Нарық

Тұтынушыны тонау қашан тыйылады?

  • ©Нұрғиса Елеубеков

    ©Нұрғиса Елеубеков

Біз инфляцияны ауыздықтауға келгенде көршілес ТМД елдерінен көш ілгері тұр екенбіз (!). Өзге елдер біздің қымбатшылыққа құрған қалқанымызды бүгінде қолдап, қуаттап қызыға да қарап отырған көрінеді. Міне, елдегі маркетингтік-талдау орталықтарының шығарып отырған есебінше есеп осылай түзілуде.

Әйтсе де қымбатшылықпен күресімізге бөгделер «сүйсініп» отырғанымен, инфляцияның табиғатына елдегі қалың бұқара оншалықты разы емес. Өйткені қазірде қара базарға бара қалсаңыз да, шағын маркеттерге бара қалсаңыз да себетіңізді сапасыз әрі бағасы удай азық-түлікке толтырып, көңіліңіз пәс тартып қайтасыз. Үкімет қанша жерден «тауар бағасын өсіргендердің басы кетеді» деп шектеу қойғанымен, халық ең көп тұтынатын тауарлар мөлшері бізде ай сайын қымбаттайды. Бұған саудагерлер «тауардың басым бөлігін сырттан әкелеміз» деген уәж айтады. Ал, шынтуайтында, бар гәп тек сырттан әкелінетін тауарда жатпағаны ақиқат. Ендеше, бүгін «Алаш айнасы» ішкі нарықтағы отандық өнім бағасына және сапасына қатысты «гәп» төркінін ақтарып көруді жөн көрді.

Сатып алушыны граммдап жейді?

Егер деректерге жүгінсек, бүгінде отандық тамақ өндіру көрсеткіші нарықта 40 пайызға жеткен. Мамандар «соңғы екі жыл көлемінде отандық өнім өндірушілерге жағдай жасағанымыз, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялағанымыз деңгейді көтерді» деседі. Алайда сарапшылардың пайымдауынша, «отандық өнім әлі де халықтың үдесінен шыға алып отырған жоқ».

Меруерт Молдабаева, әлеуметтанушы:

– Бізде жабайы кәсіпкерлік қалыптасып кеткен. Бүгінде отандық өнім өндірушілер өндіретін тауарының салмағын үнемдеуден бастап, ол тауардың ішіне қосылатын қажетті қоспаның өзін барынша үнемдеуге болмаса мүлдем қоспауға тырысады. Мақсаттары - халыққа сапалы тауар ұсыну емес, өздерінің шығындарын азайту. Айталық, қазір де дүкендерде үлес салмағы 300 граммнан 1 келіге дейінгі аралықта отандық тауар өнімдері тізіліп тұрады. Бір қарағанда салмағы аз тауардың бағасы да арзан тәрізді болып көрінеді. Есептей келгенде, керісінше, үлес салмағы аз тауардың бағасы қымбат болып шыға келеді. Түсінікті болуы үшін есептеп көрелік. Мысалы, дүкенде 1 келі ұн 350 теңге тұрсын делік, ал 800 грамм ұн - 190 теңге. Сондай-ақ сусын 1 литрі -190 теңге. Ал 2 литрі - 230 теңге. Қатталған кесепенің 500 граммы - 150 теңге, 300 граммы - 130 теңге. Міне, өнім өндірушілер тауардың үлес салмағын осылай болар-болмашы әдіспен төмендетіп, сол салмағы төмен тауардың бағасынан пайда көріп отырғаны даусыз. Себебі бүгінгідей қымбатшылықта қалтасындағы 10-20 теңгесіне дейін үнемдегісі келетін қарапайым қауым салмағы арзан тартатын, бағасы да сәл-пәл арзандау тауарға бірінші қол созады. Бірақ сол тұтынушы «арзандауын аламын» деп ұтылып жатқанын аңғармайды да. Міне, біздің нарыққа да осы көз арбаушылық дендеп еніп алған. Қарапайым халықтың табысын қымбатшылық бір «жұтып» алса, өнім өндірушілер тағы алдап-арбап келеді. Бұған бір амал қолданған жөн.

