Кешір бізді Манастың оғландары!

26 қаңтар 2022, 23:26

КЕШІР БІЗДІ МАНАСТЫҢ ОҒЛАНДАРЫ!

 

 

7 қаңтарда Қап тауынан түсіп, Мәскеуге келгенде Алматыға ұшақ ұшпайтынын білдім. Ресей телеарналары “ Қазақстан терроризмнің құрсауында қалды” деп шулап жатты.

 

Бірден Бішкекке билет алдым. Уақыт бар, әуежай маңындағы бір қонақ үйдің ресторанына бардым. “Таңғы ас 1500 рубль, кіріңіз” деді ресепшн. Қырғыз қызы екен, менің Бішкек арқылы Алматыға кетіп бара жатқанымды сұрап білді.

 

Ауқаттанып алып, төлем картасын ұсынсам, “төлемей-ақ қойыңыз, бара беріңіз” дейді. “Ой, қойыңыз, ұят болады” десем, “аман-есен үйіңізге жетіп алыңыз, еліңізде тыныштық болсын, тезірек шығып кетіңіз” деді. Біреу-міреу келіп қалмай тұрғанда кетіп қалыңыз деген емеурінін түсіндім.

 

Жат жерде жүрген қаршадай қырғыз қызының бір туғаным деген жанашырлығы ғой!

 

Түн ауа Манас әуежайынан бізді Қырғызстандағы біздің елшілік қызметкерлері күтіп алып, қонақ үйге жеткізіп тастады. Дастархан жасап қойыпты...

 

Таңертең ресепшнге барып қонақ үй мен түндегі астың ақшасын төлейін десем, “жо-жоқ, байке, аман-есен еліңізге жетіп алыңыз” дейді құрақ ұшып.

 

Бішкек қаласына қарасты осы аудан әкімі көмекшілерімен келіп, жан-жақтан Бішкек арқылы Қазақстанға жол тартқан отандастарымызбен амандасты. Қал-жайымызды сұрады. Арнайы автобустарға отырғызып, жол полициясымен шекараға дейін шығарып салды. Қаңтар қасіреті кезінде әлемнің әр жерінен Бішкек арқылы үйіне асыққан қазақстандықтардың барлығына қырғыз ағайындар осылай қамқорлық жасады!

 

Ал біздің құқық қорғау органдары сол шақта Қазақстанда жүрген қырғыз бауырларымызды қалай азаптағанын, қорлағанын бәріміз білдік. Аспен атқанды таспен аттық!..

 

Бір туған қырғыз бауырлар, бізді кешіріңіздер! Бауыржан Карипов

 

 

Yerengaiyp Quataiuly

Фейсбуктегі парақшасынан