Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілдерінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ШАҢ БАСТЫ (құқықтық салт). Ертеректе ел ішіндегі тәртіп бойынша бөтен адамдар біреудің меншігіндегі жерді рұқсатсыз басып та, тартып та ала алмаған. Ол кезде меншікті жердің бақылаушы-күзетшілері болған. Ал жолаушылар болса жақын маңдағы ауылға соқпай, ол елдің үлкендерінен амандық-саулық біліспей, ел ішіндегі жаңалықтарды жеткізбей өтпейтін болған. Ал бұл тәртіпті бұзған адамдар ұры, қарақшы және күдікті деп саналған. Мұндай жағдайда ел, ауыл басқарушылары ондай адамдарды ұстатып алып, тергеп-тексеріп, айып та салатын болған. Мұндай заңды еліміз «шаң басты» жазасы дейді. Демек, ол кезде ауыл тұсынан шаңдатып өту де әдепсіздік болып есептелген. Ертеде елімізде тәртіп заңдарының қатаң әрі әділетті болғанын осыдан-ақ байқауға болады. «Шаң басты» дәстүрінің екінші түрі де бар. Мысалы, басқа біреудің жерімен өз малын айдап өткен адамдар жер иесіне өзінің малының көлеміне сәйкес төлем (мал) берген. Оны «шаң басты» салығы немесе төлемі деп атаған.
ШАҢЫРАҚ ТҮЙЕ (дәстүр). Ұзатылып келе жатқан қыздың және оның жанындағы әйелдердің (шешеci, жеңгесі немесе cіңліci) мініп келе жатқан көлік «шаңырақ түйе» деп аталады. Және ол көлік келін үшін ыстық, қасиетті болып саналады. Бұған жолшыбай кездескен немесе бөтен адам мінбейді. Егер міне қалса, оны көрген жұрт «пәленше келіннің шаңырақ түйесіне мініп келді» деп келемеждеп, кемсіткен. Ертедегі салтта көште үлкен шаңырақ жеке түйеге артылып, әлдімен жүреді екен. Оған адам мінбей, атпен жетелейтіндіктен «шаңырақ түйе» деген сөз осыдан шыққан.
ШЕК БЕРУ (дәстүр). Қазаққа ислам діні арқылы кірген дәстүрдің бірі – шек беру. Ораза және құрбан айты алдында мал сойылып аруақтарға бағышталатын дұға. Шек беретін үй бұған жақын-жуық, көрші-қолаң, қарт адамдарды шақырады. Мұнда олар ата-аналарын, өздері білетін туыс аруақтарды еске алып, олардың есімдерін атап құран оқиды, қол жаяды. Бұл дәстүр әлі де сақталып келеді.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062