Нарық

Қойдың еділбай мен қаракөл тұқымдарына қашан көңіл бөлеміз?

  • Қойдың еділбай мен қаракөл тұқымдарына қашан көңіл бөлеміз?

    Қойдың еділбай мен қаракөл тұқымдарына қашан көңіл бөлеміз?

Атамыз қазақтың «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген сөзі бар. Көне заманнан біздің халықтың негізгі тіршілік көзіне айналған бұл кәсіп әлі де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оған да шүкірлік етеміз. 90-жылдардағы ауыртпалық ең алдымен агроөнеркәсіптің осы саласына тиді. Алдағы күнді барлай білмегендіктен, қолдағы уақ малдың саны мүлдем азайып кетті. Қой малының ішінде қаракөл тұқымының елтірісі қымбатқа бағаланатын. Қазір оған ешқандай сұраныс жоқ. Сондай-ақ, қойдың еділбай тұқымы да ескерусіз қалып бара жатыр. Біздің қазекем оны ерте заманнан жақсы біледі. Бабын жасап үйренген.

Ғалымдардың айтуынша, ол Азияның орта бөлігінде есте жоқ ескі заманнан бастап өсіріле бастаған. Біздің дәуірімізге дейінгі 800 жылдары қаракөл бағылғанын дәлелдейтін деректер кездескен көрінеді. Ендеше, оны негізгі тіршілік көзі – төрт түлікті түлетумен байланысты қазақ халқына жақын мал тұқымы деп санауға негіз бар. Бүгінгі таңда әлемде 31 млн басқа жуық қаракөл күтімге алынған. Орта Азия бөлігінен басқа, Иран, Ауғанстан және қара құрлықтың Намибия және Оңтүстік Африка елдерінде де қара шаруалар қаракөл қойын бағады. Одан мол пайдаға кенеліп отырғаны да баршылық. Қымбат бағалы теріден жұрттың зор сұранысына ие киімдер тігіп жатқаны бар. Өкініштісі, бізде мүлдем олай емес. Әйтеуір, тұқымы құрып кетпесін деп бағып жүрген секілдіміз. Етіне бола өсіріп жүрген шаруашылықтар жетерлік. Ал терісі ештеңге қажет болмай тұр.

Қаракөл тұқымы еліміздің шөл және шөлейтті аймақтарында өсіріледі. Атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында бар. 90-жылдардың басында қойдың бұл тұқымы 6-7 млн басқа жетті. Атап өтерлігі, сол кезеңде 2 млн елтірі дайындалған екен.

Содан кейін бұл тіршіліктің берекесі қашып, малдың басы кеміп кетті. Осы күні олардың саны 1-1,5 млн-нан аспайтыны жайлы деректер кездеседі. Сыр өңірі қаракөл қойын өсіру жөнінен алдыңғы лектен көрінетін. Мамандардың дерегіне сүйенсек, Қызылорда облысында 2 млн бастан астам осындай уақ мал бағылған. Ол елімізде өсірілетін қаракөл тұқымының бестен бір бөлігіне жуық. Отыздан астам шаруашылық сол тіршіліктің қазанын қайнатты. Жайлау төсіне сыймай жатқан сол малдың қазір 70 пайызға жуығы кеміп кеткен. Қазіргі күні Қызылорда өңірінде бес-алты шаруашылық қаракөл тұқымын өсіреді. Әрине, етін өткізіп, аз-маз қаржы табар, ал терісі сол күйінше кәдеге жарамай жатыр. Бұрын-ғыдай оны қабылдайтын орындар жоқтың қасы. Амалсыздан ауылдағы ағайын кезінде құны қымбат болған елтіріні қораның бір бұрышына тастай салады.

Кезінде қаракөлдің өзінің қаншама құнды түрлері шығарылды. Мә-селен, Сыр өңірінде сұрхандария деген қаракөл қойының түрі бар. Уақытында оны мемлекет өте жоғары бағалайтын. Ғалымдар да қаншама тер төгіп, көз майын тауысты. Қазір сол тұқымына қамқорлық қажет өзі жоғалуға жақын. Шиелі ауданының Тартоғай ауылындағы бір шаруа қожалығы ғана сол тұқымды бағып жүр. Елтірі бірнеше салада қажет етіледі. Әсіресе қорғаныс саласында одан киімдерге жаға тігіледі. Ал әлемде қымбат бағалы киімдерге де пайдаланады. Бізде оны кәдеге жаратуға көңіл бөлінер емес.

