Сен тұр - мен айтайын!

Мәнсіз реформа, жөнсіз стратегия...

  • Мәнсіз реформа, жөнсіз стратегия...

    Мәнсіз реформа, жөнсіз стратегия...

Мәнсіз реформа, жөнсіз стратегия...
Мәнсіз, жөнсіз реформалардан ішкі істер органдарының әбден сілікпесі шықты. Еліміздегі құқық қорғау жүйесі осындай кепте. Әсілі, реформа тұралату емес, жетілдіру үшін жасалмаушы ма еді?! Ал, бізде бәрі керісінше.
Реформаның алдында талқыға ұсынылған жол картасының кем-кетігі айтылды. Бірақ оған құлақ асқан жан болмады. Ақордадан тапсырыс шығып, қандай да бір шешім қабылданды дегенше, сол айтылғандарды пісіріп, қайнатпастан, шал-шалпы күйінде тағы бір реформа, бағдарламаны дайындап алып таңдайымыз тақылдап отырады.
Ақыл безбеніне салмай тұрып бірден қабылдап жіберетін сол жаман әдетімізден тағы да айнымай келеміз. Қомитеттерде, алқалы бас қосуларда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда, дөңгелек үстелдерде «дұшпан көз» «талқылаған» боламыз да, үлкен үйдің айтқанынан аса алмай, соған иіп алып келеміз.
Мәселені әріден қозғайық, соңғы жылдары ішкі істер органдары ұйымдастырылу жағынан көп қиындықтар көріп келеді. Қызметтерді бір ведомстсводан екінші ведомствоға ауыстыру, қызметтерін өзгерте салу шекілдеуік шаққандай оңай іс боп кетті. Шынтуайтында, мұндай ауыс-түйіс сапырылыс бұл органның дамуына үлкен кедергі жасады. Мәселен, қылмыстық істерді алдын ала тергеуді жүзеге асыратын біртұтас арнайы аппаратты құруда қылмыстық процеске сараптама жасау негізінде 1995 жылғы 6 қазанда Мемлекеттік тергеу комитеті құрылса, екі жыл өтпей-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 қарашадағы «Ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі күшейту, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудың шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Мемлекеттік тергеу комитеті қысқарды. 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару жүйесі Ішкі істер министрлігінің қарамағынан Әділет Министрлігіне берілсе, 9 жылдан соң "Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі жетілдірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 2 тамыздағы № 900 Қаулысы бойынша Ішкі істер министрлігіне қайта қайтарылды. Экономикалық қылмыстар асқынып, қаржы полициясын құрған едік. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 6 тамыздағы № 883 Жарлығымен экономикалық және қаржылық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктерін Қаржы министрлігіне қайта бердік те, оны жауып, көзін құрттық. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тиесілі болды. Қаншама жыл өз алдына жеке-дара өмір сүрген Төтенше жағдай министрлігі бар еді, ол жойылып, Ішкі істер министрлігінде Комитет ретінде қалды. Енді оны жеке министрлік етіп қайта құрмақ...
Міне, осындай ала-құлалық, ауыс-түйістер салдарынан құқық қорғау органдары үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына қарсы тұруда әлжуаздық танытты. Соның салдарынан ішкі істер органдары мен ұйымдасқан қылмыстың даму қарқыны біркелкі деңгейге болмады, қайта керісінше, қылмыс атаулы «біліктілікпен» мемлекеттік биліктің бүкіл буындарына жегі құрттай дендеп еніп, құқық қорғау органдарының бүкіл күш-құралдарымен салыстырғанда, көп артықшылығы бар айырмашылықтар тудырды. Әсіресе, техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету саласында. Ол өз алдына арқауы бөлек әңгіме.
Бүгінгінің биігінен қарағанда, құқық қорғау органдары үздіксіз өсу, даму үстіндегі қылмыстылыққа ұзақ уақыт бойына қарсы тұрулары тым әлсіз болғандығын ашық айтуымыз керек. Бұл ─ тарихи факт. Жетемізге жеткесін барып, заман талабына қарай жаңа заңнамалар қабылдауға мәжбүр болдық. 2015 жылдан бері іс жүзінде қолданып келе жатқан әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық процестік, қылмыстық-атқару кодекстер соның айғағы. Өйткені әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан іргелі өзгерістер, жаһандану үдерістері, сондай-ақ елдің ішкі даму серпіні осыны қажет еттті. Осының бәрі де құқық қорғау қызметіне кері әсерін тигізгені айдан анық нәрсе.
