Сен тұр - мен айтайын!

Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!

  • Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!

    Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!

Қолымен істегенін мойынымен көтеруден ер жігіт қашпайды ғой. Заң орындарының әрекеті, Қуат бауырымның қапасқа кіріп-шығуы өмірде боп жататын заңдылықтар деп ойлаймын.
Менің айтпағым басқа. Жалпы, Қуат Хамитов батырымызды әжуалап, сыртынан әр нәрсе жазып қажет емес. Қашаннан батырдың бір сипаты сол - әрекетінің артын ойламау. Артын ойлап,“басыма соққы тисе не болам,” деген жігіт рингке шықпайды. “Жауымнан жарақат алам ба” деген батыр майданға бармайды. Батырдың негізгі қасиеті сол - ренжіттің бе ашуланады, қарсы шықтың ба ұмтылады, қорладың ба құлатады.
Мәселе, батырды басып отыратын, байыптылыққа шақырып бағыт сілтеп отыратын, ойына ой қосып, сабырын ұйытып отыратын ағаның жоқтығында. Батыр да бір - қанжар ғой. Жүзінен ұстасаң қолыңды кеседі, сабынан ұстасаң қажетіңе жарайды.
Наурызбай батыр сұмдық өжет, көзсіз батыр болған екен. Соны білген ағасы Кенесары әрдайым інісінің арынын басып, ақылын сіңіріп, алдын тосып жүреді екен.

Бірде Наурызбай жолбарыс соғып әкелсе керек. Жұрттың бәрі шулап, “пай-пайлап” тамсанып, жиналып қалыпты. Елдің дүбірін естіп, сыртқа шыққан Кенесары масайрап тұрған інісіне қарап:” Тәйт ары, мұнысы несі, бір мысықты өлтірдім деп, сонша мәз болғаның не” деп, мән бермеген қалыпта үйіне қайта кіріп кетіпті.
Кейін, “мұныңыз қалай болды, неге олай дедіңіз” дегендерге Кенесары : ”Наурызжан көзсіз батыр ғой, оны қолпаштай берудің қажеті жоқ, қызып кетіп, керек емес жерде пайдасыз нәрсенің үстінде мерт болуы мүмкін” деген екен...
Сол сияқты, қазақ батырлығының кемдігінен, жүректілігінің жетпегенінен есесі кетіп жүрген жоқ. Батырға бас болатын бидің жоқтығынан, жүректіге жөн айтып, жол сілтейтін дуалы ауыз даналардың тапшылығынан қор боп жүргені өтірік емес.
Керек кірпішті кетігіне қалайтын абыздардан гөрі қазір бәйгенің атын көкпарға салып, салтанатқа мінетін тұлпарды соқаға жегетін парықсыз пенде көп.
Әр буынның өз жүгі бар. Ақсақал азса ел ағаларының еңсесі түседі, ел ағалары ез болса, жастардың желкенін кім үрлеп, жолын кім ашады.
Сахынаның гүлі боп жүрген ақынды да сақыр-сұқыр еткен алаңға итермеледік, ту көтеріп жүрген батырды да байсалдылыққа шақырып, жүрегін жұбата алмай қызбалықпен айтқан сөзін қайтып алғыздық.
Уызына жарып өскен, ұлттық рухтың байрағандай Бекболат жырауды да аға болар шағында, ағаш атқа мінгізіп, ала тайдай қуалап, қыр соңына түсіп, қыбыр еткізбей отырмыз...
Ініні ірітіп, ағаны алалап әуреміз. Қазаққа кім жаққан?!
Сырттан кеп сыбағаңды түгендейтін, жыртығыңды жамайтын ешкім жоқ қой. Алауыздық атамыздан қалған енші ме еді?
Неге, ел алдында сықиған сырбаз боп көрініп, оңашада өсектен басқа айтары жоқ, “хан сыртынан жұдырықтан” басқа қарекеті жоқ “зиялысымақ” көбейді?!
Ініге аға бола алмасақ, аға болар тұлғаларды жау тұтсақ, елдің естияры кім, жұрттың жол бастары кім?
Қуаттай батырларға Бекболаттай жыраулар аға боп жүретін, Бекболаттай ағаға батыр інілер ізбасар боп жүретін, қазақтың ынтымақ пен берекесі тасыған күнді көруді Алла баршамызға нәсіп етсін!

 

Мұхамеджан Тазабек
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 780    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 16.09.2020, 10:15

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    21 Қыркүйек, 10:15
    Мұндай еркек мүлде жоқ...
    11 Қыркүйек, 13:08
    АҚЫН ЕМЕС, ҚАТЫН КЕРЕК...

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30