Нарық

Жаңа заң бай-манаптың әмиянын аша ала ма?

Әйтеке бидің «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болып елге пайдаң тимесе, батыр болып жауға найзаң тимесе, елден бөтен үйің күйсін» деп айтқан нақылы бар. Бүгіндері әлемнің көптеген елімен қатар, Қазақстан да осы аталы сөздің бастапқысын экономика дамуында ұстанатын басты қағида етуді жөн көріп отыр. Нақтырақ айтқанда, бұл арада бай-бағландарды ел қазынасын толтыруға заңды тұрғыда міндеттеп, сол арқылы олардың Отаны мен халқы алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесі тілге тиек етілуде. Аталған жайт қоғаммен талқыланып келе жатқанына біршама уақыт болды, әсіресе әлемдік қаржылық дағдарыс екі бүйірден қысқан сәттен бастап бұл мәселенің өзектілігі артты. Ал кеше Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің көптен күткен тура осындай мүддені күйттейтін жаңа заң жобасын шенді-шекпенділерге таныстырғаны мәлім болды.
Аталған жаңа заң жобасында еліміздің бірқатар заңнамасына, әсіресе салыққа тікелей қатыстыларына 122 түрлі өзгеріс енгізілген екен. Онда жер теліміне, жыл­жы­майтын мүлікке, ішімдік және темекімен қатар, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл автокөліктерге, жүк көтеру көлемі 10 тоннадан асатын ауыр жүк көліктеріне салынатын салықтардың сомасы түбегейлі өзгеріске ұшыраған. Бұл арада бірден төрт жарым есеге дейін қымбаттаған салық түрлері де бар екен.
Ішімдік пен темекі акциздерінің қым­баттау мүмкіндігі өткен жылдың соңында бел­гілі болған. Ол кезде Кеден одағына мүше мемлекеттер осы бағыттағы заңды үйлестіру туралы үкіметаралық келісімге қол қойған еді. Өздеріңізге белгілі, алко­голь өнімдері мен табак салығының көлемі Ресей мен Беларусь елдерінде бізге қара­ғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл арада Бірыңғай экономикалық кеңіс­тік­тегі салық көлемін теңестіруге байланысты өзгеріс орын алмақшы. Ал жер телімі мен жылжымайтын мүлікке қатысты орын алуы ықтимал жаңашылдық осы бағыттағы салық көлеміне көптен бері өзгеріс енгізіл­меуімен байланысты болса керек. Мұнда біздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көп бөлігі игерілмей жатқанына бай­ланысты мәселе шешіміне қатысты өз­геріс­тер де бар көрінеді.
Бәрінен бұрын бұл арада көлік салығы 4,5 есеге артпақшы екен. Жалпы, осыған дейінгі қоғамдық талқылауларда үнемді кластағы автокөлікті тұтынушыларды ма­ра­паттап, оларға салық жағынан жеңілдік жасау, ал ысырапшылдарына талапты қа­тай­ту жағы жиі айтылған. Алайда бұл заң жобасында үнемшілдерді демеу ескеріл­мепті, есесіне...

