Сен тұр - мен айтайын!

Оның жүрегі менікінен әлдеқайда таза екен...

  • Оның жүрегі менікінен әлдеқайда таза екен...

    Оның жүрегі менікінен әлдеқайда таза екен...

Маусымдағы мамыражай жексенбінің бірі еді. Демалыс күндері ипподромға тартып кететін әдетім. Әр барған сайын бірге ұзақ уақыт өткізгім келетін адамды ертіп барғанды жақсы көрем. Құрбыларымды, қалаға келген туыстарымды, тіпті анамды да алып барғам. Түстеніп отырған кезімізде ол аяқ асты: «Атқа барайық!», деді. Мен бас тарта алмайтын дүниені біледі екен, тартып кеттік. Көлікте келе жатып көкемнің де кейде шешімді шалт шығаратынын айттым. Ол әкемнің есімі ерекше екеніне тоқталып, атының не мағына беретінін сұрады. Мен оған осы жазбамды оқыттым. Ипподромнан қайтып, жәрмеңкеге жеттік. Екеуміз есік алдындағы төбесі күннен қалқаланған үстел басында қарсы отырып жәрмеңкеден алып келген қарбызды жеп отырмыз. «Тамағың тәтті болу үшін оны әлдекіммен бөлісіп жеу керек» депті ғой. Мен оған қарбызымды сонау жерден көтерісіп келгені үшін ғана емес, асыма дәм беру үшін бірге жеуді ұсындым. Қуанышыма қарай ол да бас тарта қоймады. «Қарбызды қатты жақсы көресің бе?», деп сұрады ол. Мен: «Иә, ең қиыны ораза қарбыздың науқанына сәйкес келсе, қиналамын ғой», деп күлдім. Содан соң одан «Ораза ұстап па едің?» деп сұрадым. Ол: «Иә, ұстадық қой. Кезінде айналамыздағы адамдар ұстап жатыр деп көпке еріп те тұттық», деді. Және оны сондай еркін, есейген үнмен жымиып айтты. Соңғы сөйлемі жүректегіні жеткізгендей болды. «Ешкім естіп қоймасын» дейтін құпияң болады ғой, соны саған қарсы қарап отырып айтқандай күй кештім. Ол осы бір шынайы сөзімен-ақ мен үшін биік боп кетті. Сол сөздің салмағын жастайынан ораза тұтып көрмегендер түсінбеуі мүмкін. Шешемнің сәресіне тұрған әжеме кіл тәтті дәммен шай беретіні, әжеме еріп менің де ауыз бекіткім келгені көз алдыма келді. Үлкендердің «Есейгенде, ақылың кіргенде бекіту керек» дегеніне тоқтадық. Иә, кейін студент кезде каникулға қатар келгендіктен ниеттенген әпкеме ілесіп тұта бастағанымда, қан қысымы жоғары көкемнің күн бата бере бір күрішке қара сумен келіп: «Менің қолымнан ауыз ашшы», деп сауап жиюға ұмтылғаны әрі көкем сауап жинаса екен дейтінім ойыма оралды. Жұмысқа кіріскен 20 жасымызда да бекіттік, басшымыз ораза тұтқандарға түскі уақытта демалып алу үшін бір бөлмені жасақтап бергеніне қызығатынмын. Тек қызығып кеттім, себебі күн шығып тұрғанда ұйықтай алмайтын әдетім бар еді. Әйтеуір бір мейірімге шөлдеп жүргендіктен, я ерек көрсетуге себеп етіп, болмаса бір жайлы жағдай күткендеймін. Жақыным сауап жинаса екен деп те тұтыппын. Осыны ойлап отырғанда қызылордалық қызметтес қыздың: «Ауызашарға барған ұнайды», дейтіні есіме түсті. Айтпақшы, былтыр бір досым: «Ораза тұту керек, әйтпесе тым семіріп кеттім», дегенін ұмытып барады екем. Бәрінен бұрын жас босанған бір келіншектің бір жылдары осы жерде: «Өзімді көштен қалып қойғандай сезініп жүрмін», деп жазғаны ойландырды. Өйткені желіні ашса, бәрі ораза. Ұяты мазалады ма? Жоқ, көштен қалып қойғанына қынжылды ма? Маңыздысы не еді? Алланың разылығын алу мүмкіндігін күн сайын көз алдында қалт жіберіп жүргені ғой... Бірақ бір шақалаққа зар болған талайдың жанында Құдай берген сәбиін емірене емізіп отырудың өзі – сол Алланың разылығы емес пе еді. Иә, желіні ашсаң, бәрі ораза. Айналаға қарасақ, көп мұсылманның ауызы берік. Көңіл қуанады. Бірақ біз Құдайды қуанта алып жүрміз бе? Қаншама уақыттан бері араласып жүрген жанның намаз оқитынын ол: «Осыған бола намазымды әзірге тоқтаттым», деп сынған қолын көрсеткенде бір-ақ білдім. Қарбыздың қалдығын қоқысқа апара жатып: «Бір парызын орындап жүргенін көпке білдіруге асыққан талайдан Құдаймен сырласуын жасырған сол адам не деген бақытты еді...» дедім ішімнен.
Неге сол сөз жүрекке жетті, білесіз бе? Себебі оның жүрегі менікінен әлдеқайда таза екен. Өйткені ол шындыққа тура қарай алады екен, көбіміз секілді бетін бүркемейтіні биіктетті. Және оның бойында біразымыздың қолымыздан келмейтін мойындау деген ерлік бар.
Ал мойындай білудің неліктен ерлікке жататынын білесіз бе? Өйткені адам өзі қолымен жасаған қателігін, кемшілігін, жетіспеушілігін мойындаған мезеттен бастап дамуға, өзгеруге, бұрынғыны басқаша қабылдауға, нақты әрекетке бастайды. Бойыңдағы бойкүйездікті жеңу үшін алдымен еріншек екеніңді мойындауың керек. Жүрек те өзінің ғашық екенін алдымен миға мойындатады, содан соң барып сүйгеніне сезімін білдіреді.
Былтырдан бастап намазға жығылған апама осы оразаның 2-ші күні хабарласып, «қабыл болсын» айттым. Сонда ол:

