Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
• Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса – елге белгілі азамат болып өседі, бүк түсіп ұйықтаса – уайымшыл, жігерсіз болып шығады, етпетінен жатып ұйықтаса – ойшыл болады. Егер аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса – болашақта батыр болады, бұл – кемеңгерліктің белгісі.
• Шөбересінің алақанынан су құйып ішкен қарт жұмаққа барады.
• Бесіктің бас жағына пышақ, қайрақ, қамшы қояды немесе үкінің тұяғын, кірпінің терісін, жыланның бас сүйегін тағады. Мұндайда шайтан, жылан, жәндік, тышқан келмейді деп жорыған.
• Тілдің ұшын жесе – сүйреңдеп сөйлей беретін болады деп ырымдаған.
• Нәрестенің иткөйлегін далаға тастамайды. Олай жасаса, сәбиге сырқат жұғады.
• Сәбидің бақыты иткөйлегін кигеннен басталады.
• Сыңар аяқкиім киген баланың әйелі ұры болады.
• Киімнің түймесін айқастырып салса, қуанышты хабар келеді. Ілулі тұрған киімнің түймесін салмайды.
• Аяқкиімді оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан шешеді.
• Қонаққа келген сәбиге көгендік береді немесе киім алып береді.
• Шалбарды отырып оң аяқтан киеді, сол аяқтан шешеді.
• Киім сатып алғанға «Киімің күйрек, жаның берік болсын!» деген тілек айтады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062