Нарық

4 млрд-қа алаң салған Архимед, баспана салуға 900 млн таппай отыр...

  • © abai.kz

    © abai.kz

Жалпы, менің пайымдауымша біздегі футбол деген дүние спорт емес, облыс әкімдерінің өзгелерден «крутой» екендігін ерекше айқындап тұратын өзіндік бір көрсеткіш секілді. Өзінің мықты екендігін бүкіл елге паш ететін бұл мақсатта іштарлық жасамайды. Бюджет ақшасын өз байлығы деп түсінетін олар есептеп жатпайды. Миллиондап емес, миллиардап жұмсайды. Өйткені оларға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ. Сосын, әрине, білгенін істейді, көргенін жасайды.


Мысалы, біздің «Тобол» футбол клубын алып қаралық. Оның жылдық бюджеті 3 миллиард теңгенің маңында көрінеді. Клуб жетекшілері осылай дейді. Нақты көлемін айтпайды. Ол 2 миллиард 900 мың теңге ме, әлде 3 миллиард 200 мың теңге ме, мүлдем құпия. Соған қарағанда бізде бұл цифрлар көз алдау секілді. Әйтпесе бұл клубқа жылда қанша ақша жұмсалатындығын білмеу мүмкін емес. Әлде бюджеттен құйылып жатқан қыруар ақша тым көптігінен оның есебін жүргізбей ме екен? Солай секілді. Өйткені мұнда негізінен келімсек ойыншылар көп. Ал олардың айлығының қанша екендігін біз білмейміз. Тек тым қомақты екендігін ішіміз сезеді. Мұның құпиясын бір кездерде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қана ашық жариялаған еді. Сонда мұншалықты қомақты айлықты естіп, құлап қала жаздағанбыз. Бұл «ерлікті» біздің әкіміміз Архимед Мұқанбетов қайталай алмады. Ол түгілі журналистер жыл сайын қайта-қайта мазалай берген соң, тек биыл ғана «Тоболдың» «май шелпегінің» қандай екендігін сол клубтың директоры Панин мырза амалсыз жариялауға мәжбүр болды.


Біз неге бұл клубтың ақшасын есептеп, соншалықты тиын санап, тым шұқшиып отырмыз. Оның да өзіндік сыры бар. Біріншіден, біз мұндай миллиардаған теңгенің бюджеттен алынған соң, оның қаншалықты дұрыс әрі мұқият жұмсалатындығын бақылап отыруды өзімізге парыз санаймыз. Өйткені ол - халықтың ақшасы. Мына сіз бен біздің маңдай терімізбен тапқан табысымыздың бір бөлігі. Ендеше оның қаншалықты қайтарымы болатындығын сараптап отырсақ, оның ешбір айыбы жоқ. Ал біздің «Тоболда» оған соншалықты көңіл бөлмейтін секілді. Мәселен, жақында ғана біздің клубқа ат басындай алтын бергендей етіп, Сибаи Сенин деген біреуді алды. Мақтауын жетістірді. Клуб басшыларын тыңдап отрсаң, бұл жігіт тіпті атақты Пеледен де асып түсетін көрінеді.Сондықтан да одан аянып қалмапты. Өткенде «Tranfermark» деген порталдың жазуына қарағанда бұған анау-мынау емес, жарты миллион евро жұмсалыпты. Рас, кейін «Тоболдың» директоры Николай Панин «бұл қате жазылған. Оған жарты миллион емес, небәрі 50 мың доллар ғана төленді» деп шыр-пыр болып жатыр. Бейне бір 50 мың доллар айтуға тұрмайтын, ұсақ-түйек бірдеңе секілді. Ал енді мұны өз теңгемізге шақсақ, сол анау-мынау емес тура 20 миллионға жақындап қалады. Әрине, бұл жылына миллиардтап ақша жұмасалатын біздің «Тоболға» айтуға да тұрмайтын ұсақ бердеңе шығар.



Сибаи Сенин деген мықтың осы...


