Сен тұр - мен айтайын!

Балаға ғылымға сүйенген білім мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру керек

  • Балаға ғылымға сүйенген білім мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру керек

    Балаға ғылымға сүйенген білім мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру керек

ЫҢҒАЙСЫЗ СҰРАҚТАР

Мен ешқандай партия қатарында болып көрмедім.
Институттан кейін ауылға барғанда парторг ағай үгіттегені бар. Жоғарыдан жоспар келді ме екен, әйтеуір мені көрсе коммунист болуға лайықсың деп шығатын.
- Қарманов ағай партияға өт деп қоймайды, қайтсем екен, - дедім бірде әкеме.
- Балам, қайтесің соны, - деп қысқа қайырды.
Содан парторг ағайға мен әлі пісіп жетілгемін жоқ, еңбегім КПСС қатарында болуға жеткіліксіз деп құтылдым.
Алматыға келгенде қатары толық па екен қайдам, партияға шақырған жоқ. Бірақ политинформация деген пәлесіне қатыстыратын. Қалтамызда күректей диплом, бір-бірімізге кезекпен баяндама оқимыз. Текке кеткен уақыт...
Содан бір съезд өтті, материалдарын талқылау науқаны басталды.
Политинформацияны тарихшы апай жүргізетін, "кемелденген социализм" тіркесін оңды-солды қолданғаны сонша, ол кісіні осылай атап кетті.
Сонымен не керек, съезд материалдары бойынша КС апай баяндаманы өзі жасады.
- Сұрақтарың бар ма? - деді өзіне-өзі риза түрмен.
- Менде бар, - дедім.
- Сұра, - апай мәз.
- Сіз жаңа совет халқының жағдайы жақсарды, 25 процентінде жеке көлік бар дедіңіз ғой, иә?
- Иә,- қағаздарын бір ақтарып жауап берді.
- Олай болса, біздің ұжымдағы 60 мұғалімнің 15-де жеке көлік болу керек. Сол машиналар қайда?
КС апай сасып қалды.
- Жәкеңде машина бар емес пе.
- Ол кісіде бір машина, қалған он төрті ше?
- Мұратта бар еді ғой...
- Оның әкесі соғыста қан төгіп алған машина,ол Аягөздің 25 процентіне кіреді,- мен де қоймаймын.
- Сонда сен не, партияға қарсысың ба?! - КС апай соңғы және мықты аргументін көлденең тартты.
Сөйтіп политинформацияның соңы сыйыр құйымшақтанып аяқталды.
Біраздан соң райкомнан тағы бір баяндамашы келіп, съезд материалдарын біраз мыжыды. Соңында сұрақ бар ма деді, мен қол көтердім. КС апайдың түрі бұзылып, тоқтатқысы келген сыңай танытты, алайда мен тұрып, сөзімді бастап кеттім.
- КПСС тарихына үңілсек, "чистка рядов" деген тазарту жүргізіліп отырған. Қазір ондай әрекет күтілмей ме?
- Неге сұрадыңыз, неге олай ойлайсыз?
- Өйткені қазір партия қатарына идея үшін емес, мансап үшін кіретіндер басым. Коммунист болмасаң, сен ешқандай лауазымды орынға отыра алмайсың. Мектеп директоры, завуч, тіпті киоскіге жұмысқа тұру үшін партияға өту керек. Сонда сатушы газеттің мәтінін өзгертіп тастай ма?
Баяндамашы сасқалақтап, орамалмен терін сүртіп, чистка болмайды-ау деген мағынада жауап беріп, КС апай жиынды тез аяқтап тастады.
Бірде директор шақырып жатыр дегесін кабинетіне бардым. Парторг апай екеуі отыр екен.
- Дәмеш, бізге райкомнан ұсыныс келді, бір адамды Марксизм-ленинизм университетіне оқуға жіберуіміз керек, соған сен барсаң қалай болады, - деп бастады басшымыз.
- Мен коммунист емеспін ғой, солар өздері оқысын да.
- Райкомның нұсқауын орындамасақ болмайды, сенің кандидатураңа тоқтап отырмыз, баруың керек,- парторг апай кірісті.
- Райкомның нұсқауы Сіз үшін заң шығар, ал маған не істейді, партиядан шығарып жібере ме,- деп қисайдым.
Директорымыз дипломат екен. Университетке барсаң, барлық жиналыс, политинформациядан құтыласың, педкеңеске қатыссаң болды деді. Мына ұсыныс ұнап кетті. Сөйтіп екі жыл Марксизм-ленинизм университетінде оқыдым. Аптасына бір рет, институтта оқыған сабақтар жүрді, түк те қиналғамын жоқ. Психология дәрістері мен практикалық сабақтары өте ұнады.
Ең қызығы, мен ат-тонымды ала қашып жүрсем, ол университетте оқу кәдімгідей дәреже екен...
КПСС-тің жағдайы нашарлаған кезде соңғы тұяқ серпуі ретінде қатарын толтыру үрдісі жүрді. Мен құралпас бір-екі әріптесім кандидаттыққа өтті де, бірақ КСРО тарап, бұлар толыққанды коммунист бола алмай қалды.
- Партия сендердің салмақтарыңды көтере алмай, жалпиып құлап қалды, құрттыңдар ғой,- деп күлдім.
Кейін "Нұротан" өкілі мектебімізге келіп үгіт-насихат жүргізді, бас тарттық.
Жалпы мұғалім саяси күштердің, діни топтардың ұстанымдарынан аулақ болғаны абзал. Балаға ғылымға сүйенген білім мен ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие беру керек.

Дамеш Исаханова

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1798    Пікірлер: 0

жексенбі, 25.07.2021, 16:28

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қыркүйек, 12:34
    Сөйтсем, "мода" екен
    22 Қыркүйек, 00:33
    Алматинский стрелок-3

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31