Нарық

Мақсары майын өндіру қашан өрге басады?

  • ©Алаш айнасы иллюстрациясы

    ©Алаш айнасы иллюстрациясы

Негізгі отаны Жерорта теңізінің жағалауы болып саналатын мақсарының елімізде де өсіріліп, өнім алына бастағанына көп жыл бола қойған жоқ. Жерсіндірілгені де жаңа ғана. Одан алынатын негізгі өнім асқатық май. Мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан кем емес. Бағасы да анау айтқандай қымбат деп айта алмайсыз. Мақта майынан 200-300 теңгеге арзандау. Мақсары қалдықсыз өнім саналады. Майы алынғаннан кейін де үлкен сұранысқа ие.

Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындаса, Түркияда түрлі сабындар шығарады. Ал, тастың өзін кәдеге жарататын қытайлықтар түрлі дертке шипа болатын дәрі-дәрмектер өндіруде. Ал біз қалдықтың өзін кәдеге жарата алмауымыздың салдарынан әзірге малға азық етудеміз. Соның өзіне шүкіршілік деуден басқа амал кем. Табиғаты жайлы оңтүстік облыстар үшін мақсары өсіру таң емес. Облыс аумағында барлық аудандарда өсірілуде. Тіпті, жері құнардан кенде Атырау облысында да мақсары өсіру қолға алынуда. Бұл майлы дақыл биыл өткен жылғымен салыстырғанда 22,6 мың гектарға артық егіліпті. Бүгінде мақсары егілген алқап 87,4 гектарға жетіп отыр. Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше былтыр облыс бойынша 64 мың гектар алқапқа мақсары дақылы өсірілсе, биыл ол 96 мың гектарға көбейіп отыр. Облыс бойынша былтыр 55 320 тонна қамбаға құйылды. Оның 2 500 тоннадайы тұқымдыққа сақталынады. 49 900 тоннасы өңдеуге жіберіледі. Одан 15 200 тонна мақсары майы алынады. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметіне қарағанда, май шығаратын шағын кәсіпорындар барлық аудандарда ашылған. Оның ішіндегі ең ірілері «Шымкентмай» АҚ, «Қайнар» ЖШС, Сайрам ауданындағы «Арай» және «КАРМУ» ЖШС-тері, Төлеби ауданындағы «Ленгір май», «Бақдәулет» және Мақтаарал ауданындағы «Ақ май» май өңдейтін кәсіпорындар. Олардың кейбірі өздерінің жеке алқаптарына мақсары егіп, жинап алады. Бірақ бәрі де өз өнімдерін өздері өсіреді деуге келмейді. Мәселен, «Қайнар» ЖШС-і бір тәулікте 400 тоннаға дейін шикізат өңдей алады. Кішігірім зауыт 8 500 гектар жерге мақсары дақылын егіп, жылда ысырап етпей жинап алады. Алайда бұл өнім жыл бойына жетпейді. Ары асса айналдырған бір-екі аптаға ғана жетеді. Сондықтан алдағы уақытта егістік алқаптарын көбейтуді көздеп отыр. Сондай-ақ, шарулардан майлы дақылдарды қабылдап алады. Бұл зауыт жылына 120 мың тоннаға дейін өнім өңдеуге қабілетті. Отандық өндірушілердің аяғына тұсау боларлық мәселелер де бар, әрине. Өсімдік майын экспорттаушы Ресей елінің өнімдері бүгінде супермаркеттер мен шағын дүкендердің сөрелеріне дейін жаулап алған. Жарнамалары тіптен орасан. Оған құлақ түрсең экологиялық таза өнім, пайдасы көп көрінеді. «Басқа майларды тұтынсаң ауруға тұтыласың». Жарнамаларының жалпы жариясы осыған саяды. Майын мақтап, күнде құлақ түбінен қақсай берген соң оны алуға қызығатындардың көбейетіндігі де сөзсіз. Отандық өсімдік майларына күдікпен қараушылар да жоқ емес дей алмайсыз. Дәл осы салада ішкі нарықты отандық өнімдермен жаулап алуға болады-ақ. Ол үшін әрине, мақта, мақсары егетін шаруаларға жағдай жасау қажет. Егістік алқаптары күнге күйіп, қаржының жоқтығы қолын байлап отырған диқандар жоқ емес бар. Оларға ең әуелі жеңілдетілген несие мәселесі қатты қинайды. Оған қол жеткізу аспандағы айға қол созғанмен бірдей. Одан қалса техника мәселесі де тұсаулайды. Жеке шаруашылықтар өз қотырларын өздері қасып, күн көруде. Төле би ауданының шаруалары да мақсарыны майға айналдыруды үйреніп алғалы шеке майлары шылқып отыр деуге келмес. Дегенмен 5-6 адамды жұмыспен қамтып, ауыл аймақты маймен қамтып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ұзынарық ауылындағы шаруа қожалығының иесі Пернебек Мұхтарұлының мақсары егумен айналысқанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Өнім өндіріп, оны сатқан пайдасына техника сатып алып, көпке үлгі көрсетуде. Шаруа қожалығының иесі «Егер мақсары егумен айналысатын шаруашылықтарды көбейтсе, ауыл түгілі ауданды толық мақсары майымен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Проблемалар да жоқ емес. Мақсарыны жыл сайын бір жерге еге берген соң ол жердің құнары қашады. Екі-үш жыл аралатып жерді ауыстырып отырамыз. Тыңайтқыш мәселесі де тездетіп шешуді қажет етеді» дейді. Мақсары майын сығатын аппараттар да арзан тұрмайды. Оларды арысы Еуропа, берісі Ресейден сатып алуға тура келеді. Ал, жеке қолдан сататындардікі тозған, ескі аппараттар. Ауыл шаруалары жеңілдетілген несие алсақ мақсары өсіруді өкіртер едік деп алақанды ысқылап отыр. Майлы дақылдарды өсіру көлемін ұлғайтуды көздеп отырған Үкімет осы мәселелерді назардан тыс қалдырмаса. Шығысы кем, пайдасы мол өнім түрін өсіруді молайтсақ, отандық өндірушілерге даңғыл жол ашылатыны сөзсіз.

Биқожа Қалекеев, агроном:
- Мақсары тез жерсінетін өсімдік. Оны қалай өсіріп, күтіп баптауды шаруалар тез үйреніп алды. Егер тыңайтқышты көбірек пайдалансақ, мақсарыдан мол өнім алуға болады. Әрі басқа майларға қарағанда мақсарыныкі дәмді әрі пайдалы келеді. Егістік көлемін ұлғайту да басты мәселе. Оңтүстік өңір мақсары егуге таптырмайтын аймақ. Егілген өнім жылда артығымен өндіріліп алынады.

Керек дерек
Германияда әрбір тұрғын жылына 41 келі сұйық май пайдаланады екен. Ал, біздегі тұрғындардың тұтыну көлемі 13 келіден аспайды екен. Бұл ресми емес дерек көздерінің ақпары. Дәрігерлер сұйық майды тұтыну көлемі молырақ болуы керек дейді. Үнемшіл деген немістердің өзі осыншама тұтынғанда ысырапшыл қазекемнің мұнысына жол болсын?

Автор: Нәркес Нарбаева




Көрілген: 3867    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 10.11.2014, 10:13

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30