Ал шындығында да осы Сибаи дегенің кім? Біздегілердің төбесі көкке жететіндей шаттанатын реті бар ма? Бірден ашығын айтайық, бұл қара баламыздың өзгелерден асып бара жатқан түгі жоқ, қатардағы аяқдопшылардың бірі. Википедияны ашып қараған жан мұны бірден аңғарар еді. Сибаи деген сабазың ең болмаса Еуропаға белгілі мықты клубтардың бірінде ойнап, атағы шыққан футболшы болса бір сәрі. Африкадағы екінің бірі біле біле бермейтін, картадан да бірден таба алмайтын Кот-д-Ивуар деген елінен шыққан бұл сабазыңның ойнамаған клубы жоқ көрінеді. Алдымен доп тебуді өз елінде бастаған ол Молдованың «Саксон», Румынияның «Астра» командасында жақсы ойын көрсетіп, көзге түсе алмай, ақыры 3 матчқа ғана шыдаған. Сосын Белоруссияның «Слуцк» командаларында доп теуіп, ақыры Ресейдің «Балтика» мен «Тамбовқа» келіп табан тіреген. Соңғы аздап тұрақтаған мекені осы «Тамбов». Бұл «мықтының» тәртібі де шамалы көрінеді. Ол «Балтикада» жүргенде тәуір өнер көрсеткенімен 5 сары және 3 қызыл карточканы «иеленген». Ал «Тамбовта» тағы да өзінше «мінез» танатып, тек жарты маусымда ғана тағы да 5 сары және бір қызыл карточка алған. Айтпақшы, соңғы «Тамбовтан» кеткені үшін ол сол клубқа 50 мың доллар төлеген. Жоғарыдағы Николай Панин айтқан ақшасы тек шығар. Демек, журналистердің «Тоболдың» қайдағы бір ортаңқол футболшы үшін жарты миллион евро жұмсапды» дегені шын болып шықпасын. Енді мұның атын бюджет ақшасы ешбір есепсіз, орынсыз жұмсалады дегенде осындай жайтты айтамыз дағы.


Бұл клубқа бюджет есебінен қаншама мырзалық танытқанымен одан мүлдем қайтарым жоқ. Оны айтасыз «Тобол» жыл сайын қарызға белшесінен батып, шығыннан көз ашпай келеді. Оған бөлінетін ақшаны жыл сайын еселеп өсіргендігіне қарамастан, одан пайдадан көрі зиян басым. Мәселен, «Тоболдың» тек 2016 жылы тартқан зиянының өзі 339 миилион теңге құрады. Содан бері бұл клубты жеке меншіктің қолына беріп, құтылуға тырысқанымен ештеңе өнбеді. Үш рет саудаға шығарылғанымен, оны алатын кәсіпкер табылмады. Міне содан бері бюджеттің мойнынан түспей келеді.


Жалпы өзге жақты білмеймін, ал біздің «Тоболдың» құрамында негізінен сырттан шақырылған легионерлер ойнайды. Мұнда бапкер дегенің ешбір құттаймайды. Тіпті оларды жыл сайын ауысады десек, артық айтпаспыз. Өзгесін былай қойғанда тек соңғы соңғы 10 жыл ішінде 12 бірдей бапкер ауысып, Гиннес рекортар кітабына еніп кеткендей болдық. Ал енді Сергей Масленов пен Дмитрий Огай дегенің бұл қызметке бір емес, екі рет келіп кеткен. Басшылық құрамның да оңып тұрғаны жоқ. Осындағы 26 бірдей адамның ішінде жылғыз ғана қазақ бар. Ол елімізге белгілі мықты ойыншының бірі Нұрбол Жұмасқалиев деген азамат. Оның өзі де аты да, заты да белгісіз спорт жөніндегі директор көрінеді. Ал осындай шебер ойыншы, бұл спорттан мол тәжірибе жингаған Нұрбол тұрғанда бапкерлікке көрші Ресейдің тумасы, кейін «Ақтөбе» клубында бапкерлік еткен Владимимр Газзаевты шақырдық. Сірә, қазаққа бұл орынды қимаса керек. Әйтпесе, Нұрбол секілді спортшының өзі секілді футболшыларды баптай алмайды дегенге ешкім де сенбейді.


