Экономиканың жағдайы мәз емес, бірақ әкімдер мақтаулы

16 қараша 2018, 11:37

Өзіміз күнде жамандайтын соц.реализмнің бір артықшылығы бар еді. Ол еңбек адамына құрмет сезімін қалыптастыру...
Қазір ондайды БАҚ бетінен сирек көресіз.
Экономиканың жағдайы мәз емес, бірақ әкімдер мақтаулы.
Ғылымда ашылып жатқан жаңалық шамалы, бірақ жекелеген ғалымдар мақтаулы.
Тізімді жалғастыра беруге болады...
Ал еңбек адамы туралы сирек оқимыз..

Ұшақ доңғалағы жерге тигенде жолаушылар ұшқыштарға алғыс ретінде шапалақ ұратын үрдіс бар..
Егер, сіз мінген ұшақ Шымкент аэропортына аман-есен қонуында менің досым Нұржанның да еңбегі бар.
Еңбек жолын 32 жыл бұрын сол жерде техник болып бастаған Нұржан бұл күнде әуежайдың жердегі барлық шаруасына жауапты. Әлеуметтік желі дегеннен хабары жоқ.
Қай бір жылы әлеуметтік желіде біздің әуежайдағы багаж таситын транспортир жақсы емес деген пост оқыдым. Соны әңгіме арасында Нұрекеңе құлаққағыс қылып едім, көп ұзамай қондырғы түгелімен жаңаланды.
Нұрекең секілді азаматтарды газеттер жазбайды.
Жалпы, "Қазақстанға еңбегі сіңген авиатор" деген атағы бар адамға жарты бет арнаса артық болмас еді...
Бозбала шағымыздан қатар келе жатқан өзі қалада туып өссе де Нұрекең менің ең үлкен махаббатым Сайрамсу екенін еш есінен шығармайды. Екеуара әңгіме кезінде аузымнан "Сайрамсу" деген сөз шықса болды, алғашқы демалысында жігіттерді ұйымдастырып жіберіп, мені Сайрамсуға алып барады..
Бірде менің депрессиямды сезсе керек, түтеп тұрған боранда "Газ-66"вездеходпен "Сарыайғыр" шатқалына дейін апарып келгені бар :-) (Қайтып келген соң аман-есен оралғанымызға шүкіршілік айтып, құдайы жасауға тура келген).
Жалпы, айтайын дегенім - еңбек адамын жазатын журналист іздеу еді.

Өмір Шыныбекұлы
Фейсбуктегі парақшасынан