасын сергітіп жібереді. Әрі-беріден соң ғажап бір хош иісті сезгендей боласың. Қазақтың қара баласы жусан дегенде ерекше сезімге бөленеді. Ұлан байтақ даламыздың қай қиырына барсақ та, оны кездестіруге болады. Меніңше, мемлекеттің қолға алған ісі құптарлық. Бұл операцияның туған елмен тығыз байланысы бар, қазаққа ыстық естілетін атаумен аталуына қарап, жүрек тебіренеді. Жусан иісі... Шекара асып, шектен шығып, аңдаусызда адасып қалғандар елге жылап оралды. Туған жердің саф ауасы мен тыныш түніне зар болды. Байыппен қарасақ, Сирияға барып өмірі сергелдеңге түскен қазақтардың қарасы аз емес. Олардың көбісі желідегі жалған ақпараттарға иланып, ақиқаттан адасқандар. Осылайша елдің береке-бірлігі мен тұтастығын, тыныштығын ойлаған Мемлекет басшысы талайлардың туған жерге табаны тиіп, ата-ана, бауырларымен қауышуына мүмкіндік жасады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жастар жылының ашылу рәсімінде ащы шындықты тілге тиек етіп: «Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтарды қайтару жұмысын жалғастырамыз.

...Әр адам өз тағдырының иесі. Оларды алдап, жұмақтағыдай өмір сүресің деп уәде беріп, сол жаққа алып кетті. ...Кішкентай балалар біздің ұшақтан түскен кезде шешелерінен: «Мына жерге бомба түспей ме?» деп сұрайды екен. Туғаннан бомбаға үйреніп қалған. Ешқандай бомба түспейді»,-деді.

Балалардың от пен оқтан үрейленгені соншалықты жас болмысындағы үнді осылайша жеткізген. Сирияда сүреңсіз өмір сүріп жатқан, елге әлі де қайтарылуға тиісті азаматтар саны аз емес. Сирияда қазіргі таңда 370-380-ге тарта Қазақстан азаматы болса, олармен бірге 400-500 кішкентай бала бар екені айтылуда. Демек бір емес, біздің жүздеген үмітімізге бұрқыраған оқтың астында қалу қаупі төніп тұр. Балалар әр күнін бомба түспей ме деген үреймен өткізіп жатқаны өкінішті! Қателік жасайтын ата-ана, бірақ зияны жас балаларға тиіп жатыр. Олардың бейкүнә жүректері еш уайымсыз соғып, балалықтың бал дәуренін алаңсыз өткізуге тиісті шақта «жараланды».

«Бағалай білгенге бақ келеді, қадірлей білгенге құт қонады» деген сөздің астарында терең мән бар. Бақ деген нәрсе бүгіннің ғана емес, келешектің де үлесіне тиесілі. Сондықтан елдіктің мұраты – тыныштық болса, бақ пен құт елдің бірлігін нығайтатын баға жетпес байлық пен құндылық. Бақытын өзге елден табамын деп арманы өкінішке ұласқан бауырларымыздың жүріп өткен жолы әрбірімізге сабақ болуы тиіс. Бір кездері Қазақстанның ұлтаралық ынтымақтастыққа көңіл бөлгені бәзбіреулерге ұпай жинап берді. Сол уақыттарда елімізге түрлі діни ағымдар арқылы саяси-идеологиялық ықпалды күштер еніп кетті. Бұл өз кезегінде қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан адами құндылықтарды ысырып, жат көзқарастардың жаңа құндылықтарға айналуына жол ашты. Иордания королі Абдолла II Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V Съезінің ашылуында жат ағымға еріп, адасушылар туралы: «Мұндай топтар мұсылман әлемінің аз ғана бөлігін құрайды, ал тура жолда жүрген ер адамдар мен әйелдердің саны 1,5 миллиард болады. Осыны әрқайсысымыздың жете түсінгеніміз дұрыс. Бірақ удың бір тамшысы құдықтың бар суын улайды»,-деген сөзінің жаны бар. Жат ағымдағы бір адамның санасы уланса, басқалардың да санасының улануына бір өзі жеткілікті. Бұл әлгі құдықты лайлаған су секілді көріністің мысалы.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат. Ал бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру – баршаға аманат! Біздің әрбірімізге Қазақ елінің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда еңбек ету – азаматтық парызымыз бен мұсылмандық міндет екендігін ұмытпағанымыз жөн. Халқымызда: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», - деген қанатты сөз бар. Алла Тағала барша адамға Құран Кәрімде «Хужурат» сүресінің 10-аятында:«Шын мәнінде, мүміндер ағайындар. Сондықтан да ағайын арасын түзетіңдер...» - деп бұйырған. Қателесіп, аяғын шалыс басқандарға демеу болып, олардың енді дұрыс өмір сүруіне тілеулес болу, адамгершілік таныту болмысымыздан табылса игі.

Пенделік пиғыл әркімде бар. Санамызда «Сириядан елге келгендерден қандай қауіп бар?» деген сауалдар қылаң береді.Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкі¬лінің айтуынша, осы күнге дейін шетелдегі қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтардың 40 пайызы ғана қыл¬мыстық жауап¬кершілікке тартылған. Бұл жолғы «Жусан» операциясының мақсат-міндеті өзгеше. Негізгі ұстаным – балаларды елге қайтару. Елге қайтарылған азаматтар 2012-2015 жылдар аралығында Астана, Алматы қала¬лары, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарынан кеткендігі анықталған. Қателеспейтін жан, сүрінбейтін тұяқ жоқ! Бізде тамырын тереңге жайған үлкен қауіп-қатерлермен күресу құқық қорғау органдарының ғана міндеті деген түсінік қалыптасқан. Бұл – бүкіл ел, халық болып, қоғам болып күресетін дерт. Ата-бабамыз кең байтақ жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғады, кейінгі ұрпаққа аманаттау үшін көздің қарашығындай сақтады. Біз тарихтан қазақ халқының қиын күндерді бастан кешкенін, аштықтан бұратылып, әр қияға көшкенін білеміз. Тәуелсіздіктің бізге тамаша тартуы ол – тыныш өмір. Арба сүйретсе де, күректеп ақша тапса да, әркім еңбегіне қарай жемісін жеп, нәпақасын тауып жүр. Қанағатсыздық деген нәрсе адамда бұрыннан болған. Осындай азат күн туып, тірі адамдар тіршілігін жалғастырып, барлық бала біліммен сусындап, ішер ас, киер киімнің болғанының өзі бақыт. Қашан төбемізден бомба түсіп, жермен-жексен етеді деген үрей жоқ. Бұл – тыныштықтың берекесі. Еліміз тыныш болсын! Балалар жыламасын! Елден жырақтағы барлық Алаш баласын жусан иісі аңқыған сайын далаға жинайтын күн тусын. Сонда ғана керегеміз кең, бірлігіміз бекем болады, бауырлар.


Кеңшілік ТЫШХАН,

дінтанушы


 




Көрілген: 952    Пікірлер: 0

бейсенбі, 28.03.2019, 15:17

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    6 Шілде, 17:17
    Қажылық және умра
    1 Шілде, 20:56
    Ең осал адам кім?
    20 Маусым, 13:46
    Аса қауіпті түн!
    3 Маусым, 17:09
    Ер мен әйел тең бе?
    26 Мамыр, 17:08
    Тағдыр мен қаза
    22 Мамыр, 18:41
    Ниет деген не?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31