Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер мемлекеттік театры Қызылорда қаласына гастрольдік сапармен барады. Сыр жұртшылығы Лидия Кәден, Гүлжамал Қазақбаева, Жақсыбек Құрманбеков, Күлжәмила Белжанова, Жомарт Зейінәбіл, Әсет Иманғали, Жанар Мақашева, Рахман Омар және басқа да танымал әртістердің өнерін тамашалай алады.
Театрдың баспасөз бөлімінің хабарлауынша, өнер ұжымының Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық драма театрындағы күндері қазанның 21-26-сы аралығында өтеді. Жергілікті театрсүйерлер назарына Мұхтар Әуезовтің «Ай-Қарагөз» трагедиясы, Саид Ахмадтың «Келіндер көтерілісі» комедиясы, Иран-Ғайыптың «Фатима» қасіретнамасы, Жұмагүл Солтиеваның «Сағым қуғандар» мистикасы, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы және Иісбек Әбілмәжіновтің балаларға арналған «Ер көжек» музыкалық ертегісі ұсынылады. «Көрерменнің театрымыздың дарынды актерлері, талантты әншілері мен мың бұралған бишілерінің өнеріне тәнті болары анық. Қызылорда қаласындағы өнер сапарымызды табысты өткіземіз деген сеніміміз мол», – деп хабарлайды Ғ.Мүсірепов театрының баспасөз бөлімі.
Көрілген: 1884 Пікірлер: 0