Елімізде жоғары оқу орындарына түсе алмағандарға шетелдіктер неге құмар?!
Инженер-техник – тек Қазақстанда, тіпті ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде тапшы мамандық. Мысалы, БҰҰ-ның мыңжылдық даму мақсатын орындау үшін Жер шарының Африка бөлігіне 2,5 миллион жаңа инженер мен техник қажет екен. Дамушы елдерді айтпағанда, ататегінен осы мамандықты мұра етіп келе жатқан, инновациялық экономикасымен жаһанға үлгі Германияның еңбек нарығында бүгінде 14 000 инженерге деген сұраныс қанағаттандырылмай отырған көрінеді. Жылдан-жылға бұл мамандықты дайындаушы факультеттер қатары өскенімен, халықаралық көрсеткіш, керісінше кері тартып, тапшылық пайызы ұдайы өсуде. Осыдан-ақ еңбек нарығында аталған кәсіп иесіне деген таластың қаншалықты жанталасты екенін анық аңғаруға болады.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бұл қызу күрестің айқын белгісін арыға бармай-ақ өзімізден келтірсек дейміз. Өйткені инженерлік істі ілгерілету үшін жас түлектің физика мен математикаға ебі болуы керек. Ал Қазақстан оқушылары физика мен математика пәндері бойынша әлемде ең мықты елдердің ондығы қатарына енеді. Тіпті бір жылдары халықаралық олимпиадада математика пәні бойынша америкалық пен қытайлықтарды ғана алға шығарған қазақстандық оқушылар үшінші орынды иемденген. Осыдан кейін Жапония мен Кореяның мамандары қазақтың генетикасын зерттеуге түбегейлі ден қойысыпты деседі. Мақсаты – қазақ баласының қабілеттілігінің құпиясын анықтау. Бұл – өз алдына талқыланар бөлек тақырып.
Білікті мамандардан мектеп қабырғасынан-ақ қол үзіп қалып жатырмыз
Ж.Шынар, Семей қаласы:
– Менің балам Семейдегі қазақ орта мектебін бітірді. Математика мен физикаға жүйрік болды. Олимпиадада облыстық жүлдені ешкімге бермейтін, үш тілде еркін сөйлейді. Бірақ республикалық сынақта мықтылар көп деседі. Әсіресе арнайы мектептен келгендер. Қалай дегенмен де ұлым Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика-механика факультетіне оқуға түсуді арман етті. Алайда Алматыдан тауы шағылып қайтты. Тәп-тәуір балл жинаған, бірақ ол арадағы таласта оның ұпайы жеңіс әпермепті. Оқу аяқталар тұста мектебімізге Орынбордан келген жұмыс берушілер менің баламның аты-жөнін жазып алып кеткен. «Балаңыз студент болғысы келсе, бізге міндетті түрде хабарласыңыздар» деген еді олар. Хабарластық. Сөйтіп, олар ұлымды Өскемендегі мемлекеттік техникалық университетке оқуға түсірді. Ақысын өздері төлейді. Кейіннен балам оларға келісімшартта белгіленген уақытқа дейін жұмыс істейтін болады.
Қ.Сәуле, Алматы қаласы:
– Балам Есіктегі қазақ-түрік лицейін «өте жақсы» деген бағаға тамамдады. Бірде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті профессорлары келіп, оқушыларды таңдапты. Менің ұлымды ІТ-технология мамандығына ешқандай конкурссыз қабылдайтындықтарын айтқан. Бірақ Санжар ҚБТУ-ға оқуға түскісі келді. Бабы болмады ма әлде басқа себебі болды ма, білмеймін, оңбай сүрінді. «Политехқа бармаймын» деп кесіп айтты. Лицейде таңдаулы оқушының бірі болғандықтан, ол Германияға оқуға жіберілді. Оқу ақысын төлеушілер – түріктер.
Мәрзия, Атыраудан:
– Балам үш тілде еркін сөйлейді, өте қабілетті, есепке жүйрік. Арманы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика факультетіне оқуға түсу. Өйткені оны астрономия, жерден тыс планеталар қатты қызықтырады. Дегенмен сынақтан өте алмапты, баланың беті қайтпасын деп сол факультеттің ақылы бөліміне оқуға түсірдік. І семестрді аяқтаған ол үйге көңілі алабұртып келді. Сөйтіп: «Мама, ол арадан мен білмейтін ақпаратқа қанығамын, белгісіз құпиялардың сырын ашамын дегенмін, алайда мұғалімдердің деңгейі мендей-ақ па деп қалдым», – деді. Бір жылғы оқу ақысы төленіп қойғандықтан, қазір ол білім алуды жалғастырып жатыр, бірақ интернет арқылы бірнеше шетелдік ЖОО-ға емтихан тапсырып жатқанын айтқан. Оны шетелге жібергім келмейді, бірақ бала қалауы солай болып тұр.
Расында, интернет арқылы шетелдің жоғары оқу орындарының тегін грантын жеңіп алушы қазақ балалары баршылық-ақ. Бірде О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінде сабақ беретін мұғалім мынадай жайтты айтып еді: «Біздің оқушыларға шетелдіктер тарапынан талас бар. Әрине, білімді шетелде жетілдірген жақсы-ақ, ондайда мақтанып қаламыз, бірақ сол балалардың көбісі оқуын тәмамдаған соң Отанға оралмайды, себебі отансүйгіштігінің, елжандылығының төмендігінде емес, ол маманға бізде сұраныстың болмауында. Мәселен, компьютер чиптері бойынша инженер. Бізде компьютер жабдықтары жасап шығарылмайды, олар шетелден әкелініп осында құрастырылады». Міне, осы секілді мысал көп-ақ. Өз кезегімізде біз өмірде алынған бұл мысалдар құзырлы ведомство басшыларын бей-жай қалдырмаса дейміз. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, бұл арада қабілетті оқушының қалауын біз емес, өзгенің тауып, қанағаттандырып жатқаны – нақты факт.
