Нарық

«Қабірстандағы» «кластерлік жүйе»

  • «Қабірстандағы» «кластерлік жүйе»

    «Қабірстандағы» «кластерлік жүйе»

Өткен ұлу жылы өмірге келген сәбилер саны 380 мыңға жуық. Бұл, әлбетте, Қазақстанға қатысты демографиялық статистика. Өмір бар жерде өлім бар: 2012 жылы 141 мыңнан астам азаматымызбен қош айтысыппыз. Иә, дүние есігін енді ашқан періштедей бейкүнә өмірдің қасында өлім туралы айту тіпті құлаққа түрпідей тиеді, келісеміз. «Адам өмірге жылап келіп, жылап кетеді» деген нақыл сөздің пәлсапалық мағынасын ұқсатып пайдалансақ, заманына қарай жұртшылық «қазақ бала туылғанда да шашылады, адам өлгенде де шашылады» деген мақал шығарып алып жүр. Өйткені, жерлеу рәсімдеріне қатысты айтпағанда, өзектіге бір келетін өлімнен кейін бұйыратын жердің өзі қазір қымбатқа түседі. Ескерте кетейік, әңгіме ұлтарақтай жер үшін ұлардай шулап жататын алматылықтарға ғана қатысты.

«Төрімнен көрім жақын» дейтіндер «қа­бірстан» жақты көбірек ойлай ма дей­міз. «Нарық заманының наркескен заң­ды­лығы ол жаққа да жат емес екен» дегенді ес­тіп алаңдағандықтарынан болар. Сол се­бепті де алдын ала жер дайындап қою үйреншікті жағдайға айналып барады. Тіп­ті әлі сап-сау кезінде балаларына аты жа­­ман аманат жүктеп жатады. Ал ба­ла­ла­ры аманатқа қиянат жасасын ба? Міне, «қа­­бірстандағы» жер саудасының барған са­йын қыза түсуінің себеп-салдары қайда жатыр.

«Шалымыз екеуміз 60-тан асып ба­ра­мыз. Қанша өміріміз қалды? Таныс тауып, Бо­ралдай жақтан екі жер сатып алдық», – дей­ді әлі де тың бір апайымыз. Енді біреу әке­сін ақтық сапарға шығарып салуға бар­ғанда тегіс жер таба алмай, зиратты аралап жү­ріп көргендегісін айтып жағасын ұстады. «Қарасай ауданы аумағында орналасқан зират жақтан төрт-бес адам сыйып кететін жерді біреулер алдын ала меншіктеп алып, қоршап тастапты. Ал әзірге ол жерге бір-ақ адам жерленіпті. Негізі, мұндайдың бір­нешеуін көрдік. Жер қалмаған десем де бо­лады, амал жоқ, еңістеу болса да, әй­те­уір, бір орын тапқанымызға риза бол­дық», – дейді ол. Тағы бір азаматтың әңгімесі: «Енем қайтыс болып, жер сұрай барған едік, ЖШС қызметкерлері «егер қаласаңыз, шет­керірек жақта әрі тегіс, әрі бұрыштары түп-түзу бір жер бар. Ұнаса,  120 мың тең­ге­ге сата аламын. Әйтпесе бұл маңда тіпті аяқ алып жүретін жер қалмады ғой» дейді.  Онысы рас, зираттар барған сайын ты­ғыз­да­нып, шекарасы қалаға қарай жылжып барады екен. Алайда саудаға салғандары қай сасқандары?» «Жерді алдын ала алып, оны қоршап қойып, тіпті тасын да орнатып қоятындар да бар екен. Тасқа туған жылын жазады да, өлген уақыты бос тұрады» дегенді естіп жатырмыз.

Негізі, жер тегін берілуі тиіс емес пе еді? «Элитный» саналатын зиратта баға тіп­­­­ті ұшып тұр. Қайтыс болған жа­қы­ны­ңыз­ды Кеңсай зиратында  жерлегіңіз келсе, он­­да  5 мың долларға шығынданасыз. «Кең­­­­­сай зираты – Алматы қаласында ор­на­­­ласқан қоғам қайраткерлері мен та­ны­мал тұлғаларды жерлеуге арналған мұ­сыл­­ман зираты. Танымал тұлғалардың па­н­­теонына айналған Кеңсей зираты Ал­маты қаласының шығыс бөлігінде ор­на­лас­­қан. Кеңсай-1 және Кеңсай-2 болып екі­ге бөлінеді» деп, бұл жер тіпті ашық эн­ци­­­клопедияға енген. Алайда Уи­ки­пе­дия­да ай­­т­ылғандай, онда қазір тек қоғам қа­й­рат­кер­­­­лері мен танымал тұлғаларды ғана емес, қалталыларды да жерлейді. Сұраныс арт­қан сайын, ондағы баға жылдан-жылға қым­­­баттап барады. Өйткені жер азая тү­су­де.