Заңға өзгеріс керек

Жалпы, қаржы саласында мұндай айланы испандық кәсіпкерлер «көз арбау» дейді. Тіптен қайсыбір елдерде кәсіпкерлердің мұндай айласына заңмен арнайы тыйым да салынады. Ал біздің елде «Азық-түлік қауіпсіздігі және мәселелері туралы» Заңда бұл жайт қарастырылмаған. Сондықтан сарапшылардың пайымдауынша, болашақта заңға бір өзгеріс керек.

Мейрам Қайбдрахманұлы, экономист-сарапшы:

– Менің ойымша, өнім өндірушілерге өнімнің салмағына қатысты арнайы міндеттемелер жүктеу керек. Мәселен, өнім өндірушілер өз өнімін жарты және бір келіден шығаратын болса ешкімде ұтылмас еді. Бұл өнім өндірушілерге де, тұтынушыларға да тиімді болар еді. Әрине, заңға өзгертулер енгізу - уақыт талабы. Бұл жерде біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін де ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ете алмай отыр. Қазірде көптеген өнім өндірушілер талапқа сай жұмыс істеп жатқан жоқ. Қайсыбір өнімдердің ішінен шаш, тырнаққа дейін шығып жатады. Тұтынушының құқы туралы ойланып жатқан олар жоқ. Сондықтан заңды өзгеріске түсіре отырып, отандық азық-түлік өндірушілерге үлкен жауапкершілік арту қажет. Жалпы, нарық заманында тұтынушылардың құқын қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бөліктерінің бірі. Өйткені тұтынушыға қарап ел экономикасы туралы сөз қозғауға болады. Қазірде дамушы елдердің өнім өндірушілері өз қамыннан гөрі, тұтынушының қамын бірінші кезекке қояды. Ал бізде, өкінішке қарай, таразы басынан бастап, өнімнің сапасына дейін сын көтермейді. Бұлайша тұтынушыны тонау жалғаса бермеуі керек. Егер біз отандық өнімнің әлеуетін көтергіміз келсе, тұтынушы құқы бірінші кезекте есерілгені абзал.

Тұтынушыға жаңа кодекс керек

Аңғарсақ, әлем бойынша тұтынушылардың кәсіби мерекесі де бар. Бұл күн БҰҰ-ның 1983 жылғы 15 наурызындағы шешімімен бекітілген. Оның тарихы АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Кеннедидің 1961 жылы 15 наурызда Конгресте сөйлеген сөзінен басталады. «Тұтынушылар – жеке немесе мемлекеттік экономикалық шешімге әсер еткенімен, сөзі тыңдалмайтын топ» деген ол тұтынушының ақпарат алуға, қауіпсіздікке, таңдау және хабардар болуға құқылы екенін мәлімдеді. Абзалында, тұтынушы құқына қатысты бірқатар елдер олардың көңілінен шығуға тырысып бағады. Ал біз «тұтынушыларды тұқыртуға» әуеспіз. Қымбатшылық бір тұқыртып, саудагерлер арбап, өнім өндірушілер ол алдап бүгінде елдегі тұтынушы тоналып болғалы қашан? «Тіпті қайсыбір тұтынушылар нарық заңдылығын түсінбейтіні соншалық - өздерінің құқы барын сезінуден де қалып барады. Сондықтан «Тұтынушы құқы туралы» жаңа Кодекс қабылдағанымыз абзал. Осылай арнайы кодекс жұмыс істегенде тұтынушының құқы аяқ асты етілмейді» деседі мамандар.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы




Көрілген: 1138    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 03.09.2014, 09:59

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 20:02
    Қарыз қажытты ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30