Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ
Адам капиталын 60 пайыздық межеге қалай жеткіземіз?!
«Егер адамдардың мүддесі үшін адамдар құрған қоғам және оны құрайтындар эмоциялылық тұрғыдан адам деңгейіне жете алмаса, ол қоғам өмір сүруге қабілетсіз. Егер қоғам мүшелерінің көпшілігінің жүректері қоқыстан тұратын болса, онда апатты күте беріңіз…»
(О.Хаксли)
Сонымен, Хакслидің дегеніндей, біздің жүрегіміз қоқысқа айналмауы үшін не істеуіміз керек немесе қоғамда жүрегі кең, көңілі дария жандардың үлесін еселеу үшін қандай жайттарды ескерген абзал?!
Негізінен, бұл тұрғысында ғылыми дәлелденген пәлсапа бойынша адамның өзгелерге жақсылық істеп, қоғамға пайдасы тиюі үшін кез келген мемлекеттің адами капиталы берік, ұлттық қауіпсіздігі мығым, халқының мемлекет дамуына деген сенімі нық болуы қажет. Бұған қоса адам капиталын құру үшін материалдық қаражат жеткіліксіз, ол үшін капиталды иеленушінің еңбегі, сонымен қатар отбасы мен қоғамның рухани және мәдени салымдары қажет.
Жалпы, қазірде әлемдік ғалымдар адам капиталын дамыту турасында әрқилы идеяларды ортаға салуда. Қайсыбір сарапшылардың пайымдауынша, кез келген мемлекетте адам капиталы 60 пайыздық межеге жеткенде ол мемлекет өзінен-өзі дамымақ. Ал бұл тұрғыда біздің көрсеткішіміз қандай?! Адам капиталын дамыту мақсатында отандық идеялар легі қалай жасақталуда?! 60 пайыздық межені бағындыруға ықылас-бейіліміз қаншалықты?! Бүгін біз «Алаштың идеялар банкін» пайдаланып осы ретте сараптауды жөн көрдік...
Өмір сүру сапасын жасарту керек
Адами капиталды дамытудағы ең бірінші қадам, ол – адамның өмір сүру ұзақтығы және мемлекеттің жас ұрпақпен толығып отыруы. Сауатты адам капиталын жасау үшін ең маңыздысы – осы. Адам өмірінің ұзақтығы жайында өткенде ғана ұлтымыздың денсаулығына жауапты денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова ханым: «Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 2011 жылы – 69,01 жас, 2012 жылы 69,6 жасқа артып, 0,59 жылға өсіп отыр», – деген-ді. Ресми мәліметтер бойынша Қазақстандағы 65 жастан асқан тұлғалар саны 1,1 миллион адамды немесе тұрғындардың жалпы санының 7,14 пайызын құрайды. Ең қызығы сол: БҰҰ сарапшылары Қазақстанды тез қартаюшы мемлекеттер қатарына жатқызады. Олардың болжамы бойынша 2050 жылы республика тұрғындарының 25 пайызын қарт адамдар құрайды. Ал мамандар «қартаюшы ұлт болудан қорыққан абзал» деседі.