1100-ден 3000 текше см қозғалтқыш­тағы жеңіл автокөліктердің салық мөлшер­лемесі бұрынғыдай сол күйі қалдырылса, ал «моторы» 3000-нан жоғары 4000 тек­ше см-ді құрайтындарына алдында бірдей 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 26 мың теңге салық салынса, бола­шақ­та осы топқа жататын машиналардың өзі үшке бөлініп, үш түрлі салық төлейтін бо­лыпты. Мәселен, қоз­ғалтқыш көлемі 3500-ден жоғары 4000-ға дейінгі текше см құрайтын ав­токөлік иесі қазір бюджетке 26 мың теңге салық төлесе, ендігі кезекте ол 114 мың 250 теңгеге қалтасын қағуы тиіс.
Сол секілді жүк көтеру мүмкіндігі бойынша ауыр көліктер ішінде 5 тоннадан асатындарға қазір ең жоғары салық (9 АЕК) салынады. Аталған заң жобасында ұсынылып отырған норма бойынша бұл категория да үшке бөлінген: 5 тоннадан жоғары 10 тоннаға дейін (9 АЕК), 10 тон­на­дан жоғары 15 тоннаға дейін (15 АЕК), 15 тоннадан жоғарылар (100 АЕК). Бұл ретте осыған дейін 15 тоннаға дейін жүк көтеруге рұқсат берілген жүк көліктері жыл сайын ел қазынасын 15 579 теңгемен толық­тырса, енді олар 173 100 теңге беруі керек.
Әрине, мұндай төрт жарым есе қым­бат­тау дәу «темір тұлпар» қожайындарына «естен тандыру» терапиясы ретінде әсер етері сөзсіз. Нәтижесінде мәртебесін өзіне лайық деп санаған біздегі бай-бағландар бюджетке жоғары салық төлеуден бас тартпауы тиіс немесе таңдауын үнемшіл көлікке бұруы керек. Мемлекетіміздің де көздеп отырғаны осы. Осы жағынан алғанда, бұл еліміздегі манаптарға арнал­ған үлкен сынақ деп айтсақ та болады. Өйткені қазақта «Бай барын бермес» деген сөз бар емес пе?... Сондықтан «шықбер­мес шығайбайлар» мұндай жағдайда заң­ды айналып өтетін жолды қарастыруы әб­ден ықтимал. Ал оған отандық заңнамада саңылау да бар. Ондай жағдайда аталған заң жобасын қабылдауда біз күткен нәтиже болмай қалуы да мүмкін. Мысалы, еліміз­де бүгіндері көлік бойынша ең жоғарғы са­лық­ты (117 АЕК) қозғалтқышы 4000-нан жоғары текше см құрайтындар төлей­ді. «Төлейді» деп заңмен бекітілгенімен, бірақ нақты өмірде бұл норма 100 емес, тіпті 50 пайыз деңгейінде де орындалған емес. Өйткені бізде салықтан босатылатын тұлғалар бар: Ұлы Отан соғысы ардагері, еңбек тылы ардагері, мүгедек, мүмкіндігі шектеулі жандар деген секілді. Көшеде әлгіндей удай қымбат автокөлікпен жүйт­кіп жүргендер оны өзінің емес, осындай жеңілдік қарастырылған категориядағы туыс­тарының атына жаздырып алады. Айна­лып келгенде, олар жоғары салық түгіл, ел қазынасына көк тиын да бермейді. Міне, жаңа заң жобасында күшейтілген талап біздегі осындай заңды айналып өтушілер­дің қатарын көбейтіп жүрмей ме деген кү­мән бұл арада қоюлана түседі. Сон­дық­тан заңның аталған кетік тұсын пай­­далана алмайтындай бір жол қарас­тыру керек немесе қоғамдағы басқа да айтылып жүрген тиімді ұсыныстарды қай­тадан елек­тен өткізу қажет секілді. Бұл ретте «Қаз­потреб­надзор» қоғамдық бір­лес­тігінің көтер­ген идеясы есімізге түсіп отыр. Ол ақыл­ға қонымды да сияқты. Атал­ған қо­ғам­дық бірлестік жыл сайынғы жеңіл авто­кө­лік салығын жанар-жағармай мен ди­зель отынына қосуды ұсынған бола­тын. Мұндай жағдайда «моторы» көлем­ді­лер жанар-жағармайды молынан тұты­натын болғандықтан, бұл салық бойынша шығы­ны да көп болады, сәйкесінше үнем­шіл кө­лік­тердің төлейтін салық сомасы қолда­ныс­тағыдан тіпті төмендер еді.
Еске сала кетелік, сөз етіп отырған заң жо­басы экономика және бюджетті жоспар­лау вице-министрі М.Құсайыновтың төра­ға­лық етуімен болған салық саясатын же­тіл­діру мәселелері жөніндегі жұмысшы топ­тың отырысында жария етілді.




Көрілген: 849    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.07.2013, 13:30

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    24 Маусым, 12:03
    Жанармай неге тапшы?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31