Байлық пен бәсеке, дақпырт пен даңғойлық қазағымызды қайда апарар екен?!.
(Әйелім "бөлелердің тойына барамыз" деп жиналып жатыр, ал мен етбетімнен жатып алып мынаны жазып тастадым. Бірақ бұл жазбаның бөлеме еш қатысы жоқ, ол да өзіміз сияқты қарапайым адам, мәселенің мәнісі тойды тойып секіретіндердің астамшылдығына айналдыра бастаған ағайындарда болып отыр)
Тойларының салтанатын бір-бірінен асыру үшін қазағым не істемей жатыр? Бүгінде кейбіреулердің тойларында 250-300 қонақ болды деп таңдай қаққаныңыз бер жағы екен, қазір "мықтымын" дегендер аттарының басын 1000 адамнан қайтаратын болған. Жиналғандардың көңілін көтерсін деп "сауын" айтып шақыртқан әншілері мен бишілері Ресей мен Өзбекстаннан келген кіл мықтылар.
Ал күйеу жігіт пен қалыңдық мінген лимузин екі жасты тойхананың ішіне әкеп бір-ақ түсіретін болды. Белі еңкейген әжесін өстіп әкеп түсіріп жатса бір сәрі. Лимузин кіргенде тойхана іші улы газға толы түтіннің иісіне мелдектеп, кейбіреулер қақалып-шашалып, жөтеліп жатса да қабақ шытпайды. Өйткені, "қайдан құлақ шығарса да қазаншының өз еркі" деген, бетбақ байшыкеш айтады, бейшара кедей көнеді.
Тойханаға ат кіргізу де "сәнге" айналды. Есі барлар тойға қызмет жасауға пайдаланатын басбілгі аттарының тұяқтарына мата орап, тайып құламауын қатты қадағалайды. Бірақ ондай сақтықты ескермейтіндер де бар. Қауіп те, міне, осы жерде. Тайып құлаған аттың үстінде бейқам бала отырса майыптың үлкені сонда болады.
Қысқасы, қазағымыздың тойы даңғойлық пен дақпыртқа, "менің жасаған тойым бәленшенікінен мың есе асып түсті" деген бәсекеге айналды.
Тиісті мекемелер тарапынан заңдар мен ережелерді алға тарта отырып, қазақ еліндегі тойда тиым салатын нәрсе баршылық. Олар не? Олар, әсіресе, тойхана ішіне лимузин мен атты кіргізу деген сорақылық. Міне, ең бірінші осыны үзілді-кесілді тоқтату керек. Өйткені мұның екеуі де жиналған адамдар өміріне өте қауіпті және зиянды.
Тойларына тікұшақпен келген күйеу жігіт пен қалыңдық "қызығын" әлі ұмытпаған шығарсыздар. Ақыры не болды? Тікұшақ пилоты штурвалға белгілі бір мерзімге дейін қайтып отырмайтын болды. Лимузин мен ат иелеріне де осындай шара қолдану керек шығар.
Көсемәлі Сәттібайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан