Олар бізді "баран" дей ме, "сараң" дей ме өз бас аурулары

27 қыркүйек 2022, 16:11

Орыстар Қазақстанға келіп жатыр дегелі, өз басым екі-үш отбасыны көріп қалдым. Бір отбасы Керуенде ыдыс-аяқ алып жүр екен. Жанына 2-3 баласын ерткен ана үйге қажетті заттарды сатып алып жатты. Бір отбасымен (ағалы-інілі-ау) бір лифтпен көтерілдім. Жүздері жылы, жап-жақсы адамдар. Олар біздің өздері жайлы ойымыздан, наразы пікірімізден хабардар. Оған күмәнім жоқ. Мүмкіндігінше өздерін мәдениетті, сақ, сыпайы ұстап, арттарынан сөз ерткісі келмейтін, шамамен орта буындағы адамдар екенін байқалады.

 

Тағы бір отбасыны бүгін жол-жөнекей бағдаршамнан өтіп бара жатқанда көрдім. Жергілікті орыстар емес екенін тез аңғаруға болады. Болмыстары, жүріс-тұрыстары басқа жақтан келгені көрініп тұр.

 

Ешбіріне ашу-ызамен қарай алмадым. Олар да адам баласы. Жандарында жүгіріп жүрген балаларын қалай жамандыққа қиясың. Түсінгенім, оқыған, көз ашық орыстардың соғыс жайлы да, қазақ жайлы да ой-көзқарастары басқаша. Болашағы үшін, бала-шағасы үшін бейбіт өмір сүргісі келеді. Міне, мен тамақтанып отырған жерге екі орыс келіп жайғасты. Өздеріне ұрлана қараған айналасындағы қазақтарға бір қарап, даяшыға бір қарап отыр. Тамақ тапсырыс беріп, екеуі де үнсіз терезеге қарады. Қазіргі жағдай ешкімге, ешбіріне оңай соқпай тұрғаны белгілі.

 

Айтпақшы, бір орыс қыз менен бағыт сұрады. Шала орысшаммен түсіндіріп жол сілтедім. Сіздер айтып отырсыздар ғой "қашып келген орыстармен қазақша сөйлесіңдер" деп. Бассауғалап Қазақстаннан пана іздеп келген орысқа демей-ақ қояйын, бассауғалап келген адамға адамша қарым-қатынас ұстау менің адамдық парызым деп білемін. Ал, олар бізді "баран" дей ме, "сараң" дей ме өз бас аурулары.

 

Егер де мен кездейсоқ кездесіп қалған бір орысқа адамдық таныта алсам, онда қазақтың адамдығын көрсете алдым деп ойлаймын. Кейін де жақсы қарым-қатынас сақтап қаламын.

 

Бейәдеп сөз айтып, қазақты масқаралап жатқан видеоны жарыса жариялағанмен ешкім ештеңе ұтпайды. Ондай тойынған тәрбиесіз адам бізде де жетіп артылады. Бір қазақтың оңбағандығына мың қазақ жауап бере алмайды ғой. Сол секілді бір орыстың оңбағандығы үшін бейбітсүйгіш адамдарды құрбан етпейік.

 

 

Мәдина Махамбетқызы

Фейсбуктегі парақасынан