Сен тұр - мен айтайын!

"Болмайтын жерде намысы ояна қалады. "

  • "Болмайтын жерде намысы ояна қалады. "

Қызымның сыныбында 27-28 бала бар. Мұғалімдер күнінде, 8 наурызда әр баланың ата-анасы 500-1000 теңгеден жинап, мұғалімге сыйлық береді (ақшалай немесе заттай). Бұл кезде баланың құқығы бұзылмайды, ата-ана мен мұғалімнің де құқығы бұзылмайды, намысы аяққа тапталмайды. Бәрі ОК. Керісінше, сол 500-1000 теңгені саналы түрде бермейтін бір ата-ана "сараң, жалғыз қызына 1000 теңге бере алмайтын байғұс".

Жыл он екі ай неше түрлі олимпиада өтеді. 500 теңгеден 5000 теңгеге дейін. Ақшасын төлеуге қабілетті, төлей алғандардың арасындағы жарыста баласының орын алғанына (бірінші орынның өзі мың қызық бес балаға берілетініне қарамастан) мәз, бір жапырақ грамота бергеніне риза.

Түрлі конкурс бар. Сол конкурстағы бір жапырақ қағазды алу үшін жарна беруге арланбайтын, қайта соны қайтсем алам деп жанұшыратын мұғалім көп. Бір жапырақ қағазды қалтасынан ақша төлеп, "сатып алады". Ешкімнің намысы тапталмайды, ешкімнің құқығы аяққа басылмайды.

Кей мектептерде әлі күнге дейін дәретхана қағазын алуға, мектепті әктеп-сырлауға ақша жинайды. Бұл кезде де ешкімнің құқығы аяққа тапталмайды, ешкімнің ар-намысына нұқсан келмейді. Концерттерге билет алу туралы айтпай-ақ қояйын.

Ал енді ең негізгі оқырманымыз балалар болғаннан кейін жазылу науқаны кезінде білім басқармаларына, әкімдерге хат жолдаймыз. Оған назар аударатыны бар, аудармайтыны бар. 18 миллион халық бар десек, соның ішінде біздің оқырман 18 000 ғана. Бәлкім, одан да аз. Жылдық жазылу бағасы үш мың теңгеге де жетпейді. Оны кейбіреулер сынып болып жазылады, кейбіреулер жеке-жеке жазылады. Бес-алты бала бірігіп жазылатындар да бар. Негізі, әр мектептің кітапханасында болса, соның өзі жеткілікті еді. Қажет деп тапқан бала барып оқитын еді. Өкінішке қарай, соның өзі жоқ. Мектептер түгілі, кейбір облыстық, республикалық кітапханаларда жоқ. Біз балаларға, ата-анаға, мұғалімге зиян келтіретін дүние жариялап жатқан жоқпыз. Титтей де болса пайдасы тиетін дүние жариялауға тырысамыз. Барынша. Ал сол газет-журнал керек емес, жазылмаймыз, менің балам газет-журналсыз да мықты адам болады дейтін ата-ана болса, оған да қарсылық жоқ. Бәрі ОК. Сондықтан болмайтын жерден шу жасап, бедел жимай-ақ қояйықшы.

***

Газет-журналға жазылу десе, төбе шашым тік тұратын болды өзі. Жазыл деп айтсақ, жұртты мәжбүрлеген болып шығамыз. Жазылып, газетті алмаса, тағы да біз кінәліміз. Сол ақшаны қалтамызға басып алғандай көреді. Жазылған дүниесінің артына түсіп, поштадан талап етуге жоқ та, бізді қаралауға бәрі шебер. Ал біз бар болғаны журналистпіз. Біздің міндетіміз – мақала жазу, контент жасау. Қалғаны біздің шаруа емес еді. Бірақ, сол үшін де жауап беруге тура келеді. Өзінің міндетін дұрыс атқармайтын пошта қызметі үшін де жерге қарауға тура келеді. Шынымды айтсам, кейде осы проблемалардан құтылудың жалғыз жолы жұмыстан шығып кету сияқты көрінеді. Шын сөзім.

***

Осы күні мұғалімдердің біразы (барлығы емес, біразы, бәлкім, көпшілігі) ата-анадан тіленіп ақша алғанда намыстанбайды. Көше кезіп, тізім жасағанда арланбайды. Ағаш әктеп, көше сыпыруға да үнсіз келісе береді. Сайлауда дауыс ұрлап, заңды белден басып жатқанда ұятты жинап қояды. Бірақ болмайтын жерде намысы ояна қалады. 




Көрілген: 1885    Пікірлер: 0

сенбі, 16.11.2019, 15:01

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31