Камал ОРМАНТАЕВ, ҰҒА академигі:
– БҰҰ тегіннен-тегін Қазақстанды қартаюшы мемлекеттердің қатарына қосып отырған жоқ. Ресурстық қоры мол Қазақ елі үшін адам капиталын сауатты қалыптастыру идеясының бір бөлігі – бала туу көрсеткішін көбейту. Егер БҰҰ мамандары болжап отырғандай, 2050 жылы елімізде қарттардың көрсеткіші 25 пайызға жетсе, онда бұған шынымен алаңдауымыз керек. Қарттық деңгейінің өсуі мемлекетімізде еңбекке қабілетті адамдардың көрсеткішінің төмендеуіне апарып соғады. Мысалы, қазірде біз «қазақ ғылымы қартайып барады» дегенді жиі айтамыз. Расымен де, біздің қазақ ғылымында еңбек етіп жүргендердің дені – 50-60 жасты құрайтындар. Ғылымда жастардың қарасы тым аз. Сонда өзіңіз ойлап қараңызшы, қартайған жеміс ағашынан жас ағаштың берері мол емес пе?! Демек, біз үшін қай салада болсын жастардың жасақталуы өзекті. Бұл адам капиталының сауатты қалыптасуына оң ықпал етеді. Сондықтан өмір сүруді жасарту – адам капиталын ұлғайтудың бірінші қадамы. Егер біздің мемлекетімізде жастардың қарасы өсер болса, онда елімізде еңбек белсенділігі, білім алуға деген құлшыныс, іскерлік қарым-қатынастардың нығаюы артады. Демек, қарттардың орнын үнемі жастар басып отыратын болса, бұл да – бір құндылықтың сақталуы іспетті дүние. Сондықтан нақ қазір біз үшін бала туу көрсеткішін өсіріп, өмір сүруді жасартқан жөн.
Жапондардың «Z теориясын» ескерсек...
Негізінен, адам капиталына қатысты тағы бір ескерілуі тиіс дүние, бұл – еңбек өнімділігі. Сарапшылардың пайымдауынша, адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға өсіреді. Ескеретіні сол: соңғы онжылдықта әлемдік экономика адам ресурсы есебінен дамуда. Бұл ретте мамандар «Шығыстың тез қарқынмен дамыған елдері адам ресурстарын дамыту мен компанияны және жалпы экономиканы тиімді басқарудың жаңа механизмдерін дайындауда тұрғылықты халықтың мәдениетін (тіл, дәстүр, менталитет) кеңінен пайдалану арқылы қол жеткізді. Мысалы, Батыстың индивидуализміне кереғар, Шығыс халықтарының менталитетіне тән Жапонияның «Z теориясы», яғни компанияны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырды» деседі.
Расымен де, халқы тығыз әрі табиғи ресурсқа кенде Жапон елінің ешбір ресурссыз алып державаға айналғаны біздің көзімізді қызықтырады. Ал бұл ел мұндай әлеуетке қалайша қол жеткізді дегенге келсек, мамандарымыздың дені «Жапонияның өндірісті басқарудағы «Z теориясы» кез келген ел үшін сабақ бола алады» дейді.
Жұмаділ БАЙҒҰНШЕКОВ, техника ғылымының докторы, профессор:
– Жапония табиғат байлығын тиімді пайдаланды. Елдің аралда орналасуы әрі көптеген аса ыңғайлы табиғи порттарының болуы жапондарға британдықтар секілді халықаралық саудада артықшылықтар алып келді. Таулы өлке мен ерекше климаттық белдеуі мол жаңбырдың жаууын қамтамасыз етті. Өз нәтижесінде бұл гидроэлектрстансыларына серпін берді. 1960 пен 1970 жылдарға дейін жапондар электр энергиясының негізгі бөлігін солардан алды. Елдің болат экспортын арттырған — сол гидроэлектр қайнақтары. Тіпті қазірде мұнай тұтынушылардың алып үштігін тамамдайтын Жапонияның аз да болса өзінің мұнайы бар. Жапон елі жоспарлы түрде «Z теориясын» қолданды. Осыған орай әрбір өндіріс орнын ұжымдық басқару арқылы дамытты. Тұтастай алғанда, жапондар өзіндегі табиғи байлығын адам ресурсын дамытуға жұмсады. Нәтижесінде, энергия көздері ауысқанда еш зардап шекпеді. Олар елдегі ең басты ресурс адам екенін ерте түсінді. Мысалы, жапондарда өз теориялары бойынша жұмысшылары мен менеджерлері білімін нақты жұмыс орнында әрі қарай шыңдайды. Оларда қызметкерді жан-жақты шыңдау, дамыту кез келген компанияның қасиетті борышы саналады. Компаниялар шетелге оқуға қызметкерлерін аса көп мөлшерде жібереді. Жоғары позициядағы менеджерлер де тұрақты тестілеуден өтеді. Ғылыми-зерттеулердің ошағы да – сол компаниялар. Ғылыми жаңалықтардың негізгі бөлігі университеттерде емес, компанияларда жасалады. Көптеген компанияның жеке ғылыми лабораториялары бар. Міне, бізге де жекелеген компанияларда еңбек өнімділігін арттыру үшін, адам капиталы өз жемісін беруі үшін осындай арнайы теория қалыптастырған жөн. Біз түбегейлі инновациясы дамыған ел болуы үшін әрбір өндіріс орындарына осындай міндеттемелер жүктегеніміз жөн. Олай етпесек, еңбек өнімділігі де, жұмысшылар белсенділігі де артпайды.