Қазақстанда малдың көптеген түрлері бар. Дегенмен, олардың қай-қайсысы да осындай жағдайды бастан кешіріп отыр. Бүгінгі таңда елімізде бар болғаны 10 млн-нан астам қой өсіріледі. Оның басым көпшілігі — жекенің қолында. Асылтұқымдысы өте аз. 90-жылдарға дейін Шопаната тұқымы одан үш-төрт есе көп болатын. Қысқасы, қой шаруашылығына шындап ден қоятын уақыт жеткен секілді. Қай халық та өткеніне көз салады. Жақсысын асырады, жаманын жасырады.

Тарихты парақтап қарасаңыз, Бөкей ордасында Еділбай қойы өсірілген деген деректер кездеседі. Ендеше, ол біздің қазақтың төл тұқымы десек те болады. Дегенмен бүгінгі таңда бұл тұқымның сақталу жағдайы біздің көңілден шыға қоймайды. Ара-тұра болмаса, бұл тұқым көзге көп түсе бермейді. Осының кесірінен болар, қазіргі жас ұрпақтың Еділбай қойы туралы білетіндері кемде-кем. Кезінде еліміздегі Шопан ата түлігінің 80 пайызға жуығы қаракөл қойы болған екен. Жалпы, елімізде 15 қой тұқымы бар. Яғни қалған бөлігін сол қой тұқымдары құраған. Сонда Еділбай қойының үлес салмағы қандай болғанын таразыға тарту ешкімге қиынға соға қоймас. Біз ұлттық мақтаныш болатын оған өз деңгейінде көңіл бөле алмадық. Осының салдарынан оның санын арттыруға ешкім дендеп кірісе қоймады. Ұлттық брендіміз тасада қалып қойып жатты. Қазір де қойдың бұл тұқымы өте аз кездеседі.

Ғалымдардың айтуынша, Еділбай қойының пайдалы тұсы аз емес. Ол әлемде жоғары бағаланады. Біріншіден, бұл тұқым салмағы жөнінен алдыңғы орынға шығады. Жылдам өсіп-жетіледі. Қозысының өзі көп-көрім ет береді. Үш-төрт айдың өзінде қозы 35-40 келі салмақ тартады. Қойдың өзге тұқымында мұндай еттілік бола бермейді. Қазіргі таңда еліміз ет өндіру саласына бетбұрыс жасап жатыр. Бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданған. Біз үшін ет рыногына өз өнімдерімізді шығару өте тиімді болып тұр. Алысқа бармай-ақ қоялық, көршілес Ресей жыл сайын 1,5 млн тонна етті мұхиттың арғы жағындағы Латын Америкасынан тасымалдайды. Әлемде де ет өндірісі өз деңгейінде емес. Ет адамзат баласының күнделікті асының бір бөлігін құрайды. Мамандар бүгінгі таңда бұл қажеттілік екі есеге кем өндіріледі деген деректерді тілге тиек етеді. Негізінде, адам басына жылына 90 келі ет керек. Ал бізде бар болғаны адам басына шаққанда 40-45 келіден ет өндіріледі. Біздің Еділбай қойының санын көбейту арқылы сол олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндігіміз бар. Оған қоса қойдың бұл тұқымы етті-майлы болып келеді. Нәрлі астан ешкімнің тартына қоймасы тағы да белгілі.

Кейбір дерек көздерінде адамзат баласы қой малын осыдан 10-11 мың жыл бұрын қолға үйреткені айтылады. Сол заманда біздің жерімізді мекен еткен бабаларымыз қойға көңіл бөлген екен. Бір сөзбен айтқанда, біздің халқымыз үшін түліктің бұл түрін өсіру таңсық шаруа емес. Алайда ауыздыға сөз бермей, өзімізді төрт түлікті түлеткен ұлттың ұрпағымыз деп кеуде кергенмен, оның бағасына жетіп, қамқорлық жасауға келгенде жүзімізді жасыруға тура келетіндігі жасырын емес.




Көрілген: 6015    Пікірлер: 0

жексенбі, 11.05.2014, 13:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 20:02
    Қарыз қажытты ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30