Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Жындар мекендеген үйге қоныстанғандардың қилы тағдыры...

  • © alashainasy.kz

    © alashainasy.kz

Ауыл іргесінде, жапсарлас, тығыз қоныстанған өзге үйлерден сәл оқшаулау жалғыз там тұр. Бұл үйге онша-мұнша адам жолай бермейді. Жартылай құлап тұрған шарбағынан қаңғырған бұзау, жайылған мал өтіп кетсе, иелері дедектетіп, алып шыққанша асық болады. Және жалтақтап, құлағалы тұрған тоқал тамға қарағыштап, аяқ-қолдары суып, жон арқаларын тер басып әбігерленеді.


Бұл үй туралы алып-қашпа әңгіме көп. Ауылдың көнекөз тұрғындары осы үйді мекен еткен жандардың түрлі жолдармен бақытсыздыққа ұшырайтынын біледі. Өткен ғасырда, соғыстан соң тұрғызылған бұл тамды кімдер мекен етпеді десеңізші. Ең әуелгі иесі беймәлім болғанымен, осы бертінде, жиырма-отыз жыл бұрын болған уақиғалар жұртшылықтың көбінің жадында.


Алдымен еске түсетіні – Айнұрдың тағдыры. Ол қыз совхоздың асханасында аспазшы болатын. «Көркіне мінезі сай», әдемі бойжеткен еді. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген, баратын жері болмағандықтан, ауыл сыртындағы үйге қоныстанды. Содан соң күрт өзгерді. Өз-өзімен күбірлеп сөйлесетінді, одағайланып бөлек жүретінді шығарды. Бір күні жұмысқа уақытылы шықпаған оны қызметтестері үйінен, өліп жатқан жерінен тапты, өз-өзіне қол салған дейді білетіндер. Содан бері бұл үйді халық кейде Айнұрдың үйі деп те атайды.


Одан кейін мұнда қоныстанған тағы бір отбасы қапелімде қайғы жұтты. Төрде ілулі тұрған аңшы мылтығын алып ойнаған жасөспірім жеткіншек кішкентай қарындасын қақ маңдайдан атып, өлтіріп алды. Содан соң олар белгісіз бағытқа көшіп кетті.


Осыдан кейін бұл үй он шақты жыл бос тұрды. Күндердің күнінде оны ерлі-зайыпты екі кезбе мекен ете бастады. Қашан көрсең қызу, тіпті мас болып жүретін олар ел-жұртқа жалданып, сылақ сылап, пеш салып күн көретін. Бірақ көп ұзамай екеуі ішіп алып керісіп, күйеуі әйелін өлтіріп тынды. Еркекті ауданнан милиция алып кетті де, қайтып ол туралы естіген немесе оны көрген адам жоқ. Бұл шамамен отыз жыл бұрынғы жағдай. Содан бері бұл үйде ешкім тұрған емес. Отыз қыс от жағылмаған үй ылғал тартып, көгеріп, құлау керек еді. Мынау әлдебір бетпақтықпен безірейген қалпы міз қақпайды.


Бірде бұл ауылға жас маман, дәрігер жігіт жолдамамен келді. Бозбалалықтан әлі толық шыға қоймаған, ұяңдау сары жігітті бір жерге орналастыру керек болды. Ауыл әкімі – үлкен кісі, оны адамшылықтан жұрдай деуге бола қоймас. Өзінің бірі ойда, бірі қырда жүрген төрт баласы бар, жасы елуден асқан кәдімгі қарапайым еркек. Шойын қара, тығыршықтай, пысық. Бәлкім, аздап жемқорлыққа ебі бар. Қолында тұрған ен дүниені меншіктемей, қыр асырып талан-таражға салмай өзін-өзі ұстап қалатын жан бұл дүниеде бар шығар, бірақ ондай адамдардың қолына биліктің тиюі екіталай. Біз сөз етіп отырған әкім де жас мамандарға үй салдым деп есеп беріп, бөлінген қаражатқа ұлын үйлендіріп қойған. Сондықтан үй-жаймен қамтыласың деген уәдеге сеніп келіп тұрған жас маманды біреудің үйіне қоныстандыра алмады. Оған қалайда жеке үй табу керек. Ал бұл ауылдағы бос үй – сол, шошайып, жалғыз тұрған тоқал там – Айгүлдің үйі болатын. Сондықтан әкім дәрігер жігіт ауылға келеді деген кезде, жүрексіне отырып әлгі атағы жаман үйге кіріп көрген. Ол жалғыз бөлменің бұрышында тұрған кереуетті, ортадағы үстелді көрді. Еденге киіз төселіпті. Шаң-тозаң жоқ, тіпті тоқаштың қоңырсыған иісі шығатын тәрізді. Әкімнің жүрегі алқымына тығылды. Бірнеше мәрте қарманып, далаға атып шығады да, ауылдың ортасында тұрған кеңсесіне жеткенше тоқтамайды. Көргеннен түйгені ол үй иесіз емес. Онда біреу тұрады. Бірақ ол адам емес. Адам болса, әкім білер еді. Әкім адамдардың барлығын біледі. Осылай сандырақ ойлар тасқынына ие бола алмаған ол діріл қаққан саусақтарын икемге әрең көндіріп, үстелінің астындағы коньякты шығарып, бөтелкенің ауызынан қылқылдатып жұтады.