Инженерлерді дайындауда орыс жүйесіне көшу керек пе?
Енді инженер мамандарды әзірлеу мәселесіне қайта оралалық. Мына қызық цифрді қараңыз: өткен жылы еліміздегі техникалық жоғары оқу орындарының барлығына жүргізілген сауалнама қорытындысына сүйенсек, ондағы түлектердің тек 38 пайызы ғана өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр екен. Демек, қалған 62 пайызы бұл мамандықты босқа игерген болып шыққан. Ал еңбек нарығындағы қазақстандық кәсіпорындардың техникалық мамандарға деген сұранысын қанағаттандырушы жергілікті емес, Ресей, Беларусь және Украинаның жоғары оқу орындары екен. Сол секілді бізге Еуропадан да жиі мамандар алынады. Кадр мәселесі бойынша сарапшы Людмила Белованың айтуынша, жұмыс берушілердің жергілікті нарықтың ұсынатын мамандарына көп көңілі соға бермейді, оған себеп – біліктің төмендігі, бәсекеге қабілетсіздігі. Осы жағынан алғанда, еліміздегі техникалық ЖОО-лар білім сапасының мәселесі алдымыздан көлденең шығады. Бұл мәселені тек Қазақстанға тән десек, қайтелесеміз. ЮНЕСКО-ның «Инженерлік іс: дамудың мәселелері, қиындығы және мүмкіндігі» атты халықаралық алғашқы баяндамасында: «Білікті инженерлер қатарын көбейтеміз десек, осы мамандықты оқыту бағдарламасына жаңашылдық енгізу керек, білім жүйесін қайтадан қарастыру қажет» делінеді. Мұндай пікірге қазақстандық ғалымдар да қосылады.
Осы негізде сәуір айының басында ҚР Парламентіне, білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловқа, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевқа Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессорлары ашық хат жолдаған. Оған қысқаша тоқтала кетелік: «1876 жылдың өзінде әлемде Ресейдің Императорлық Мәскеу техникалық училищесінің (қазіргі Н.Э.Бауман атындағы ММТУ) білім беру тәсілі озық деп танылған. 1870-1900 жылдарға дейін техникалық мамандарды дайындау жүйесі бойынша бұл оқу орны әлемде бар деген барлық жүлдені қанжығасына байлаған. 1961 жылы Кеңес Одағы ғаламда бірінші болып адамды ғарышқа ұшырады. Сол кездегі АҚШ Президенті Д.Кеннеди орыстың қайыршы инженерлері бізді қалай басып озды деп таңғалады. Ғалымдар орыстың білім беру жүйесінің мықтылығын еске салады. Бірақ АҚШ басшысы «ол жүйеге көшуге бізде артық ақша жоқ» деп кесіп жауап қатады. Бүгіндері де америкалықтар бұл мойындауынан бас тартқан емес. 90-жылдары «Майкрософт» фирмасының вице-президенті Н.Э.Бауман атындағы ММТУ ректоры И.Федоровқа мықты мамандар әзірлеп жатқандары үшін өз ризашылығын білдіреді. Қытай да соңғы кездері зымыран және ғарыш технологиялары саласындағы жетістіктерімен көзге көріне бастады. Ол да Н.Э.Бауман атындағы ММТУ-дің арқасында. Өткен ғасырдың 50-жылдары бұл жоғары оқу орнынан Қытайдың 150 жасы білімін ұштап шыққан. Олардың арасынан зымыран жүйесінің Қытай теоретигі бой көрсетті, кейіннен ол орыс тілінде осы оқу орнында докторлық диссертациясын қорғады. Кеңес Одағы ыдырады, Қазақстан инженерлерді дайындаудың осы озық тәсілін басқаға айырбастады. Ал Американың беткеұстар оқу орындары – Массачусетс және Калифорния технологиялық институттары бүгіндері бұрынғы кеңес жүйесімен мамандар әзірлеп жатқанын баса айта кетелік. Сол себепті орыс ғалымдары жүйені ауыстырарда қатты сөз таласты, барлығы емес, бірақ ондағы бірқатар ЖОО бұрынғы жүйені сақтап қалды. Оның ішінде Н.Э.Бауман атындағы ММТУ да бар. Тәуелсіздіктен бері қанша жыл өтті, бакалавр жүйесі бізге қандай жеміс әкелді?.. Басқасын білмейміз, бірақ техникалық салада бакалавр Қазақстанды сапалы өндірістік өнім шығаратын деңгейге жеткізе алмады, жеткізе алмайды да. Зауыттарда, кәсіпорындарда болдық, көз жеткізгеніміз, бізге бакалаврдан бас тарту керек».
Хаттың авторлары – ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, инженер, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің профессоры Махаббат Түсіпбеков және Н.Э.Бауман атындағы ММТУ-дің түлегі, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дің доценті Жолшара Әлімбай. Бұған бүгінгі білім беру жүйесіне көңілі толмай жүрген басқа да ел академиктері мен ғалымдары қосылатындығына күмәніміз жоқ.