Сен тұр - мен айтайын!

Бүйткен сауда-саттығы құрысын, тиыш жүрейінші осы...

  • Бүйткен сауда-саттығы құрысын, тиыш жүрейінші осы...

    Бүйткен сауда-саттығы құрысын, тиыш жүрейінші осы...

ЕКІ ҚАП ШАМПАН

Кеше Қалыбек ағаны көрдім. Эфирдегі ақпаратын «...Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай, «Хабар», Оңтүстік Қазақстан облысынан» деп аяқтайтын Қалекең ше баяғы.
Сол Қалекемді көрсем болды, тоқсаныншы жылдардың басында жоғалтқан «екі қап шампаным» есіме сап ете түседі.
Ұмытпасам, мың тоғыз жүз тоқсан төртінші жыл. Әйелім екеуміз «Егеменнің» жетпіс бес жылдық тойына баратын болдық. Басшыларымыз «Келіндерді үйлеріңе тастап кетпей, ерте келіңдер. «Егеменге» сендер сияқты олар да қызмет етіп жүр жағдайларыңды жасап" деп тапсырма берген.

Ол кезде астанамыз Алматыда, бас редакторымыз Нұрлан Оразалин аппараттағы тілшілер, облыстағы тілшілер деп бөлмей, бәрімізді Президенттің резиденциясынан бір-ақ шығарды. Президент те елден келген тілшілерді тосырқамай, емен-жарқын әңгімелесті. Қасына тұрып суретке түскенімізге де қарсы болған жоқ. Қысқасы, жетпіс бес жылдық керемет өтті.
Президентпен кездесуімізден басқа да «қызықтарымыз» жетерлік. Меншікті тілші деген қызметтің майын ішкен ағаларымыздың мен сияқты жұмысқа жаңа тұрғандарды «пропискаға» тұрғызып, өздерінше «тіркеп» алатын жазылмаған заңдары бар екен. Сол «сынақтан» сүрінбей өту үшін әйелім екеуміз қонақ үйдегі бөлмемізге дастархан жайып жіберіп, бүкіл меншікті тілші деген «атағы» бар маңғаз көкелерімді қонаққа шақырып, "пропискаларына" да аман-есен тұрып алдым. Отыз бестегі ойнақтаған кезім ғой, Жамбылдың спирт зауытынан сол тұста сәнге айналып, қолы жеткендер ғана ала алатын, өзі құмыра сияқты шыны құтыға құйылған бес литрлік «Тараз» деген таза арақтардың бірнешеуін алып алғам, әріптес ағаларыма, әсіресе, сол "сусын" қатты ұнады. Талдықорғандағы "Полтора Қазақ" атанған тілші көкем «дәмін татпақ тұрмақ, әлі тұтқасынан ұстап көрмеген мына «хит» арақты үстелге қойғаныңнан-ақ біздің қатардан екеніңді бірден білдім» деп арқамнан қақты.
Содан не керек, той тарап, елге қарай жүретін болдық та, әйеліміз екеуміз «құр қол қайтпайық» деп «көтерме базарға» тарттық. Тоқсаныншы жылдардың «топалаңын» көргендер біледі, «көтерме базар» дегеніміз Максим Горький паркінің алды, троллейбустар мен автобустардың «кәнешніи» аялдамасының дәл өзі болатын. Барсақ ығы-жығы халық. Баяғы студент кездегі қыдыратын, қызығатын паркке ұқсамайды.
Жаңа жылдың қарсаңы болғандықтан әйеліме «Көтеріп тұрып шампан сатып алайық. Таразға барған соң екі есе бағасына өткереміз» дедім. Жаппай сауда жасау сол кездің «салты» боп кеткенін білесіздер. Солардан біз де қаламыз ба деген әрекет те баяғы. Әйелге де сөз өтетін кез, «оны кім сатады?» деп қиқаңдағанына қарамастан судасына келісіп, кимешек киген келіншектердей сап түзеген шампандарды өкіртіп тұрып көтере сатып алдым. Оным сықыр-сықыр еткен екі қап болды.
Вагонға мініп, купеге жайғасқан соң сықырлаған бәлелерді орындықтың астына тықтым. Анау-мынау деп әңгіме айтып отырдық та, бір кезде есінеп, ұйқымыз келе бастаған соң жастыққа бас қойдық. «Алматы - Шымкент» пойызының Жамбылдан түсетіндер үшін бір жаман жері түнгі төрт жарымда «Тараз, Тараз, тұрамыз» деп тәтті ұйқыңды бұзатыны. Алматыдағы алашапқыннан әбден шаршасам керек, қатып қалыппын. Жолсеріктің «Тараз, Тараз, тұрыңдар» деген айқайынан оянып кетім. Терезеден қарасам Тараздың вокзалында тұрмыз. Тез түспесек Шымкентке қарай шүу деп жүріп кеткелі тұр пойыз. Апыл-ғұпыл киініп, заттарымзды алып, сыртқа шықтық. Одан таксилетіп үйге жеттік. Өз үйіміз өлең төсегімізді сағынып қалыппыз. «Әй, енді бәрібір ұйқы жоқ, кел, одан да бір шәй ішіп алайық» дедім әйелге. Дегенім бар болсын «ш» деген әріппен бірге «шампан» деген сөз миымды солқ еткізгендей болды.
-Алда әкің... Шампандарымыз пойызда қап кетіпті.
Табан астында екі қап шампанға төленген ақша, ол екі қап шампанды ырсылдап жүріп пойызға жеткізгенім, одан купе, одан орындықтың астына қойғаным, ең азабы осы еңбектің бәрі - екі қап шампан ертең Шымкенттегі бір адамның олжасына айналатынын ойлағанда, ішім удай ашып сілейдім де қалдым. Әйелге де ұрсып алдым, "мені қойшы, сен әйел емессің бе, есіме салмайсың ба, менімен ілесіп түсіп жүре бергенің не" деп.
