Елорда

Астана — қазағы көп қала

  • Астана — қазағы көп қала

    Астана — қазағы көп қала

Астананың халқы ай сайын өсіп келеді. Елорданы көшіру жарияланған жылы мұнда небәрі 200 мың ғана халық тұрса, қазір астаналықтар қатары төрт есеге жақындап қалды. Астана халқының аз уақыттың аясында мұншалық өсуі қала болашағының кемелді екендігін аңғартады.


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Сенат депутаттарымен кездескен кезіндегі сөйлеген сөзінде: «Ақмола қаласының Қазақстан экономикасына берері бір процент еді. Енді қазір жалпы өнім 20 есеге өсті. Халқы үш есеге өсті. Мұнда қазақ халқының үлесі басқа қалаларға қарағанда басымырақ. Яғни Қазақстандағы қазағы көп қаланың біреуі Астана болды», – деген болатын.


Астана қалалық статистика департаменті мамандарының айтуынша, соңғы сәуір айының мәліметі бойынша мұнда 694 122 адам нақты тіркелген екен. Ал бас қалада тіркеуде тұрмағандар мен шетелден келіп жұмыс істеп жатқан азаматтарды қосқанда, көрсеткіштің бұдан да көп болатыны сөзсіз.


Жанар СЕРІКБАЙҚЫЗЫ, Астана қаласы Статистика департаменті әлеумет және демография басқармасының бастығы:

– Астананың халқы қазірдің өзінде 700 мыңға тақап қалды. Қаланың аумағы да кеңейіп келеді. Бұл дегеніміз – халық санының артқандығын көрсетеді. Бұрын екі аудан болса, қазір Есіл ауданы қосылды. Жалпы, Астанадағы ер адамдардың саны 332 561 адам болса, 350 мыңнан астамы – әйелдер. Жалпы санақ бойынша есептейтін болсақ, ең бірінші, Астанадағы балалар, одан кейін еңбек етуге қабілетті жастағылар, сосын зейнеткерлер болып үшке бөлінеді. Бұл ретте қала балалары — 144 220, еңбек етуге қабілеттілер — 483 750, ал зейнет жасындағылар — 56 048. Қалада 12 жылдың ішінде халықтың туу деңгейі өсіп, өлім-жітім азаюда. Мәселен, 2009 бен 2010 жылдардың арасында Астанада 16 113 сәби дүниеге келсе, қайтыс болғандардың саны – 3285 адам. Сонда табиғи өсім бір жыл ішінде 12 828 адамды құрап отыр. Жаңа дүниеге келген нәрестелердің арасында қазақтар — 76,9%, орыстар — 11,9%, украиндер — 1,8%, немістер 1,6%-ды құрады. Демек, бас қалада қазақ нәрестелері көбейіп отыр. Жалпы, 2010 жылдың басындағы айлар бойынша, Астанадағы қазақтардың саны 445 723 болды. Бұл – 65,2 пайызды құрайды деген сөз. Яғни қала қазақыланып келеді.


Астана халқының өсуі, негізінен, көші-қон ағыны есебінен қамтамасыз етіліп отырғандығы белгілі.


Бейімбет ҮСІПБЕКОВ, Астана қалалық көші-қон департаменті директорының орынбасары:

– Астанаға келіп, тұрақтап жатқандардың басым бөлігі, нақты айтсақ, 97 пайызы – Қазақстанның ішінен келушілер, яғни ішкі көші-қонның үлесінде. Қалған екі-үш пайызы өзге мемлекеттерден келеді. Оның өзінде келіп жатқандардың дені – оралман ағайындар. Қандас бауырларымыздың арасында Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден келгендері басым. Ал ішкі көші-қон мәселесі бойынша Астанаға ең алғашында Ақмола өңірінен, Қарағанды, Қостанайдан қоныс аударушылар көп болды. Негізгі қала халқының құрамын сол жақтан келушілер құрады. Бірақ одан кейін Алматыдан мемлекеттік органдардың көшуіне байланысты оңтүстік аймақтан келетіндер көбейді. Сондай-ақ құрылыс қарқын алғанда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарынан келетіндердің легі асты. Енді Астананың күннен-күнге өсуі, өркендеуі қалаға  қызығушылардың санын арттырып отыр. Тұрғындардың орташа жасымен салыстыра қарағанда, Астана ең жас қала болып есептеледі. Астаналықтардың орташа жасы – 32 жас. Мұнда жастар бүкіл елімізден оқу үшін де, жұмыс істеу үшін де келуде. Жас мамандар лайықты да жақсы жалақысы бар жұмысқа тұруда, сондықтан Астанадағы тұрмыс деңгейі – еліміз бойынша ең жоғарылардың бірі. Астананың қоныс аударуымен басталған республикаішілік көші-қон солтүстік өңірге ұлттық шырай берді, ұлттық идеяның әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуетін нығайтты.


Жалпы, қос маманның сөзінен ұққанымыз – Астанада қазақ тілінің мәселесі біртіндеп шешіліп жатқан көрінеді. Бұрынғыдай емес, қазір мұндағы мекемелердің арасындағы хаттар да қазақша жазылады екен. Демек, қазақ тілінде сөйлеушілер көбейіп жатыр. «Бұл – жақсы үрдіс, жақсы беталыс», – дейді Қалалық көші-қон департаменті директорының орынбасары Б.Әбиқұлұлы. Қалай десек те, Астананың келешегі кемел, демографиясы алда әлі де талай өсетін, Қазақстанның басқа қалаларына үлгі болатындай болашағы зор қала болып қала бермек.



Астанаға Қазақстанның әр аймағынан келіп қоныстанушылар саны:

Статистика агенттігінің санағы бойынша, 2009 жылы Ақмола облысынан 10 210 адам келіп, оның 7798-і тұрақтап қалды; Оңтүстік Қазақстан облысынан 5607 адам келді, 4851 адам қалды; Қарағанды облысынан 3807 адам келді, 2731 адам қалды; Қостанай облысынан 3506 адам келді, 2675 адам қалды; Алматы қаласынан 3320 адам келіп, 2000 адам қалды; Шығыс Қазақстан облысынан 3242 адам келіп, 2664 адам қалды; Жамбыл облысынан 3235 адам келді, 2592 адам қалды; Солтүстік Қазақстан облысынан 2150 адам келді, 1593 адам қалды; Қызылорда облысынан 1763 адам келді, 1370 адам қалды; Павлодар облысынан 1605 адам келді, 1143 адам қалды; Алматы облысынан 1302 адам келді, 831 адам қалды; Ақтөбе облысынан 867 адам келіп, 830 адам қалды; Батыс Қазақстан облысынан 821 адам келді, 671 адам қалды; Маңғыстау облысынан 361 адам келді, 190 адам қалды; Атырау облысынан 354 адам келді, 255 адам қалды.



 




Көрілген: 4592    Пікірлер: 1

жұма, 02.07.2010, 09:22

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31