Елорда

Бозоқтың бел баласы – қазақтың Астанасы

  • Бозоқтың бел баласы – қазақтың Астанасы

    Бозоқтың бел баласы – қазақтың Астанасы

Арқаға мойын бұрып қарасақ, бір кездері Мәскеу түшкіріп қалса болғаны, күллі Кеңес империясының сай-сүйегіне дейін сырқырайтын замандарды да бастан кешіріп едік-ау. Сонда қит етсе, бастық атаулы «Мәскеу де бір күнде тұрғызылмаған» деп халықты басушы еді ғой. Бұл – сол бір кезді аңсау емес, керісінше, Құдайға шүкіршілік етуіміз. Кремльдегілердің қабағына жаутаң­дайтын кез қазір қазақ баласына жай бір көрген түс секілді өтті де кеткендей. Шүкір, ояндық, өңімізде біз өз алдымызға ел болып, еңсе көтеріп, еңселі елорда салған жайымыз бар. Соның арқасында бүгінде Алаш баласы Арқаның төсіндегі асқақ та айбынды Аста­на­ны алшаңдай басып, өзінің өзгеге кіріп­тарлығы жоқ, Тәуелсіз елдің азаматы екенін сезіне алады. Ал біздің Астананың жөні бөлек.


Бір күнде орнамаса да...

Астанамыз әлемнің көптеген елінің бас қаласымен салыстырғанда азғана уақыт ішінде бой көтерді. Тіпті оның көз ілеспес шапшаңдықпен өсуіне өзге елдер түгіл, сол қалада таң атырып, кеш батыратын Астана жұртшылығының өзі де таңғалады. «Бірер ай ғана бұрын осы бір ғимарат жоқ секілді еді, қалайша лезде?..» деген таңданыс пен сүйсініс аралас лебіз білдіріп жатады. Рас, елордамыз тікелей Елбасымыздың өзінің таңдауы мен өзінің бас-көз болуының арқасында тоқтаусыз салыну үстінде. Алайда бұл – Астанамыз тақыр жерден туды деген сөз емес, білгенге оның тамыры сонау тереңде жатыр.

«Бұрын өткен заманда, дін мұсылман аманда...» деп басталатын «Алпамыс» жырындағыша сөз бастасақ, сол тұста болмаса да, ежелгі ғасырларда Сарыарқананың сайын даласында Бозоқ деген қала болыпты. Басқа емес, саясат пен экономикадан бөлек тарих, әдебиет – барлық саладан білімі кемел Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өз еңбектерінде «бүгінгі жас, жас та болса қас сұлу елордамыздың арғы атасы – сол ортағасырлық Бозоқ» деген тұжырымды ой айтады.

Жалпы, Бозоқ қаласын алғаш ашқан – тарихшы, әйгілі академик Кемел Ақышев. Ал «бозоқ» деген сөздің өзі түркі-оғыз термині болса керек. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құры­лымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың «бозоқ» термині «тесіп өтетін жебе» немесе «ақ жебе» деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ се­леу­лі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.

Айнұр ҚУАТҚЫЗЫ, «24 KZ» телеарнасының тілшісі, «Бозоқтан – Астанаға дейін...» деректі фильмінің авторы:

– Тәуелсіз Қазақстан астанасының ұлы дала орталығы – Еуразия құрлығы­ның кіндігінде орналасуы тегін емес. Есіл мен Нұраның ортасындағы бұл мекеннің геосаяси маңызы зор екенін ежелгі қып­шақтар да білген. Астана тарих ағыны­мен жеткен Бозоқтың жалғасы іспетті. 1998 жылы қазақ археологі Кемал Ақы­шев қазіргі Астананың іргесінен орта ғасырға тән Бозоқ қаласының орнын анық­тады. Қазақстан тарихынан сыр шертетін бұл мұраны зерттеу барысы осылай басталған екен.


«Бозоқ»... Бұл қала шамамен біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдық­тың VIII ғасырында пайда болған. Содан бастап 600 жыл іргесі сөгілмей тұрған. Сол замандарда бұл аумақтан Ұлы Жі­бек жолының бір тармағы өткен. Бозоқ­тың пайда болуы соның арқасы деседі. Бозоқты зерттеген археологтердің айту­ын­ша, бұл шаһар Есіл мен Нұра өзенде­рі­нің арасындағы саз балшық пен кіші­гірім көлшіктердің ортасында қалған. Қараөткел дейтін өткел бар. Ұлы Жібек жолы мен Сарыар­қа даласы сол жерде түйіседі. Оңтүстік­тен солтүстікке, яғни Тайгаға баратын және шығыстан батысқа қатынайтын көш­тер­дің барлығы осы Қараөткел арқылы өт­кен. Саудагер­лер, керуендер, көшпен­ді халық нөпірі ешбір толастамаған стра­те­гиялық жол болған. Сондықтан олар ал­ғашында үш кішігірім бекет салған. Со­дан кейін, IX және XII ғасырларда бұл аумақ­тың көлемі ұлғая түскен. Бозоқ ортағасырлық кенті жеке үш бөліктен тұр­ған. Оның орталық бөлігі – дуалдардан, солтүстік бөлігі тұрғын жә­не өндірістік кешендерден құралған. Ал оңтүстігін қорымдар алып жатыр. Қа­лашықтың жал­пы аумағы 30 гектар­дан астам. Ор­та­ғасырлық өлшеммен ал­ған­да бұл на­ғыз мегаполис болған. Зерт­теушілер барлық үйлер темпера­тура­сы өте жоға­ры арнайы пештерде күйдіріл­ген кір­піш­терден салынғандығын айта­ды. Бұл ба­баларымыздың киіз үйден басқа да заманауи жайларды тұрғыза білгендігін аңғартады.

