Бойына қорқыныш ұялаған адамдарды өз қатарларына осылай тартуға тырысуда...
Діни ағымдар қызу іске кірісе бастаған сыңайлы.
Кеше түсте көлігімнің терезесіне қыстырып кеткен конверт тауып алдым. Ашып оқысам христиан бағытындағы діни ағымның дүмше діндарларының "өсиет хаты" екен. Жалпы мазмұны мына болып жатқан оқиғалардың барлығы да солардың құдайларына сиынбағандықтан болып жатыр екен-мыс. Жазуларына қарасаң кәнігі психологтар ма дерсің. Адамдарды жанды жерлерінен ұстауға тырысады. Айтуларынша мына індет ақырзаманның белгісі және олардың теріс ағымдарына кіріп, құдайларына сиынсам ғана вирус жұқпай мына індеттен аман қалады екенмін. Ақырзаман болғанда да аман қалатын тек қана солар ғана екен. Ең соңында өздерінің интернеттегі сілтемелерін қалдырып, жылы қоштасыпты. Айналама дұрыстап қарасам қатар тұрған бірнеше мәшиненің терезесінде қыстырылып осындай хаттарды байқадым. Көлемі екі бетке жуық хатты ерінбей жалықпай қаламсаппен көшіріп жазып шыққанына таң қалдым. Бірақ, өзін жарып жіберуден де тайсалмайтын, діни аддикцияға ұшыраған "зомбилардан" бәрін де күтуге болады.
Ал кешке азық-түлік алайын деп дүкенге кірсем, кетпен сақал қысқа балақ псевдосалафит жігітті кездестірдім. Ауру тарап жатыр ғой, бетіңе неге маска киіп сақтанбайсың",- десем - мен Аллаhқа ғана тәуекел етемін, үйден дұға оқып шыққанмын, еркекке бет жүзін жасыруды Алла әмір етпеген, - деп қарап тұр....
Ал енді бүгін мессенджер арқылы келген хабарламаны оқысам исламның псевдосалафилік ағымның өкілдерінен келген екен. Мазмұны жағынан әлгі христиандық ағымнан еш айырмасы жоқ. Яғни вирус кезінде тез арада тәубесіне келмегендерді Алла мына дүниеде коронвируспен, ал о дүниеде тозақпен жазалайды екен-мыс.
Үкімет пен халық індетпен қалай күресеміз деп бас қатырып жатса, теріс діни ағымдардың жақтаушылары жағдайды өз арам мақсаттарына пайдаланып, бойына қорқыныш ұялаған адамдарды интернет арқылы өз қатарларына осылай тартуға тырысуда. Сақ болайық!
Ермек Құрманғалитегі
Фейсбуктегі парақшасынан