Мистика. Қиял-ғажайып. Түс жору

Қарғыс атқан келіншек

  • © Islam.kz

    © Islam.kz

Бұл оқиға мен келін болып түскен ауылда болған еді. Ата-енем «Нәзипа қайтыс болды» дегенді естіп, «Жарықтық, неше жыл жатты? Қуатбай марқұм қай жылы қайтып еді? Пәлі-і-і! Жиырма жыл өтіп кетіпті ғой!» - десіп жатты. «Ол кісі кім еді?» еді деген сауалыма енем мына әңгімені жырдай қылып айтып берген еді. Көпшілікке мысал болсын деп осы материалды «Алаш айнасы» газетіне жіберіп отырмын.


Ауыл шетінде тұратын Қуатбай қария қарттығына қарамастан, таяғына сүйеніп күн сайын құдыққа мал суаруға өзі келетін көрінеді. Қария құдықтан суды қауғамен тартып, науаны асықпай толтырып, содан соң барып малын айдап әкелетін көрінеді. Күндердің күнінде Қуатбай қарт айналып келгенше науадағы су жылан жалағандай болып, қарияға тізелері дірілдеп, күшін сарқып қайтадан қырық рет иіліп-бүгіліп су тартуға тура келген көрінеді. Және бұл құбылыс күн сайын айнымай қайталана берсе керек.


Бір күні Қуатбай «мен әзірлеген суды кім ішіп кетеді өзі» деп, науаны толтырған күйі орнынан тапжылмай, тосып отырады. Сол мезетте қотанның екінші жағынан қой-сиырын айдап Нәзипа шығады. Нәзипа осы ауылға жаңа түскен келін екен. Шаруаға тап-тұйнақтай пысықтығымен ел аузына ілігіп қалған келіншек деседі. Бірақ мінезінің шайпаулығы да байқалмай қалмаған. Нәзипаның малы келе сала астауға қойып кетеді. Осы сәтте қалтылдаған қария:


– Әй, қарағым, мен сияқты қартайып тұрған жоқсың! Менің осыншама қиындықпен алған суыммен малыңды суарғаның не? Менің малым ішіп алған соң келсең де болмай ма? – депті.


– Әрі кет, сақалыңды ұрайын, қақпас! – депті Нәзипа сонда шімірікпестен.


Келіншектің сөз ұқпасын түсінген қария бұдан былай құдық басынан өз малы әбден су ішіп болғанша айналшықтап кетпей, құдықты торуылдаумен болыпты. Бір күні қарияның малы құдықтағы суды ішпей, үдере тұрып қалады. «Бұларға не болды» деп, суға үңілсе, судың бетінде қызылды-жасылды май қалқып жүргендей болады. Сөйтсе, әлдекім тап-таза құдыққа кәрәсін құйып кетіпті. Кімнен келген озбырлық екені белгілі. Құдай-ай, атам қазақ «Су ішкен құдығыңа түкірме» демеп пе еді!


Құдық басынан жылап оралған Қуатбай қария үйге келген соң мүлдем отыра алмайды. Шұғыл киініп, ат арбаға жайғасқан қарт бәйбішесінің «қайда кеттің» дегеніне: «Зиратқа», - деп қысқа қайырады.


Ата-бабаларының қорымына келіп тым ұзақ күбірлеген ақсақал «Сақалыма тиіскен пәлекетті өздеріңе тапсырдым», - деп дұғасын аяқтайды.


Осыдан кейін көп ұзамай ауыл жұрты «Нәзипа сал ауруына шалдығыпты» деген хабарды естиді. Туыстарының апармаған жері қалмай, елде бар дәрігер мен бақсы-балгерді түгел аралапты. Сонда да аурудың беті қайтпайды. Жамбасы тесілген Нәзипа тәубасына түсіп, қатесін түсінген болар. Қуатбай қарт дәм-тұзы таусылып, о дүниеге аттанар шағында алдына Нәзипаның қайынағалары келіп:


– Уа, ата! Келінімізге кешу беріп кеткейсің! Көресісін көрді ғой, - депті.


Ауыр дем алып жатқан ақсақал:


– Айналайындар, енді үлгермеймін-ау! Демім таусылып барады. Мен кешірім беру үшін қайтадан ата-бабалар қорымына барып дұға оқуым керек, оған енді халім келмейді! Ертерек келулерің керек еді. Кешіктіңдер! – деген екен.


