Семейдегі Абай мұражайы Астанаға келді. Елордадағы Қазақстан-Ресей университетінде «Абай әлемінен» атты көрме ашылды.
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы қызметкерлерінің хабарлауынша, көрме университеттің «Абайтану» ғылыми-танымдық орталығында ашылып отыр. Көрме сөрелерінен мұражай қорында сақтаулы тұрған архивтік құжаттарды, қолжазбаларды, сирек фотосуреттерді, Абай шығармаларының әр жылдардағы басылымдарын, ұлы ақын шығармаларының шет тілдердегі аудармаларын көруге болады. Көрменің ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің тарихи-мәдени мұра басқармасының бастығы Базарбай Әлтаев қатысты.
Абай мұражайының директоры Жандос Әубәкірдің айтуынша, көрменің мақсаты – Астана қаласы жұртшылығына Абай шығармашылығын насихаттау, оқушы, студент жастардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттыру. Шараның алғашқы күні көрермендер ұлы ақынға қатысты көрмені үлкен қызығушылықпен тамашалап, құнды жәдігерлер тарихына тәнті болды.
Көрілген: 2151 Пікірлер: 0