Ауылға акционерлік қабілет беру керек
«Ақиқатында, адам капиталын сөз еткенде медиатехауыл мәселесін тасада қалдырмауымыз керек» дейді мамандар. Бұл ретте біз тілдескен сарапшылардың дені ауылдық жерде адам капиталының жоғары көрсеткішіне қол жеткізу үшін алдымен ауылға акционерлік қабілет беру керек екенін алға тартады.
Жанұзақ ӘКІМ, Халықаралық адам капиталы институтының директоры:
– Елдегі әрбір екінші адам ауыл тұрғыны болғандықтан, адам капиталын дамытуда урбанизацияны сауатты жүргізу, тұрғындардың білімге және кәсіпкерлікке араласуына жағдай жасау, халықтық IPO-ны жүргізгенде акцияларды қала-ауылға 50х50 бағытымен тең бөлу мәселесі қарастырылуы керек. Егер біз болашақта ауылдың акционерлік қабілетін арттырар болсақ, бұл ауыл индустриясының дамуына оң ықпал етпек. Демек, адам капиталын дамыту бағдарламасын жасақтау, бұл ретте ауыл-аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеріп, ауылдағылардың жекелеген акциялармен жұмыс істеуіне мүмкіндік ашу ауыл тұрғындарының еңбек өнімділігін арттырады. Бірақ біз еліміздегі 7000-нан аса ауыл мен сол жерлерде тұратын ел халқының 45 пайызы экономиканың дамуынан қалып келеді. Сондықтан медиатехауыл деңгейіне жету үшін алдымен ауылдың кәсіпкерлік, акционерлік қабілетін арттырған жөн.
Тұрақтандыру қорлары қажет
Абзалында, бір ғана саланың тұрақты дамуына қарап, елдің бәсекеге қабілеттілігін анықтауға әсте болмайды. Мысалы, бүгінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 10 пайызға артып келеді. Бірақ бұл елдің абсолютті дамуының көрсеткіші емес. Бұл ретте экономист-сарапшы Тоғжан ШАЯХМЕТОВА:
– Елдің жан-жақты дамуында өндірістің алатын орны ерекше. Қоғам тұрақты дамуы үшін адам капиталының рөлі 60 пайыздан жоғары болуы қажет. Соңғы деректер бойынша, Ресейде адам капиталы 11 пайыз ғана екен. Бізде нақты деректер жоқ, шамамен алғанда 8 пайыз деп жорамал жасауға болады. Дамыған елдерде адам капиталы 64 пайызға дейін жетеді. Бізге болашақта адам капиталын кем дегенде 6 есеге көбейту керек. Қазір біздің адам капиталымыз 8 болса, қалған капиталымыздың 90 пайызы – шикізаттың еншісінде. Шикізатты қоспағанда, соңғы үш жылда өндіріп, экспортқа шығарған тауардың үлесі 14 пайыздан 10 пайызға төмендеді. Мұнай өндіру саласына келсек, бұл – халыққа емес, олигархтарға қызмет ететін сала. Бұған әлемдік тәжірибе нақты мысал бола алады. Жылына 400 миллион тонна мұнайды экспортқа шығарып сататын Біріккен Араб Әмірлігінде халықтың 70 пайызы сауатсыз. Сондықтан тек қана мұнай шикізаты арқылы дами алмаймыз. Елде барлық сала жан-жақты дамуы керек. Қазір ОПЕК-ке мүше Нигерия, Венесуэла сияқты елдердің барлығының да дамуы кенжелеп қалған. Мұнайды тиімді пайдаланып отырған бірден-бір ел – Норвегия ғана. Бұл елде әр адам үшін тұрақтандыру қорлары жасалған. Сондықтан болашақта адам капиталын дамыту үшін әр адамға тұрақтандыру қорларын құру жоғарыда аталған мәселелерді шешудің түйіні болмақ, – деп ой түйіндеді.