Көне шаһар тың игеруден қалай аман қалған?

Себеп – бұл шаһар Есіл мен Нұра өзен­де­рінің арасындағы саз балшық пен кіші­гірім көлшіктердің ортасында қалған. Мұн­дай жерлер тың игеруге келгендерді тым қызықтыра қоймаса керек. Осы ретте бір мәселені ерекше айта кетуіміз шарт, ол – Бозоқтың географиялық орналасу айма­ғы, ерекшелігі жайлы. Тарихтың тереңіне бой­ла­сақ, түркі текті көшпенділер Еуразия ке­ңіс­тігін алғаш қоныстанған кезде өзде­рінің елді мекендері мен тұрақтары үшін табиғи қорғаныс ерекшеліктері бар сулы-батпақты өңірлерді таңдаған екен. Оның мәнісі жаугершілік заманда шапқыншы­лардың батпақты өңірлерде кең соғыс қи­мылдарын жүргізе алмайтындығына бай­ланысты. Мұндай «батпақты аймақтағы қа­лалар» мы­салына, Арал өңіріндегі оғыз­дар, Дағыс­тандағы Терек өзенінің жа­ға­сындағы бат­пақты өңір­лер­дегі хазарлар тұрғызған қа­ла­ларды мысалға келтіруге болады. Бозоқ қа­ласы да осындай топо­графиялық қа­сиет­­­те­рі­мен ерекшеленеді. Ол Есіл өзе­нінің сағасындағы батпақты өңірге қоныс теп­кен. Ал бабаларымыз не­лік­тен қаланы бат­пақ­ты өңірлерге салуды дұрыс деп шешкен? Себебі олар осы арқы­лы екі тиім­ділікке қол жеткізген екен: бі­рін­шіден, бұл қорғаныс үшін қолайлы бол­са, екінші­ден, егін­шілік­пен айналысуға таптырмайтын ке­ңістік. Бозоқ қаласының батыс жағы Бозоқты көлі­мен қорғалса, шы­ғыс жағы батпақты бо­лып келеді. Ал қа­ланың оңтүстік аймағы қолдан жасалған орлармен қоршалған.

Ал енді сонау Бозоқтан бүгінгі Астанаға қалай жеттік? Бергі тарихқа көз салсақ, 1830 жылы Есіл өзенінің жағасын­да, то­ғай­лы-қамысты Қараөткел аймағында Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтің Ақ­мола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығымен қазіргі қала орнына қазық қағылады. 1832 жылы халық саны­ның өсуіне байланысты бекініске қала мәр­тебесі берілген. Содан тоғыз жолдың тора­бында орналасқан бұл аймақ тез өсіп, ірі сауда орталығына айналған. 1873 жы­лы бекіністе қала сұлбасы пайда бо­лып­ты. Бозоқтан Астанаға дейінгі шаһар атаулары әр кезеңнің саясатына байланысты өзге­ріп отырған. Қала 1961 жылға дейін Ақмо­ла атанып келсе, 1961-1992 жылдары тың иге­рушілердің орталығы ретінде Целино­град болып өзгерді. Ал өзінің байырғы атауы Ақмоламен ол 1992 жылы қайта қа­уы­шып, 1992-1998 жылдары қала Ақмо­ла деп аталды.1998 жылдың 6 мамырында ел Президентінің Ақмола атауын өзгерту туралы бұйрығымен қала Астана болып тарихқа енді. Астананы Ақмолаға көшіру ту­ралы батыл бастаманы ең алдымен Ел­басымыз Н.Назарбаев көтерді. Бұл идея талай рет талқыға салынып, ел еңсесін тіктей алмай жатқанда бас қаланы бат­пақ­ты өңірге көшірудің ақылға сыймайтынды­ғын айтып қатаң сынға алғандар да табыл­ды. Соған қарамастан, Ақмоланың астана болуға лайықты 50-ден астам артықшылы­ғы мен ерекшелігін дәлелдеген Елбасымыз еді. Сондай қайраткерлік пен жігердің ар­қа­сында осындай талас-тартыстың соңы Президенттің ұсынысын қабыл алумен аяқталды. Сөйтіп, 1997 жылдың 20 қаза­нын­да Президент Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының ас­та­насы деп жариялау» туралы бұйрыққа қол қойды.



Түгел сөздің түйіні

Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғас­тырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Аста­на бүгінгі Батыс пен Шығыс өрке­ниетінің алтын көпіріне айналды.





Көрілген: 1639    Пікірлер: 0

жұма, 05.07.2013, 12:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31