Демек, Алматы қаласы маңындағы зи­рат­тардан жерді өзіңіз таңдап алғыңыз кел­се, онда бағасы – 120 мың теңге мен 5 мың доллар көлемінде. Әрине, тегін бұ­йы­ра­тын жерлер де бар. Сатылатын жер­лер­мен салыстырмалы түрде айтсақ, «қа­ра­па­йым аруақтарға» ол «жоқтан жақсы».

Кластерлік жүйе құру елімізде анау айт­қандай оңай шаруа емес. Дамудың ал­ғышарты саналатын бұл  құрылымды, қан­ша жанталассақ та, дамыта алмай отыр­мыз. Есесіне, зираттар маңындағы «клас­­терлік жүйе» қарқынды жұмыс істеп жа­­тыр. «Кластерлік жүйе» емей немене, мә­­селен, Боралдайдағы жалпы зираттың кі­­реберісіндегі қаз-қатар орналасқан ғұ­рыптық рәсімдердің ақылы қызметі қызу жү­ріп жатыр. Өзге дін өкілдерін айтпай-ақ қоя­йық, мұсылмандарды жерлегенде ақ­шаң болса, барлығын сол маңнан табасың. Жер­ді қазатындар, зиратты қоршап, оның тасын орнататындар сақадай сай тұрады. Айтпақшы, тасын орнатып, қоршап беру – көпшілік зираттарда 250-300 мың теңге аралығында.

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­ма­сының «Иман» журналының бас ре­дак­торы Оңғар қажы Өмірбек бұған кінәлі адамдар емес, билік деп санайды.

– Осының барлығы, «Өлім бардың ма­лын шашады» демекші, жерлеуге кететін шы­ғынның аз еместігін аңғартса керек. Ауыл­да жер мәселесінде ешқандай қиын­дық жоқ. Алматы қаласы мен оған жақын маң­да орналасқан зираттардың барлығы же­кеге өтіп кеткен. Жергілікті әкімдіктер әу бас­та оған жол бермеулері керек еді. Осы­дан кейін иелігіндегі жерді қалай пай­да­лан­са да еріктері бар ЖШС-лар ойларына кел­генін жасамай қайтеді. Нарық за­манында бұл – заңды құбылыс. Оларға тоқ­тау салудың бірден-бір жолы – зи­рат­тар­ды Үкіметтің құзырына қайтып алу.

Жалпы, алдын ала жер дайындап қою – көп дінге жат емес. Мұсылмандар үшін ер­теден келе жатқан үрдіс. Алайда осы үр­дісті өз мүддесіне пайдаланып отырғандар бар­ған сайын шектен шығып барады. Зи­рат­тардағы жерлердің сатылып, тіпті әр­қай­­сысының белгіленген құны бар екен­ді­гін естіп жатырмыз. Бұл – жақсы нәрсе емес. Құзырлы салалар араласып, тәртіп ор­натпаса болмайды.



Білгіңіз келсе...

Алматы қаласындағы зираттар мыналар: «Орталық», «Рысқұлов», «Сол­түстік», «Батыс» (Боралдайдағы) және «Кеңсай». Орташа есеппен айт­сақ, жалпы, жерлеу рәсіміне кететін шығын 100 мың теңгенің төңі­ре­гін­де екен. Қазақстанның әр өңірінде баға әртүрлі. Сонымен, Ақтауда – 40, Аты­рау, Ақтөбе, Қарағанды жақта – 35, Қостанайда – 45, Петропавл, Көк­шетауда – 30, Қызылорда, Шымкентте – 25, еліміздің ірі мегаполистері Ас­та­на мен Алматы қалаларында 60 мың теңге екен. Ал Германияда жер­леу кезінде немістердің 3 мың евро көлемінде шығындануына тура ке­летін көрінеді. Оның жартысын сақтандыру компаниялары төлесе, қал­ғанын адамдар өз қалталарынан шығарады. Германиядағы бағаның не­ге сонша қымбатқа түсетінін түсінуге болады. Жер аумағы 357 021 шар­шы шақырым болса, халқы 82 миллионға жуық. Ал біздің жеріміз 2 724 900 шаршы шақырым болса, санымыз 16 миллионнан астам ғана. Ондай бол­са, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратындағы жердің 5 мың долларға (оның үстінде жерлеу рәсіміне жұмсалатын қаражат тағы бар) сатылатынын түсіну қиын.





Көрілген: 782    Пікірлер: 0

бейсенбі, 25.04.2013, 13:37

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30