Алматыда Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков туралы тұңғыш деректі фильм көпшілікке таныстырылады. Жаңа фильм – «Алматы» телеарнасы қызметкерлерінің еңбегі.
Деректі фильмге Қайраттың түрмеде отырып жазған хаттары, сақталған азын-аулақ мәліметтер мен ол туралы естеліктер негіз болған. Тележурналистер Рысқұлбековтің өмірі мен ерлігіне қатысты деректерді саралай отырып, Желтоқсан оқиғасының шындықтарын мейлінше жаңғыртуды көздейді. Халық Қаһарманы жайлы фильм желтоқсанның 13-і күні сағат 10.00-де «Цезарь» кинотеатрында көрсетіледі. Шараға батырдың туыстары, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары мен куәгерлері және зиялы қауым өкілдері қатысады. Қайрат Рысқұлбеков 1966 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1983 жылы орта мектепті тәмамдаған соң әскер қатарына алынады. 1986 жылдың тамызында Алматы сәулет-құрылыс институтына оқуға түседі. Арада бірнеше ай өткенде Желтоқсан оқиғасы болып, бірінші курс студенті отаршылдық жүйеге қарсы тұрған қазақ жастарының алдыңғы легінде қайсарлық танытты. Түрмеге қамалғаннан кейін тәртіп сақшылары оны сотталғандардың бірінің өлімін мойнына артады. Алдымен ату жазасына, кейін 20 жыл бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген ол Семейдегі абақтыда құпия жағдайда қайтыс болды. ҚР Жоғарғы соты Пленумының 1992 жылғы 21 ақпандағы шешімімен Қайрат Рысқұлбеков толық ақталды. 1996 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Батырдың құрметіне «Аллажар» атты көркем фильм түсіріліп, есімі көшелерге берілді, еліміздің әр аймағында оған арналған ескерткіштер мен мұражайлар ашылды.
Көрілген: 2021 Пікірлер: 0