Сен тұр - мен айтайын!

Жаңағы «жұлдыз» үшін қолы нанға жетпей отырған жандар есіме түсіп мен «ұялдым»

  • Жаңағы «жұлдыз» үшін қолы нанға жетпей отырған жандар есіме түсіп мен «ұялдым»

    Жаңағы «жұлдыз» үшін қолы нанға жетпей отырған жандар есіме түсіп мен «ұялдым»

Осыдан екі жыл бұрын бірге тұрған қыз күйеуге тиетін болғандықтан, пәтерден көшті. Өзі бір аңқылап-жарқылдаған жан. «Кедей болсаң, көшіп көр» деген көшпенді қазақ, сол секілді неше түрлі заттар әр бұрыштан бір шығып жүгіңді ауырлатады. Әлгі қыз өзінің екі бірдей бөлме гүлін көтеруге қиынсынды. Сөйтті де маған қалдырды. Содан бері біраз уақыт өтті, әлгі гүлдерді тірі жан ғой деп шамам келгенше күтіп-баптаймын. Бірақ байқаймын, түк өспепті. Биыл көктем біте анық аңғардым, болмайды деп топырағын ауыстырдым. Сонда да нәтиже көрінбеді. Бір күні жасы 40-қа таяған көрші әйел «Әйел бақыты» бар екен ғой сенде. Әдемі гүл. Әй, оны неге күннің көзіне жарқыратып қойып қойғансың?! Ол көлеңкені жақсы көреді», деді. Мен-Қожанасыр оны Қызылордадағы алоэ гүлдеріндей көргем ғой, солардай терезенің алдына қойғам. Сөйтсем, бұл күннің көзінде емес, көлеңкеде гүлдейтін, жайқалатын, тасада тұрып-ақ айналасын бақытқа бөлейтін «Әйел бақыты» екен ғой, білмеппін. Жаздан былай қарай осы бір гүлдің ерекшелігін білетіндерден, гүл баптаушылардан реті келген сайын сұрап алып, соған сай қарайтын болдым. Жаздың алғашқы айын аяқтар-аяқтамас кезде келетін туған күнімде әріптес құрбым мен құрметтейтін апайым дәл осы гүлді сыйлағанда сондай қуандым. Өздері суды сондай жақсы көреді. Су құйған сайын Будда айтты деген фраза есіме түседі: жақсы көру мен ұнатуды айырмашылығын «Сен гүлді ұнатсаң, оны жай ғана иіскейсің. Ал гүлді жақсы көрсең, күн сайын су құйып тұрасың (When y like a flower, y just pluck it. When y love a flower, y water it daily)», деп түсіндірген деседі.

Әлгінде кешкі асты үйдегі гүліме қарсы қарап отырып іштім. Әжептәуір өсіп қалыпты. «Әйел бақытым» онан сайын толыса түсуі үшін тағы да тасалап қойғым келді. Бірақ бөлменің бұрышында, көлеңкелеп тұр. Оның осы бір елеусіздеу тұрысы анамның әрекетін есіме түсірді. О кезде баламын. Ауылда жиындар бола қалса, көкем мен екеуін шақырады ғой. Сондайда шешем күйеуін киіндіріп: «Сен шыға бер, артыңнан жетіп аламын», дейді. Көкем де қарайламай кете береді. Мен бір күні: «Адам сияқты қосақталып жүрсеңерші», деп ақыл үйреткем ғой. Шешем болса: «Қайтейін деп ең, мына жерде қазір әйелдер шығады, солармен еріп барамын ғой», деп қипақтайды. Жауаптан жалтарғанды сол кезден ұнатпаймын (журналист болатыным белгілі болған-ау), себебін білу үшін сұрақтың астына аламын. Сонда ол: «Әй, мынау көршіміз – жесір ғой, күйеуімізбен қосақталып кетіп бара жатсақ, көңіліне қаяу түсіп қалмай ма?», деп өзіме кері сұрақпен жауап қайырып еді. Үнсіз қалдым.

Мен өзім инстаграм дегенді қолданбаймын, құрбым бір атақты адамның қоныс тойынан көрініс көріп отыр екен. Еріксіз көзім түсіп кетті. Бір тәрелкесінің өзі қанша тұратынын айтпай-ақ қояйын. Әрине, қуанышты бөліссең, көбейеді. Бірақ бөлісу жарқыратуға жата ма? Жаңағы «жұлдыз» үшін қолы нанға жетпей отырған жандар есіме түсіп мен «ұялдым». Бақытын «жарқыратудан» қорықпайтындарды көрген сайын қорқамын. Сондайлар өз бақытын қорымайтындай көрінеді де тұрады. Үнсіз қалдым.

Жеке мерекеме сыйланған «өзіндік мағынасы мен жүректегі тілегі жасырынған» шыныаяғымдағы шайдың соңын бір ұрттап, гүліме тағы қарадым. Сонан соң сөзімді қайталадым:

– Әжептәуір өсіп қалыпты. «Әйел бақытым» онан сайын толыса түсуі үшін тағы да тасалап қойғым келді...


Айдана Шотбайқызы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1064    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.11.2019, 09:12

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30