Әйтсе де біздің ішкі-сыртқы тыныштығымызды күйттейтін ішкі істер органдарындағы реформа бұнымен бітпеді. Президент 2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең де сапалы өзгерістер қажет деп ескертті. Сөйтті де Елбасы қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі деп танып, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын талап етті. «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырып, оның бағыттарын да айқындады. Онысы мынаған саяды: біріншіден, Ішкі істер министрлігінің штаттық санын оңтайландырып, полицияны өзіне тиесілі емес функциялардан арылту; екіншіден, полиция қызметкерінің жаңа стандартын бекітіп, мансаптық ілгерілеу, сондай-ақ, полиция академиялары арқылы кадрларды даярлау мен іріктеу жүйесін өзгерту.
Үкімет қозғаған бірінші мәселеде қызметтердің штаттық санын оңтайландыру ісі қызметкерлердің санын қысқарту арқылы жүзеге асты. Көп жылдардан бері қызмет істеп келе жатқан заңдық ұстанымы берік, кәсібилігі жетілген тәжірибесі бар, бейнелеп айтқанда, тіршіліктің тас диірменінде әбден тартылған, ысылған талай-талай тергеушілер мен жедел іздестіру өкілдері, әкімшілік полиция инспекторлары, бір сөзбен айтқанда, полицейлердің көп дені зейнетке бұржола кетті. Қазіргі күні күзетшілер армиясының қатарын көбейтуде.
Әйтсе де бізді қатты толғандыратын екінші мәселе. Тәуелсіздік алғаннан бергі полиция кадраларын даярлау ісінде жүрген біз үшін алаң туғызғаны осы тұс.
Жаңадан қабылдаған жол картасы негізінде ішкі істер министрлігіне қарасты оқу орындарында бакалавриат бойынша білім алу тоқтатылды. Мектеп бітірушілер күшті құрылымдардың жоғары оқу орындарына түсе алмайтын болды. Оның есесіне азаматтық оқу орнының заң факультеттерін бітірген, заңдық білімі болса да, қызметсіз жүрген жастарды тергеуші, жедел-уәкіл қызметкері, криминалист маманы ретінде қабылдап, 5-6 ай қайта дайындап шығаратын болды. Әсілі, кәсіби мамандарды 5-6 айда дайындап шығару ақылға сыйымсыз нәрсе. Оның мүмкін еместігі бесенеден белгілі жайт. Қылмыстылық асқынып түрған заманда мамандарды дайындау үшін ондаған жылдар керек болады. Есептемегенге бәрі түгел. Қасықтап жинағанды шөміштеп төгіп жүрміз. Аспандағы сұңқардан, қолдағы тұрымтай артық демекші, егер азаматтық жоғары оқу орындарын бітірген заңгер мамандарды ішкі істер органдары қызметіне осы ретпен қабылдайтын болсақ, олар ведомстволық жоғары оқу орнының түлектеріндей, ішкі істер органдары қызметінің ерекшеліктеріне әуелден психологиялық тұрғыдан дайын болмайтыны анық. Бұны бір деп қойыңыз. Бұрын ІІМ жоғары оқу орындарына практикалық қызметке, моралдық, психологиялық, еріктік және отаншылдық қабілеттері тексеріліп барып, іріктелініп алынатын. Бастапқы даярлау жүйесінде арнайы-тактикалық және оқ ату қарулары мен тәсілдері оқытылатын атыс пәндерінде полицейлердің арнайы шеберлік дағдылары меңгерілетін еді де, жоғары курстарда кәсіби мамандану өтілетін. Ал тиісті полигондары жоқ азаматтық оқу орнының түлектері мұндайды өмірінде көрмеген де, өтпеген. Жаппай тіртіпсіздік орын алған жағдайдағы тактикадан мүлдем хабарсыз. Мұны екі деп қойыңыз.