Өзге елдердегі идеялар өзегі
Жалпы, дамушы елдердің дені адам капиталын дамыту үшін алдымен ғылымына, денсаулығына қаражатты мықтап бөледі екен. Мысалы, БҰҰ-ның даму бағдарламасының (ПРООН) дерегі бойынша, Еуропаның экономикасы дамыған елдеріндегі денсаулық пен білімге жұмсалатын қаржы ЖІӨ-нің 8,1 пайызын және 8,5 пайызын құрайды. Еуропа елдеріндегі денсаулыққа бөлінетін орташа қаржы АҚШ-пен (6,5 пайызға) шамалас 6,44 пайызға тең. Әлемде денсаулыққа орташа ЖІӨ-ге шаққанда 5,5 пайыз қаржы бөлінеді.
АҚШ, Жапония, Швейцариядағы жалпы капиталдың 80 пайызы – адам капиталының үлесінде. Қазіргі кезде дамыған елдердегі экономикадағы белсенді азаматтардың 50 пайызы, АҚШ тұрғындарының үштен екісі ой еңбегімен айналысады.
Дамыған елдердегі барлық капиталдың ішінде адам капиталының үлесі орташа 75 пайыздан артық болса, біздің елдегі бұл көрсеткіш 8-10 пайыз. Сондықтан бізге адам капиталы үлесін 5-6 есе өсіру міндеті тұр.
Бұл айтылғандарға қоса дамыған елдер өздерінің қарттарына да барынша жағдай жасауға, олардың да адами капиталды өсіруге ынта-ықыласын арттыруға ден қойып отыр. Мысалы, Шығыс Еуропа мемлекеттеріндегі бағаның өсуі мен өмір құнының артуы зейнетақының нақты деңгейіне байланысты қарастырылады. Польшада орташа зейнетақы 200 евроны немесе орташа жалақысының 45,9 пайызын құрайды. Венгрияда зейнетақы орташа жалақының 40 пайызын құраса, Чехияда орташа жалақы 680 долларды құрайды, ал зейнетақы 600 долларды құрайды.
Міне, адам капиталын дамытуда өзге елдердегі идеялардың өзегі алдымен –денсаулыққа, бұдан соң – ілім-білімге, одан соң зейнетақыға назар аудару керектігін айқындайды. «Бұдан сабақ алуға болады» деседі мамандар.
Тақырыпқа тұздық
Нәдір НӘДІРОВ, Ұлттық Ғылым академиясының академигі:
– Адам капиталы – негізгі байлық. Өйткені ғылыми үдерісті, тілді, ғылымды, қоғамды дамытатын адам баласы екені даусыз. Сондықтан да барлық бағдарламаның бастауында адам капиталы тұруы керек. Мысалы, Израильді алайықшы, даласы құм, табиғи байлығы да өте аз. Соның өзінде сүт өнімін шығаруда 40-тан аса тағам жасап, ауыл шаруашылығындағы ең жоғарғы технологияларды қолдануда. Мұнайы да, түсті металы да жоқ Жапония адам капиталының арқасында дамыған. Сондықтан адам капиталы бірінші орында тұруы қажет. Бізге Тәуелсіздік ала саласымен адам капиталын дамытатын институттар құрып, бұл бағыттағы шаруаларды бірден қолға алу керек еді. Биылғы жылы елімізде «Халықаралық адам капиталы институты» ЖШС құрылып отыр. Сол институттың құрылуы арқасында «Адам капиталын дамыту бағдарламасы – жол картасы» жобасы даярлануда. Кеш те болса, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық Ғылым академиясы басшылары Халықаралық адам капиталын дамыту институтын ашты. Меніңше, осы институттың, олар қолға алған жобалардың келешегі зор. Оны дамыту үшін қаржы қажет. Сондықтан мемлекеттің араласқаны жөн.
