Сен тұр - мен айтайын!

Ғажайыптарға аса сене бермейік, адамнан Құдірет жасауды қою керек...

  • Ғажайыптарға аса сене бермейік, адамнан Құдірет жасауды қою керек...

    Ғажайыптарға аса сене бермейік, адамнан Құдірет жасауды қою керек...

Сол жігіт қайда жүр екен, а?)

"Құдайдан басқаның бәрі мінсіз емес".

Осы сөз - сөз!

Күлкім келеді, кейде өз ойыңнан өзің қысылатын кездер болады, иә? Әсіресе, жасың ұлғайған сайын. Біреуді періште санайсың, ал біреуді сұмдық таза көріп аласың. Өзгені қойшы, өз басым осының әлі күнге жігін аша түсінген емеспін, әлі де өз ойымнан өзім қайтып, өзім айтып, өзім қойып жүргенім...

Қолдан жасап алған "мұнараның" аты қолдан жасалған ғой! Қалыбын Құдай мінсіз қып жаратпаған соң, әйтеуір бір жерінен пенделіктің бір ұшы шығады да тұрады. Сөйтсек, өзің де сондай екенсің ғой, "на самом деле")

Былайша, арыңды кірлетпеуге, абыройыңды сақтап қалуға тырысып жүргендейсің?! Анам: "жүрер жолыңды, сөйлер сөзіңді біл. Алды-артыңды тазалап жүр. Бетіңе салық болардай ештеңе жасама. Жаманның орнына жақсы да жүреді, жәй сөйле. Жолыңды ашып жүр..." дегенді миыңның қыртыстарына титтейіңнен сіңдіріп тастағаны соншалық, өзіңді шеңберде ұстаудан шаршап кетесің. Кез-келген жерде көзалдыңда Паршагүл тұрады, осы сөздерімен) Сөйтіп жүріп қателікке ұрынасың, алданасың, біреуді жамандайсың, жеккөресің, сөйтіп жүріп өзің өзгені алдап қойғаныңды сезбей қаласың, әйтеуір түсінбейсің...

Бір күні күйіп кеткен болуым керек, әңгіме арасында "апа, Құдай үшін өзің сондай бола берші" дедім. Көзін төңкерген күйі: "содан жаман боп жүрсің бе, немене? Кемпірдің қызы деген атың бар!" дей салды, бірауыз сөзбен сілемді қатырып. Тырысасың.

Айтайын дегенім бұл емес дегендей, өткен бір жылдары болған жағдай есіме түсті. Күзетші бір жігіт болды, біз жұмыс жасайтын мекемеде. Өзі ақынжанды, оқу-білімге құштар болды. Қашан қарасаң шұқшиып, кітапқа үңіледі де отырады.

Менен жақсы көретін ақын-жазушылары туралы сұрап тұратын, арасында. Бір ағамыздың телефон нөмірін алды. Өмір бойы сол кісінің шығармаларымен "ауырып", өлердей жақсы көріпті. Аңыз адам көріп алған, қолынан қолтаңба қойылған кітабын алу ұлы армандарының бірі екен. Бүкіл шығармасын жатқа айтып, ағасымен тілдескен. Айтқан адресіне барған. Үйіне, одан кабинетіне кірген. Әсер сұмдық! Құлап қалуға шақ қап, құдды бір осы сәтпен арманы бітіп қалардай алып-ұшып тұрған оның жүрегі бір-ақ ауыз сөзден жараланып, көңілі жермен-жексен боп, қиялындағы әлгі мен айтқандай өзі тұрғызып алған "мұнарасының" күл-талқаны шығып, жұмысқа оралды.

Болмашы жалақы алып, оны онға бөліп пәтерге, тамаққа, киімге, бауырларына "жұлмалап" жеткізе алмай жүрген оның "ертең айлығым түскенде жазушыма күшті бір сыйлық жасаймын" деген ізгі ойы болған, негізі. Қолының бос барғанына онсыз да қысыла-қысыла барған оның ойын әлгі кісі оқып қойғандай, берген кітабын құшақтап, бақыттан басы айналған күйі есіктен шыға бергенде: "әй, бала, кітаптың ақшасын кім береді?" депті. Сүйікті қаламгерін анадай сөзге қимаған бала "аға, қанша еді? Ойбу, жаңа ақшасыз шыға салып едім... Сіз келе ғой деген соң, қапелімде..." деп, кібіртіктепті. "Жә, жарайды, 980 теңге қарыз боласың онда" деп, шығарып салыпты. Үміттің күйреуі деген осы шығар?!)

Арлы жігіт еді, ол. Бірер күн өтер-өтпес соң ақшасын алып барып берді ме, әлде кездескенде қалтасына салды ма, әйтеуір құтылды, қарызынан.

Сол сол екен, ол да, мен де "ғажайыптарға аса сене бермейік, адамнан Құдірет жасауды қою керек" дегенім есімде.

Баланың көңілі қатты қап қойды. "Өзінде нең бар, шығармаларын оқи бер" десем "жоқ, сенбей қалдым..." дейді)

Қазір біреу кітабына қолтаңба қоя бастаса, қорқа бастайтын болыппын)

Өткен күніңнің бәрі тарих, бәрі өмірбаяның ғой, тізіліп қағаз бетіне түсіп жатқан...

Кешелі бері бір студент қыз хабарласып жүр. "Сүйікті жазушыларың туралы жазыңдар деп еді. Сіз сол кісіден сұхбат алған екенсіз, естелік айтып беріңізші. Балалары орысша екен, ондайға уақытымыз бола бермейді, деді" дейді. Талғамы күзетші жігітпен бір екен. Екеуінікі сол бір кісі.

Әлгі студенттен әлі қашқандай боп жүрмін.

Ол қыз да қоймады, хабарласқанын)

Титтей бірдеңеден кілт ете қаласың, қанша жерден сылап-сипағаныңмен орнына келе қоймайды, сосын. Көңіл ғой, сол...


Алия Кудайбергенова

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1141    Пікірлер: 0

жұма, 24.05.2019, 11:24

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    20 Тамыз, 11:50
    Ислам және қисын

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31