Осыны түсінетін уақыт болды емес пе?
Адам капиталын дамыта отырып бірдеңе ойлап таппасақ, әзірге біздің қолымыздан ештеңе келе қоймайтыны белгілі болды. Дамыған, озық елдер қарасын көрсетер емес. Біз тыраштанып әлдене істемек болсақ, оның ең жетілген түрі әлемдік нарықты жаулап алған. Біздің сүйенетініміз- жер асты байлығы. Ал кеп соны сатып жатырмыз, сатып жатырмыз. Жартылай өңделген немесе таза шикізат күйінде. Бірақ ол арзанға кетеді. Мұнайдың бағасы анау - әбден құлдырады. Мұнайға, шикізатқа тәуелді экономика бізді тек тәуекелмен ғана ұстап тұр.
Алайда, бізде үлкен мүмкіндік бар. Ол - жер үсті байлығы. Ол - ауылшаруашылығы. Қазақстан енді аграрлық саланы қолға алуы керек. Ауылшаруашылығын дамытудың барлық тетігін іске қосуы керек. Қазақтың көп жері шөлді, шөлейтті, құрғақ боп келеді. Сол жерлерді ылғалдандыру үшін аспандағы бұлтты айдап апарып жаңбыр жаудыратын технологияға дейін игеріп, қайткенде, ауылшаруашылығы бойынша әлемде бірінші орынға шығуға болады. Аста төк байлық азық-түліктің қасында ештеңе де емес. Алдында асы болмаса, әркім-ақ қоңыз теріп кетер еді. Жасанды азық - жанға қас. Халқы көп, жері тар, әйтсе де жан-жақты дамыған елдер табиғи тағамға зар болып отыр. Міне, біз осы олқылықтың орнын толтырып, төрткүл дүниеден өзіміз өндіретін ауылшаруашылығы өнімдеріне сұраныс тудыра аламыз. Сондықтан экономика мәселесінде алдымен ауылшаруашылығы, қалғаны содан кейін. Осыны түсінетін уақыт болды емес пе?
Дәурен Қуат
Фейсбуктегі парақшасынан