– Құранда да «Алдымен өзіңе, сонан соң еліңе тілек тіле» депті ғой. Жайнамазға жығылған сайын «Өзі де аз қазақты мынау індеттен сақтай гөр!» деп отырамын, – деді. Иә, оның бүгін өзі өскен Мақтаралына алаңдап, өзінен де бұрын сол жақтың тілеуін тілеп отырғанына, қолынан келген көмегін қаржылай аударуға аптығып жатқанына да күмәнім жоқ. Ол фб қолданбайды, уатсапқа кірмейді, фотоға жарытып та түспейді.
Алланың разылығын алу деген – менің ұғымымда Құдайды сырттан, өзгелердің алғысынан, көңілінен, назарынан, мейірімінен, шіркеу, мешіттен де, тіпті қағбадан да емес, жүрегіңнен табу, Тәңірдің тілеуіңді бергені. «Құдай тілеуіңді берсін!» деген – әжем марқұмның ісіме риза болғанда айтатын сүйікті сөзі еді. Ішкі әрекетін, мұсылмандық міндеттің мұратын, түпкі ниетін түсініп, бастысы кей қылығын мойындап, бір Тәңірге тәуекел етіп тұтқан жандар, осы оразаңыз Алланың разылығын алуға нәсіп етсін! Әжемше айтқанда, Құдай тілеулеріңізді берсін! Жаратқанның разылығы сол. Алла аз қазақтың да тілеуін берсе екен...

P.S. Миды, ойды, телефонды тазартатын «әлеужелілердің оразасын» аяқтап, жаныңды тазартатын шынайы оразаға жалғап, әдеттегідей кеп қалдық. Амансыздар ма? Мен карантинде жатқанда, білдірмей бақ-бақ та гүлдеп қойыпты ғой...

Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан

 




Көрілген: 981    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.05.2020, 08:39

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30