Бұл үйдің тегін емес екенін, оның тіпті қауіпті болуы мүмкін екенін ұққан соң әкім енді өрімдей жас дәрігерді онда қоныстандыру райынан қайтуы керек емес пе еді? Бірақ кейде адамдар еш мағынасыз, ойсыз, салдары аса өкінішті боларын біле тұра, қатігездікке барады. Біздің әкім де осы жолды таңдады. Ол ауылға келген дәрігер жігітті тоқал тамға апарып, мынау жас мамандарға арналған үй, осында орналаса бер дейді де бұрыла салып жөніне кетеді. Негізі ол үстел астындағы коньякқа асыққан. Ал жігіт болса, алаңсыз үйге енеді. Тіпті жаңа қонысты ұнатады.


Оны мазасыздандырған басқа нәрсе еді. Алдымен ауылдық медициналық бөлімшеге жергілікті тұрғындардың бас сұқпайтыны таң қалдырды. Олар алпыс шақырым жердегі аудан орталығына, екі жүз шақырым қашықтағы облыс орталығына баруға дайын, бірақ ауылдың өзінің медпункітінің маңынан жүрмейді. Ең болмаса бірлі жарым адам келіп, бұның біліксіздігіне көз жеткізгеннен кейін теріс айналса түсінер еді. Күнде таңертең сағат тоғызда жұмыста отырады, бірден екіге дейін үзіліс, үйге келіп, жақында өзіне көрші тұратын жүзі сынық, ескіше киінетін бойжеткен әзірлеген аспен ауқаттанып, жұмыс орнына қайта келеді. Кешкі алтыға дейін. Содан соң сол Айнұр, ерлі-зайыпты құрылысшы жұп, жеткіншек ұл менен 7-8 жас шамасындағы қыз бала мекендейтін үйіне қайта оралады. Болды.


Бір-біріне ұқсас күндер жылжып өткен сайын, ауыл адамдары елеске, сағымға айнала бастаған. Бұл өнімсіз тірліктен шаршаған ол күндердің бір күні жаңа таныстары, көршілері тәрізді үйден шығуды қойды.


...Жылтыр қара әкім болса, соңғы уақытта жергілікті халықтың зәресін алып, өз-өзінен сөйлеп, көше кезуді әдетке айналдырған дәрігер жігіт үшті-күйлі жоғалғаннан кейін аздап көңілсіз жүрді. Дегенмен оның бұл көңіл-күйі ауылға жолдамамен келген ветеринар баланы, мұғалім қызды ескі тамға қоныстандыруға бөгет бола алмаған. Онда басқа амал жоқ болатын. Жас маманға қалтасынан ақша шығарып үй салмайды ғой шынымен де.




Мадина Омарова

ainalife.kz/




Көрілген: 6202    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 24.07.2019, 10:45

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Қыркүйек, 10:58
    Қабірден шыққан жігіт...
    12 Қыркүйек, 11:10
    Әкесін жемек болған бала
    9 Қыркүйек, 10:58
    Өң мен түстің арасы
    5 Қыркүйек, 10:40
    Адам ба, әруақ па?...
    2 Қыркүйек, 10:15
    66-шы үйдің құпиясы
    1 Қыркүйек, 16:35
    Жын-шәйтан туралы
    31 Тамыз, 10:25
    Пәтер
    29 Тамыз, 10:23
    Елес ауыл
    31 Шілде, 11:14
    Дуаның күші...
    29 Шілде, 15:48
    Махабаттың құдіреті

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30