Арақ ішкен адам кейін имам болса несі бар екен?
"Кеше арақ ішкен адамдар бүгін молда болып жүр. Бұл – екіжүзділік" дейді бір ініміз. Ойланып қалдым. Мысалы, өз басым 1970 жылдардың соңында "Жетісу" газетінде атеистік бөлімде жұмыс істедім. Соның әсері болар, екі жыл баптистермен дос болдым. Ондағым - оларды атеист етіп шығарғым келді, олар болса мені баптист жасағысы кеп тырысты. Апта сайын кездесіп жүрдік. Мәдени түрде көп пікірлестік, көп айтыстық, ойымызды дәлелдеу үшін көп нәрсе оқыдық. Сонда да бір-бірімізді жеңе алмадық. Ақыры қоштастық.
Бірақ "ақылды адамда иман бар, иманды адамда ғибадат бар" демекші, біртіндеп өз ақылыммен бір Жаратушының бар екендігіне көзім жетті. Алла нәсіп етіп, 1990 жылы қазан айында маңдайымыз алғаш рет сәждеге тиді. Бұл екіжүзділік емес, бұл иманға ұмтылыс болатын. Алласын тану үдерісі үздіксіз жүретін құбылыс. Мектепте бұзақы болған бала кейін полиция қызметкері болса ешкім айыптамайды ғой. Сол сияқты бұрын арақ ішкен адам кейін имам болса несі бар екен? Өзінің қателігін түсінді, Тәубесіне келді. Түзу жолға түсті. Бұл ізгілікті құптарлық қадам. Адам өмірі қатып қалған бетон емес, ол да өзгереді, ұғым-түсінігі дамиды, жетіледі. Жетілген сайын Аллаға мұқтаждығы артады. Аллаға мұқтаждық Тәубеге ұласады.
Қарап отырсақ, ендігі тәубеге келу кезегі - қателескен інілеріміздің Өзінде екен! Алла тағала жүректерімізді нұрландырып, біздерді бір сапта тұрып намаз оқуымызға нәсіп етсін!