Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы премьераға шақырады. Қарашаның 28-і күні Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы мен Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр реквием жанрындағы тұңғыш қазақстандық туындыны орындайды.
Филармония өкілдерінің айтуынша, Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, белгілі композитор, музыкант Балнұр Қыдырбектің бұл шығармасы бірлік, бейбітшілік пен рухани келісім, дінаралық жарасым идеясына негізделген. Ол осы жанрдағы талай туындыдан көпқырлылығымен, қазақ халқына тән дүниетанымдық әралуандықпен ерекшеленеді. Батыстың реквиемдері шіркеудің марқұмға арналған дұғаларымен шектелсе, Қыдырбектің шығармасында католик мессасы, православ мақамдары, будда әуені, мұсылман ғибадаты, Құран сүрелері, көнетүркілік-тәңіршілдік жалбарынулар, жалпы адам баласының жаратушыдан игіліктер мен жарқын да бейбіт өмір тіленуі, бәрі-бәрі бар. Симфониялық оркестр, хор мен оның солистері қазақ халқының бірнеше ғасыр бойы бейбітшілік пен азаттық, бірлік пен татулық аңсап ғұмыр кешкенін бейнелейді. Дирижерлер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов пен халықаралық байқаулардың лауреаты Ерболат Ахмедияров. Солистер: Жадыра Аманова, Дина Хамзина, Дархан Жолдыбаев және Талғат Күзембай.
Көрілген: 1547 Пікірлер: 0