Осыған байланысты толыққанды полицейді дайындап оқытуға қанша уақыт бөлінбек, кәсіби мамандарды даярлау қалайша жүзеге аспақ? Оның стратегиясы әлі күнге ойластырылмаған. Ішкі істер органдарына түлектерді қабылдау туралы азаматтық жоғары оқу орындарымен меморандум жасау тығырықтан шығатын жол емес тіпті. Мұны үш деп қойыңыз.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің талайғы шежірелі тарихы бар Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Алматы академиясы, әкімшілік полиция мен құқықтық-атқару жүйесі мамандарын даярлайтын Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай акдемиясы, Малғаждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, Өрт қауіпсіздігі саласының мамандарын даярлайтын Көкшетау техникалық институты бар еді. Кезінде Ресей, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларына кәсіби мамандарды даярлайтын, қала берді Орта Азиядағы бірден бір бірегей іргелі оқу орны еді бұлар. Қажетті ғимараттар мен жинақталған мыңдаған кітап қорын құрайтын кітапханаға бай еді. Талай генералдар мен әйгілі ғалымдарды шығарған қара шаңырақтар болатын. Жол картасы бұларды академиялық дәрежеден айырып, орталық оқу орындары етіп, тып-типылын шығарды. Бакалавриат даярлайтын бір-ақ жоғары оқу орнын қалдырды. Мұны төрт деп қойыңыз.
Енді бакалавриаты бар елу жылға жуық уақыт бойы әрісі ҚазақССР-і мен бұрынғы КСРО республикаларына, бүгінде Отанымызға жоғары білікті мамандар тәрбиелеген еліміздегі алдыңғы қатарлы салалық үздік оқу орындарының бірі - Бәрімбек Бейсенов атындағы Карағанды академиясына келейік. Бәрі де білік пен тәжірибе, танымға байланысты. Жаңа басшының бұл оқу орнында алдымен әкелген жаңалығы &ndash ішкі істер органдарындағы әкімшілік құқық мен әкімшілік қызмет кафедрасын жапқаны болды. Ал «әкімшілік құқық» пен «ішкі істер органдарындағы әкімшілік қызмет» пәндерін оқыту білім алушылардың тәжірибелік һәм кәсіптік қызметіне қажетті теориялық білім алуын, тәжірибелік дағдыларын қалыптастыру мақсатын көздейді. Әйтпесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінде әкімшілік-құқықтық білімінің болмауы қоғамдық тәртіпті қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдына алу мен жолын кесуді жүзеге асыруда сауатсыздық, білімсіздікке ұрындыруы әбден мүмкін. Сөз жоқ, еліміздің полиция құрылымында криминалдық полицияға қарағанда, саны мен салмағы алабөтен ерекшесі &ndash әкімшілік полиция. Қазір оны жергілікті полиция қызметі атап жүр, оның құрамында: 1) учаскелік полиция инспекторлары, 2) ювенальдық полиция, 3) жол-патрульдік полиция, 4) табиғатты қорғау полициясы, 5) әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, 6) қабылдау-бөлу және арнайы қабылдау бөліністері бар 24 мың адам бірлігінен тұрады. Бұл қызметтерге еліміздің қай өңірі де зәру. Осындай күрмеуі қалың күрделі қызмет мамандығын азаматтық жоғары оқу орнының түлектері 5-6 айда қалайша меңгеріп шығады? Мұны бес деп қойыңыз. Сұрақ та, түсініксіз жайт та көп.
Осылайша аз-кем сараптама жасауымыздың мақсаты қылмыстылыққа қарсы күрес жүргізер мемлекеттік қызмет ерекше маңыз алса да, оның кейде қолдан жасалған бейберекетімізден, бейіскерлігіміздің салдарынан сәтсіздікке ұшырауы да әбден мүмкін дегенді ескерту ғана.
Әйтсе де елдің игілігі үшін бізден кейінгі із басып келе жатқан жаңа буын даңқты өткенге лайық, әрі Қазақстан полициясының салған ізгі дәстүрлерін сақтап, жалғастырады деп сенгіміз келеді. Үмітіміз үкілі күйінде қалмаса екен. «Жігітті кедейлікке апаратын үш тамыр: желкедегі қырсықтық, шынтақтағы маубастық, құйрықтағы жалқаулық тамырлары» - депті Мәшһүр Жүсіп, басшылар осы тамырлардан ада болса екен.




Көрілген: 637    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.10.2020, 01:22

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қазан, 02:26
    Бір түрлі елміз иа?
    20 Қазан, 10:36
    Әйел - әззәзіл ғой...
    30 Қыркүйек, 12:55
    Оздық па, тоздық па?!.
    27 Қыркүйек, 14:33
    Сонда бұл да өсек пе?
    26 Қыркүйек, 17:13
    Қоғамға кешірім өте ме?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31