Сол жатқаннан Нәзипа жиырма жыл жатып, өмірдің еш қызығын көрместен, бейнеттен көз ашпастан көз жұмды. Менің естігенім осы әңгіме еді. Өмірде мұндай жайттардың болатынына, дұғаның күшіне сонда қатты иланғаным бар.


Дұға демекші, дұға деген сөз қазір ауызға жиі алынатын болды-ау. Өйткені заман қиын, жұрттың бәрінің басында қарыз, толып жатқан проблема. Тығырықтан жол іздеп шатасып бақсы-балгер іздейтіндер көп. Онда барғанда бәрінің еститіні – «басыңызда дұға бар».


Дұғаға қатысты өзім көрген тағы бір мысалды тілге тиек етпекпін. Менің көршімнің бауыры полиция қызметкері еді. Қызмет сатысымен жоғарылап келе жатқан ақылды да көрікті, мінезі жібектей жігітті бәрі мақтайтын. «Әне үйленеді, міне үйленеді» деп жүргенде әлгі жігіт жұмысына бармай қалып, неше түрлі мінездер шығара бастады. Бара-бара тіпті үйде жатып алды. Сөйте-сөйте жұмыстан шығып кетті. Ештеңеге зауқы жоқ, тек көрпе жамылып жата беретін. Әпкелері жұрттың «бауырларың дұғаланған» дегеніне сеніңкірей қоймады. Ақыры әлгі жігіт қайтыс болды.


Бір күні көршім марқұм болған бауырының төсек-орнын жуып-тазартып отырды да, жастығының тысын сөкті. Жастықтағы мамықтың арасынан бір уыс қара қауырсын шыға келді. «Ойбааай!» деген көршім біраздан соң маған:


– Кезінде балгерлер бауырыңды қара тауықтың қанын шығарып, соның қауырсынымен дұғалапты. Үйіңде тауықтан қалған белгі болса, тауып алуға тырыс» дегенін ескермеп едім! – деді налып.


Иә, осындайда ауыр ойға қаласың. Бақсы атаулының «дұға» дегені далбаса көрінгенімен, өмірде әлгіндей мысалдар қаншама.


Бір күні құрбым газет бетіне апта сайын «ұнататын жігітіңді өзіңе қаратып берем» деген тақылеттес хабарландыру беретін бір орыс әйеліне хабарласып, оның пәтеріне мені де ертіп барды. Орыс әйелі карта ашып, құрбыма: «Басыңда сені күйеуге шығармайтын шеңгел бар. Соны алу керек» деді. Содан соң бір келіннің тойда киген фатасын, жаңғақтың қабығын және өрмекші ұстап әкелу керектігін айтты. Құрбым әлгілердің бәрін орындады. Тек өрмекшіні ұстауға жиіркенді. Сөйтіп, өрмекшіні әлгі әйелдің өзі ұстайтын болды. Содан құрбымның аяғын суға салып, балшы әйел басына фатаны кигізіп қойып, дұғасын оқыды. Өрмекшіні жаңғақтың қабығына қамап, оны бекітті де, құрбымның мойнына асып берді. «Үш күннен соң шешіп, үйіңнің жанындағы ағаш түбіне көмесің» деді. Құрбым осылардың бәрін де жасады. Күйеуге жылдам тие қойған жоқ. Бірақ шыны керек, дұғаның пайдасы тиді ме, әлде өзінің тағдыры солай ма, әйтеуір кеш те болса, тұрмыс құрды.


Құрбыммен барған жолы мен ол әйелге: «Сіз жігіттердің басын айналдыра аласыз ба?» деп сұрадым. Сонда ол әйел ағынан жарылып, басты айналдырудың екі түрі болатынын айтты. Бірі – жай ғана жігітті қарату амалдары. Екіншісі нағыз дұғалау екен. «Мен дұғаламаймын. Ол – үлкен күнә. Жасаған адам да, дұғаланған адам да зардабын қатты тартатын болады. Мойныма ондай күнәні арта алмаймын, – деді. – Десе де, мен адамдарды бір-біріне қарату үшін жақындастыру амалдарын жасаймын». Ол амалдарды жасау, турасын айтқанда, адамның басын айналдыру үшін тек қана фотосурет жарамайтын болып шықты. Су немесе арақ та көмектеспейді. Жасалған дұға сіңімді болуы үшін құнарлы тағамдар, мәселен, ет, шұжық апару керек екен. Және оны әлгі адам бір рет емес, екі рет емес, аптасына бірнеше рет жеп-ішуі керек. Сонда ол кісінің басы арбалады-мыс. Балгер осындай қызық айтты маған.