Адам капиталын дамыту үшін әр адамды қамтитын тұрақтандыру қорларын құру қажет пе?
Сапабек ӘСІПҰЛЫ, жазушы, ғалым:
Дұрыс...
– Меніңше, сыртқа сатылып жатқан мұнай түсімі есебінен әрбір адамға арналған тұрақтандыру қорларын құру дұрыс. Бұл адамның өмір сүруін жеңілдетіп, адамдардың қоғамды түзеуге, еңбек белсенділігін арттыруға, оқып-білім алуға ынтасы артады. Қазір біздің жеріміздің үштен екісі, яғни 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Ал сол қолайсыз аймақтарда халық тұрып жатыр. Мәселен, АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса әлгіндей тұрақтандыру қорларынан үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Жоғарыда аталған мемлекеттерде тұрғындарға мемлекеттік мекеменің үш деңгейінен көмек беріліп тұрады. Біріншісі – округтік әкімшілік, екіншісі – штаттық әкімшілік, енді бірі – федералды әкімшілік. Байқаған шығарсыз, үшеуі де – мемлекеттік мекеме. Бұл өзге елдерде мемлекеттік деңгейде үш мәрте, яғни 250-300 пайыз мөлшерінде төлемақы берілетіндігін көрсетеді. Тіпті сол шөлейт аймақтарда туған үндістер басқа жаққа қоныс аударып кетіп, туған жеріне қайта айналып келсе, елде тұрмаған жылдардағы өтемақысын даулап алуға құқы бар. Ал бізде мұндай шаралар жоқ. Сондықтан адам капиталы дамысын, оның пайыздық көрсеткіші өссін десек тұрақтандыру қорын құру керек.
Аман ШОТАЕВ, экономист ғалым:
Бұрыс...
– Бізде экономикада теріс шешімдер қабылданып жатады. Біріншіден, оның көпшілігі шенеуніктің білместігінен туады. Мысалы, қыруар қаржы жұмсап азық-түлік тұрақтандыру қорын жасадық, бағаны тұрақтандыру барысында қаншама жұмыс атқардық. Тарифті тұрақтандыру ісіне бел шеше араластық. Мұндай шаралардан азық-түлік қымбаттамай тұрмады. Тариф те бірқалыпты тұрақтамады. Бұл – шындық. Инфляцияны ауыздықтау жалғыз тұрақтандыру мәселесімен шешілмейтініне көзіміз жетті. Ал енді келіп әр адамға арналған тұрақтандыру қорын ашқымыз келеді. Бұл ұсынысты өз басым қолдамаймын. Себебі біз мұнайдан түскен түсімнің бір бөлігін Ұлттық қорымызға жинап отырмыз. Бұл сауатты қадам деп ойлаймын. Ұлттық қорға қаржы жинақтау арқылы біз 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде халықты қиналтқан жоқпыз. Сондықтан мұндай тұрақтандыру қорларын ашқаннан гөрі қаржыны Ұлттық қорға жинау тиімді болмақ. Бұл үрдіс тұтас мемлекеттің дамуына ықпал етпек. Тұрақтандыру қорларын жекелеп ашу туралы пікірді өз басым қолдамаймын.
Бетті дайындаған Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, жеке пошта kokshe.79@mail.ru