Алайда айтайын дегеніміздің ең бастысы, ең маңыздысы бұл емес. Барып тұрған сорақысы бұл клубтың басшылығы өздеріне жергілікті кадр дайындауға мүлдем көңіл бөлмейді. Оны өздеріне артық жұмыс санайтын секілді. Әйтпесе осындағы барлық 39 ойыншының ішінде жергілікті жердің түлдегі тек біреу ғана. Ол Сұлтан Бұсырманов деген азамат. Оның өзі де негшізігі ойыншы емес, қақпашы ғана.


Енді біздегі басты сұрақ мынадай. Егер жыл сайын бюджет есебінен миллиардаған қаржы құйылып жатқан командада жергілікті жердің қара домалақтары болмаса, егер осындағы жеткіншеткерді баулуға ешбір көңіл бөлмей, оларды сыртқа қалдырып, бүкіл ойыншыларды сырттан шақырса, мұндай команданың қаншалықты қажеті бар? Бәріміздің көңілімізді күпті етіп жүрген бұл жайттан осы команданың жалғыз қожайыны Архимед Мұқанбетовтың мүлдем хабары жоқ па? Әлде ол да жергілікті кадрлардан сырт айналуды жөн көрді ме екен? Сонда ол «Тоболдың» тек қана спортта жетістікке жеткендігін ғана місе тұта ма? Ал мұндағы жұрт өз салығы есебінен шалқып өмір сүріп жатқан командадан «Біздің ақшадан қайтарым қандай? Бұл команданың құрамына өзіміздің қарадомалақтарымыздың енбеуіне не себеп?» деп сұрауға қақысы бар шығар?


Әй қайдам, бұл сауал Архимедті онша ойландыра қоймайтын болар. Әйтпесе ары кетсе еліміздің чемпионатында тек қола медальға ғана қолы жететін осынау ортаңқол командағы облыс орталығында құны 4 миллиард теңгеден асып жығылатын, өзі анау-мынау емес, тіпті тек Ақордадағы «Астана аренадан» кем түспейтін «Тобол арена» футбол манежін салып берер ме еді?



Елде жоқ аренамыз сырт келбеті


Біз, әрине, жергілікті футболды дамытуға мұндай аренанаың мүлдем қажеті жоқ деуден аулақпыз. Пайдасы бар екендігі сөзсіз. Алайда ол қазіргі таңда аса қажетті, онсыз өмір сүре алмайтындай ғимарат емес шығар. Мұндай мол қаржыны бүгінгі күні қаны сорғалап тұрған, жұрттың барлығын алаңдатып отырған аса түйінді мәселеге жұмсасақ, әлдеқайда орынды шығар.


Мәселен, біздегі 5 мыңнан астам баспана мұқтаж отбасылардың бүкіл мәселесін шешу үшін небәрі 900 миллион теңге ғана қажет көрінеді. Үкіметке рахмет жақында ғана облысымызға деп республикалық қаржыдан осыншама қаржы бөліп, көпшіліктің көңілінде үміт отын жақты. Ал құны 4 миллиардтан астам теңге тұратын арена салуға ақша табылады да, әлгіндей баспанасыз сорлап отырған жандарға келгенде пейіліміз тарылып қалатындығын қайтерсіз.


Осыларды көріп отырып, «қайдағы бір келімсектерге қор болған қайран елдің ақшасы» демеске лаж жоқ.



Айтпақшы, осында бапкерлікке шақырған Газзаевымыз Қазақстан фиутболының ойын ережесіне мұрын шүйіріп қарайтын секілді. Жақында «Тобол» мен «Шахтер» клубтараның арасында өтетін ойын алдында ол «Шахтер» клубының бас бапкеріне қол бермей, теріс айналып дөрекілік көрсеткендігі үшін Қазақстан футбол федерацисы 100 айлық есептік өрсеткіші көлемінде яғни 252 мың теңге айыппұл салды. Команданың бас бапкері тек басшы ғана емес, өзгелерге өнеге көрсетуге тиісті тәрбиеші болуға тиісті екендігін ескерсек, мұның өзі ешкімге де абырой әпермейтін қылық екендігі даусыз.


Айтпақшы, бұл ақшаны Газзаев қалтасынан төлей ме екен, әлде «Тоболдың» бюджетіне қол сала ма?


Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz


 




Көрілген: 1397    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.04.2019, 18:12

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30