Қарыз қажытты ма?

10 қараша 2019, 20:02

Осы күні несие тақырыбы адамдардың ең бірінші бас ауруына айналып бара жатқандай. Себебі банкке қарыз емес адам жоқ. Халық оны төлеуге келгенде қиналып жатады. Осы орайда банк­тен несие алған кезде адамдар білуі тиіс ақпараттармен бөліспек ниетте бірнеше жылдан бері несие мәселесімен айналысып келе жатқан заңгер Ғалымжан Темірбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Комиссия алуға құқы жоқ

Біз заңгерден «Несиені рәсімдеу кезінде банк тарапынан қарапайым халық білмейтін қандай да бір қулықтар болуы мүмкін бе?» – деп сұрадық.

«Қазір банктер тарапынан ешқандай заңсыз әрекеттер байқалмайды. Барлығы да заңды. Бірақ адамдар банкке несие алуға барғанда алдымен жылдық пайызын дұрыс есептей білуі керек. Банк тарапынан заңсыз болып табылатын комиссиялардың барлығы қазір алынып тасталған. Дегенмен банктің несие беретін кезде өздері ұстап қалатын сомалары жоқ емес. «За обналичивание» деп кассадан ақша алғаны үшін, сондай-ақ «страховкаға» деп ұстайтын, тағы да басқа бір реттік комиссиялары бар. Әр банктікі әртүрлі. Сонда 1 миллион теңге рәсімдеген адамның қолына 900 мың береді (мен бұл цифрларды шамалап айтып отырмын), бірақ негізгі қарызы 1 миллион теңге болып саналады. Соған жылдық па­йызды қосып, мәселен, ол 10 пайыз болсын дейік, 1 миллионға 100 мың теңге қосады. Осы 1 миллион 100 мың теңгені он екі айға бөледі. Сонда айына төленетін сома шығады. Ол төлем кестесінде көрсетіледі. Егер өзіңіз осылай есептеп көр­ген­де шыққан сомадан төлем кес­тесінде көрсетілген сома асып тұр­са, онда тағы да бір комиссия­лар қосылды деген сөз. Сол үшін жылдық пайыз қанша, қандай комиссиялар бар, қайсысына қан­ша ақша ұстап қалады – адам несие аларда осының барлығын білуі керек. Себебі кей кезде банктер жаңағыдай комиссиялардың бар екенін алдын-ала айтпауы мүмкін. Оны адам бар­лығын рәсімдеп болған соң ғана біліп отырады. Бірақ мұның еш­қайсысы жасырын ұсталмайды, оның барлығы төлем кесте­сін­де көрсетіліп тұрады», – дейді ол.

Сонымен қатар заңгер кре­дит­тік сақтандыру туралы да толығырақ түсіндіре кетті.

«Кей банктерде «страховкаға» деп ақша алады дедік қой. Бұл дегеніміз – несие алушы оқыс жағдайға ұшырап қалса сақтандыру компаниясы негізгі қарыздың қандай да бір пайызын төлеп береді деген сөз. Ол қанша соманы құрайтыны келісім-шарт­та көрсетіледі. Сол үшін адамдар келісім-шартты міндетті түрде оқуы керек. Бас салып қарызға бата бергенше, жоғарыда айтып өткен нәрселердің барлығын біліп, банктердің әлгіндей ақылы қызметтерін өзара салыстырып, саралап болғаннан кейін ғана несие алған дұрыс», – дейді Ғалымжан мырза.

Қарызды қалай төлемеуге болады?

«Банкке ақшасын толық қайтармаған адамның несиесі коллекторлық компанияға өтеді. Енді қарызды өндіру ісі бойынша тек коллекторлар ғана айналысады. Коллектор кейде сотқа беретінін де айтып жатады. Енді қараңыз, ҚР Азаматтық Кодексінің 178-179 баптары бойынша талап қою мерзімі – 3 жыл. Яғни үш жылдың ішінде сотқа арыз берілуі керек. Олай болмаған жағдайда іс қаралмайды. Егер коллекторлық компания қарыз алушының атына үш жылдан соң арыз берсе, қандай дәлел болмасын іс қаралмайды, демек, қарыз да қайтарылмайды. Ондай кезде ол адамның бір тиын да төлемеуге қақысы бар. Бұл үш жыл мерзім несие коллекторлардың қолына өткен күннен бастап есептеледі.

Сол секілді 3 жыл мерзімге 1-2 ай толмай қалған кезде де сотта жеңіп шығуға болады. Кө­біне коллекторлар несие алған адамды сыртынан сотқа беріп жа­тады. Ондай кезде сотқа дейінгі іс-әрекеттердің барлығы заңды түрде орындала бермейді, адам­ға арнайы шақырту жібермейді. Осыны негіз етіп үкімді бұзуға болады. Ал коллекторлар екінші рет арыз жазбақ болып жүргенде сотқа беру мерзімі өтіп кетеді.

Бірақ олар да қазір бәрін кө­ріп-біліп отыр, дәл осылай жеңіп кеткен адамдар да болған, сондықтан коллекторлар сотқа беру­дің әрекетін ертерек жасайтын болған», – дейді заңгер.

Сондай-ақ ол мұндай кезде істің сотқа өткенінен қорқудың қажеті жоқ екенін айтады.

«Негізі адамның несиеге қа­тыс­ты ісі сотқа өткені жақсы. Се­бебі сот төленуі тиіс белгілі бір соманы ғана іледі. Ары қарайғы қосылатын ай сайынғы өсімақы тоқтатылады. Біз адамдарға осылай түсіндіреміз. Кейбіреулер іс сотқа дейін жетсе қарыз көбейіп кетеді деп қорқады. Шындығында олай емес. Оған тек сот орындаушыларға төленетін ақша ғана қосылады. Онда да сот орындау­шылардың аузынан шыққан ақы­ны бере салмау керек, олардың заңды түрде алатын арнайы бел­гі­ленген пайыздық сомасы бар. Ол ақша да қолма-қол берілмей, банк картасы арқылы ғана аударылуы керек. Бұл – ақшаның төленгенінің дәлелі. Өйткені кейбі­реулер қайтадан ақша сұрауы әбден мүмкін», – дейді ол.

Банктер жеңілдік жасай ма?

Ал банктердің жайы басқаша. Ғалымжан мырза атал­ған қаржы мекемелеріне қарызды қайтармау мүмкін еместігін ай­тады.

«Банктердің 3 жыл емес, 30 жылдан кейін де сотқа беруге құқы бар. Қандай жағдай болмасын банк қарызды ешқашан толықтай кешірмейді. Банк қарыз алушыны сотқа бергеннен кейін негізгі қарыздың өсімақысын алып тастауы мүмкін, бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай. Оны әр банк өзі шешеді», – дейді ол.

...Банкке бармас, қарыз алмас бұрын он қайтара ойланып ал­ған дұрыс шығар. Сонда қарыз қайтаруда қиындықтар туындамас еді. Десе де несие тақырыбы мұнымен бітпейді, алдағы уа­қытта микрозаймдар мен онлайн-несиелер жөнінде көпші­лік білуі тиіс ақпараттармен бөлі­се­тін боламыз.

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

www.zamana.kz/