Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілдерінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық.
АУШАДИЯР (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жай өлең емес, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар өзіндік айтылар ән. Көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, сән-салтанат, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек, бұл қазір Қазақстанда айтылмайды, халық жадынан өшкен десек те болады. Үйлену тойы үстінде айтылатын аушадияр:
Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар.
Ақ шалмалы би болар.
Аушадияр екі дер,
Ержеткеннің еркі дер.
Омырауы толған он түйме
Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Өле-өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім-тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет-салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ, мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062