Ал мына бір жайт бәрінен де сорақы. Аузынан ақ ит кіріп қара ит шығатын бір әпкем бар. Жас кезінде жүріс жүріп, істемегені жоқ. Ойнастан бала да тапты, отбасылы еркекпен де жүрді, бәрін істеді. Кейін әлгі әпкем біреудің үйленбеген жалғыз ұлына тиді де кетті. Алтын асықтай күйеу тапса да, ол жүрісін, жеңілтектігін қоймады. «Күйеуім мені ешқашан да тастай алмайды» дейтінін естіп қалатынмын арасында. Бірақ мән беріп көрмеппін. Енді бірде ол: «Мен кезінде күйеуіме етеккірімді орысқа дұғалатып, борщқа қосып бергем. Мұның басы әбден айналған. Ешқашан да кете алмайды», - деді. Содан бергі өмірлері көз алдымызда өтіп келеді емес пе, дұғалағаны да, дұғаланғаны да оңбады әлгілердің. Алдымен күйеуі обыр ауруына шалдықты. Одан үйлерін сатып, басқа үй ала алмай далада қалды. Кейін күйеуі аурудан біраз жазылды. Бірақ біржола емес. Ауру салдарынан жұмыстың да оңай түріне ауысып, жалақысы азайып қалған. Әпкемнің өзі қазір обыр ауруының 4-ші сатысында жүр. Аурумен арпалысып өмірі өтіп жатыр.


Бұрындары жұрттан «бір тал шашын жұлып әкетіп дұғалатқызыпты», «калошының ұлтарағын оқытыпты» дегенді құлағым шалып қалушы еді. Соның бәрі тегін емес шығар деп ойлаймын. Расында да, дұға дегеннің жасала қалса адам тағдырына әсер ететіні анық сияқты.


Бірде ағамның пәтерін әктеп жүріп, жылытқыш батарейдің қуысынан әйел адамның қызыл түсті іш киіміне оралған тұз тауып алғанмын. Содан бері сол үйдегі жеңгемнің өмірі тұздан да ащы болып кетті. Жеңгем ұл туа алмаған, тек жалғыз қызы бар еді. Ағамды ұнатып жүрген бір келіншек Түркістан жаққа барып бір емшіге ем-дом жасатып, аяғы ауыр болып, ұл тапты. Оның алдында оның туған әпкесі де сол емшіге барып дұға жасатқызып, ұл тауып, біреудің күйеуін тартып алған. Ақыры ағам ұл тапқан осы әйелді алды да, алдыңғы әйелі әлдебір улы заттан жұмбақ күйде уланып қайтыс болды.


Әулие Мәшһүр Жүсіп атамыз кезінде өзінің Ақзейнеп деген келініне: «Сыған деген көшпенді халық бар. Сол халықтың жасаған дұғасы ешқашан қайтпайды», - деген екен. Сол сияқты, қазақтың көп емшісінің басқа діннің адамы салған дұғаны қайтаруға қауқарсыз екенін айтқанын талай естідім. Орыстар дұғаласа да сығандардан кем түспейді екен. Орыстың дұғасын орыс қайтара алады-мыс. Татар дұғаласа да, тарттыратын зардабы аз емес дейді. Өйткені татарлар да құранды жақсы меңгерген халық.


Қазір кейбір адамдар «емшіге барып бойымды тазартып жүрмін» деп жатады. Дұрыс та шығар. Адамды қоршаған биошеңберді қалпына келтірген де жөн ғой. Дұға дегеннің тегін емес екенін жоғарыдағы мысалдардан аңғардық. Ал дұғаны қалай кетіруге болады? Нақты жауап айту қиын. Десе де, қолыңызға құран кітапты алып, соны рухыңызға тірек етсеңіз, бойыңызды таза ұстасаңыз, одан бір нәтиже шығары анық.


Автор: Гүлден Нұрова

alashainasy.kz/ 




Көрілген: 4158    Пікірлер: 0

жексенбі, 02.06.2019, 10:29

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Мамыр, 15:52
    Ажал аяқ астында
    14 Сәуір, 23:19
    Қайта тірілген адам

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30