Жасанды қоғам жасанды сериал, жасанды кино, жасанды өлең, жасанды проза тудырады...
Мамам "Қазақстан" арнасынан "Егіз ғұмыр" деген сериал көріп отыр екен. "Теледидарда көретін түк жоқ. Мынадан түріктің сериалын көрген жақсы" деп қояды. Бес минут көріп жынданып кетейін дедім. "Егіз ғұмыр" деген қойыртпаққа бюджеттен қанша ақша бөлінді екен? Режиссер мен актерлер қанша қаламақы алды екен? Əлде аттарын шығара алмай жүргендер сериал түсіріп, "Қазақстан" арнасы ақылы көрсетіп жатыр ма? Сериалда егіз қыздың əкесінің, қыздардың жасанды диалогынан жүрегің айниды. Əкесінің түрі қыздарымен жасты ғой. Басында біреуінің жігіті ме екен деп ойлағам. Мынандай сериалды эфирден жіберіп отырған телеарнаға сөзім жоқ.
Сосын ойға қалдым... Мына сериал, бəлкім, біздің қоғамның айнасы шығар...
Жасанды қазақ қоғамы... Сериалда ғана емес, өмірде де өзіне келмейтін рөлді ойнап жүрген адамдар. Қай салада болсын қолынан келсін, келмесін көкесінің, апасының, көңілдесінің арқасында қызметке тұрып жатқан, сүйретіліп жүрген қуыс пенделер... Басқасын айтпағанда, əдебиеттің, киноның өзі Авгийдің атқорасына айналған. Апасы, көкесі, көңілдесі "сүйреп" əкелгендер сүйретіліп жүр. Мұндайларды Еуропа түгілі, Ресейде шетке ысырып тастайды. Бізде ғой, бұлар "жұлдыз". Сосын байғұстар "мен түгеншемін" дейді. Оларда пасықтық пен сайқалдық басым. Ал өзі танылған шын талантқа амбициясы жарасып-ақ тұрады. Себебі, оларда жасандылық болмайды. Шын талант ешкімнің сүйреуіне мұқтаж емес! Ол əдебиетке жарып, жарқырап өзі келеді. Əдебиетте де жасандылық көп. Жасанды қоғам дамымайды. Жасанды əдебиет те дамымайды. Жетпіс-сексен жыл артта қалған "түсінікпен" өмір сүреді. Жасанды қоғам жасанды сериал, жасанды кино, жасанды өлең, жасанды проза тудырады...
Аягүл Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан