Биыл Award.kz ұлттық интернет-сыйлығы тағы бір номинацияға көбейді. Енді еліміздің үздік сайттарының қатарында интернет-дүкендер арнайы марапатталатын болады.
Бұл туралы кеше байқауды ұйымдастырушылардың Алматыда өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтылды. Award.kz-тің технологиялық демеуші компаниясының директоры Софья Носкованың айтуынша, «Интернет-дүкендер» атты жаңа номинацияға бірден 40 электронды сауда орнынан өтініш түсіп, олар қабылданды. Биылғы байқаудың тағы бір жаңалығы – қазылар алқасының 50%-ға жаңарғаны. Еліміздің үздік сайттары қарашаның 29-ы күні салтанатты жағдайда жария етіледі. Биыл ұлттық интернет-сыйлық 11-рет ұйымдастырылып отыр. Былтырғы жылдың үздіктерімен қатар онжылдықтың да үздік сайты анықталған еді. Бұл атақ «Масс-медиа» номинациясы бойынша екі жыл қатарынан жеңімпаз атанған Tengrinews.kz порталына берілген болатын. «Алаш Медиа Групп» холдингіне қарайтын бірнеше интернет-ресурстың бұл жолы да біраз номинация бойынша байқауға қатысып жатқанын еске саламыз.
Константин Горожанкин, «Award.kz Ұлттық интернет-сыйлығы» қоғамдық қорының директоры:
– Биылғы байқау алдыңғыларға қарағанда өте қиын болды. Ұйымдастыру комитетінің бірқатар тұрақты мүшесі кетіп қалды. Сол себепті жұмысымыз екі есе ауырлады. Бірақ командамыз өз міндетін абыройлы атқарды, қарашаның 29-ы күні марапаттау салтанатын көңілді етіп өткізуге уәде береміз. Оған дейін интернет саласы білгірлері үшін дәстүрлі IProf конференциясы өткізілетінін еске салғым келеді.
Көрілген: 1970 Пікірлер: 0