О байғұста үн жоқ. Еркектердің мұндайда бәріне әйелді ғана «кінәлі» ғып шығаратынын ол да біліп алған.
-Бір-екі бөтелке емес, сықырлаған екі қап шампан! Оған кеткен бәленбай мың ақша желге ұшты десейші енді, - деген сайын байғұстың тойдан алған әдемі әсерінің бәрі тоз-тоз болды да кетті.
Енді не істеу керек? "Жаңа жылда шампан сатып, ақша жасаймыз" деген план быт-шыт болды. Осы кезде Қалыбек аға есіме сарт ете түскені. Кәдімгі Қалыбек Атжан ше! Ақкөңіл ағаның үйінде 1989 жылы болғаным бар. Жазушы Мұрат Сыздық екеумізді әбден күтіп жіберген. Сол кісіге телефон шалайын деп шештім. Бірақ үйде телефон жоқ. Бұрын жұмыс істеп кеткен облыстық газеттің редакциясындағы телефонның бәрі құлыптаулы есіктің ар жағында. Ол телефондардың қожайындары маң-маң басып келгенше, еріне қимылдап есіктерін ашқанша таң да атып, Шымкентке жеткен шампандарым да жолсеріктердің «жеміне» айналады.
Осы кезде Құдай аяды ма, әйтеуір, есіме вахтада отыратын күзетшілердің телефоны түсе кеткені. Оныншы шағын ауданнан таксилетіп отырып орталықтағы редакцияға жеттім де есігін тоқпақтап жатып ішке кірдім. О, масқара, Қалыбек ағаның телефонын білмейтінімді ойламаппын. Енді қайтім? Әр минут қымбат. Шампандарымды ап кеткен пойыз ендігі Түлкібастан асып, Сайрамға жетіп қалған шығар деген ой басыма келген сайын ішім удай ашиды.
Қалекең ол кезде Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі. Ал біздегі тілші Лесбек Сайлаубек. Енді Лесбекке звондадым. Ұйқылы-ояу қалпы Қалекеңнің телефонын айтып берді.
Тердім. Барып тұр. Бір уақытта көтерді. Үйінде екен. Қуанып кеттім. Бір жаққа радионың жұмысымен кетіп қалса таза масқара сонда болатын еді.
-Қалыбек аға.
-Ау.
-Шымкентке шампандарым кетіп қалды.
-Не дейт?
Мені қылжақтап тұр деп ойлап қалған сияқты.
-Шын айтам, пойызға сап әкеле жатқан шампандарым Шымкентке кетіп қалды.
-Қалай?
-Алматыдан ап келе жатқам ғой, орындықтың астында қойған соларды тарс ұмытып, Тараздан түсіп қаппын.
-Екі қап шампанды қайтпек ең?
«Сатып пайда табайын деп ем» дегенге ұялдым да, «інімнің тойына алып ем» деп өтірікті соғып кеп жібердім. Сол кезде, шынында, шампан деген облыста өте қат тауар боп тұрған. Нарықтың тілімен айтсақ, нағыз «ходовой тауардан» айырылып тұрмын да былайша айтқанда.
-Енді неғыл дейсің маған?
-Қалаға, таңертең пойызға барып соны жолсеріктерден алыңыз да маған қайта сап жіберіңізші.
-Ой, бүйткен тірлігің бар болсын.
-Ағатай...
-Жарайт.
-Аға, екі-үш шампанды байладым сізге.
-Ой, шампаныңның шешес...
-Аға, келістік қой, ә?
-Жарайт дедім ғой мен саған.
Иығымнан басқан екі қап шампанның ауыр салмағынан құтылғандай бір уһ дедм де үйге келдім. Әйелім кінәлі адамдай әлі ұйықтамай отыр екен, менің қабағымдағы ери бастаған мұзды көріп, қуанып кетті.
Кешке Шымкенттен келетін «Алатау» пойызын күтіп алдым. Баяғы өзім қойған жерде екі қабым жатыр. Алдым да таксиге сап, үйге тарттым. Санағам да жоқ. «Қалекеңе екі-үш шампанды өзім атадым, жолсеріктер де бір екеуін «қаққан» шығар, әйтеуір қалғаны аман болса болды да» деген ойға көңілім толып, үйге келдім.
Үйге келсем қаланың іргесіндегі Шайқорық ауылындағы жеңгем кеп отыр. Баласы үйленіпті. «Тойын осы аптаның аяғында жасайым» дейді. Дейді де дегендей көзінің қиығымен шампан толы қаптарға қарап қояды. Ойын түсіндім де «Інімнің тойына қосқаным болсын» деп, екі қаптағы қалған шампанның бәрін жеңгеме ұсындым. Жеңгемнің қуаныштан көзі күлімдеп кетті.
Ал мен "бүйткен сауда-саттығы құрысын, тиыш жүрейінші осы" деп, үстелімдегі жазу мәшіңкемді құшақтап отыра кеттім.

Көсемәлі Сәттібайұлы
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1207    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.01.2020, 18:16

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 10:15
    Мұндай еркек мүлде жоқ...
    11 Қыркүйек, 13:08
    АҚЫН ЕМЕС, ҚАТЫН КЕРЕК...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30