Соқаның үстінде отырған кім болды екен?

Соқаның үстінде отырған кім болды екен?

Бірде жұмыстан келе жатып, арық жағасында газет оқып отырған Әлімбай ақсақалды көзім шалып қалды. Кезінде талай жұмыстың басын шалған ол кісіге інілік ізетпен сәлем бердім.

Сәлемімді жылы қабылдаған ол кісінің оқып отырғаны «Замана» газетіне шыққан тылсым дүниелердің бірі екен. Содан сөзден сөз туындап,  Әлімбай ақсақал газет әсерінен бе білмеймін, өзінің басынан өткен бір хикаясын айтып берген еді.

– 1970 жылы жиырмаға жаңа толған шағымда мен Тынымбай деген  механизатор кісіге көмекші болдым, –  деп бастады Әлекең сиректеу біткен мұртын бір сипап қойып. – Ол кезде трактор жүргізу дегенің ауылдық жерде  зор мәртебе болатын. Бұл мамандыққа шынын айтқанда екінің бірінің қолы жете бермейтін.

Сонымен күзде жер жырту науқаны басталды. Тынымбай трактор жүргізеді, ал мен артында соқада отырамын. Соқаның ізін жер ыңғайына қарай  кейде жоғары, кейде төмен түсіріп, біркелкі дәрежеде ұстауға тырысамын. Жер бірыңғай тегіс жағдайда кейде  трактор рычагын ұстау бақыты маған да тиеді. Ондайда өзімнен өзім көңілденіп, тракторда айқайлап өлең айтып отырамын.

Әй, шіркін романтикаға толы жастық өмір – ай! Күні бойы ауыр жұмыста жүрсек те, кешке қарай ауыл жастары клубта бас қосып, көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысатынбыз. Сонымен арада екі айдай өткенде мен «темір тұлпарды» жүргізуге кәдімгідей төселіп қалдым. Техникаға деген қабілетімнің бар  екенін сезген Тынымбай да енді трактор тізгінін маған жиі ұстататын болды. Содан бір күні тура ауылдың жанындағы он гектар жерді айдайтын болдық.

– Күнде ертең – ертең  дей бергенше, бүгін түнде осы алқапты бітіре салайық, –  деді Тынымбай темекісін тұтатып жатып. –  Ақыры ертең 7-ші қараша – мейрамымыз емес пе? Егер түнімен бітсек, қалған екі күнді алаңсыз үйде демаламыз. Қалай ойлайсың?

– Ойыңыз дұрыс, көке. Түнде бітсек, бітейік,  –  дедім.  Сонымен, Тынымбай түнгі сағат 12 – ге дейін айдады да, тракторын маған сеніп тапсырып, үйіне кетті. Трактордың жарығын барынша жағып, әдеттегідей айқайлап өлең айтып, жұмысыма кірістім. Осы қарқыннан таймасам, таң атқанша белгіленген жерді айдап бітірерім анық. Сол түні ай тұтылып тұрған еді. Жұлдыздар да аспан төрінде онша жыпылықтамай, түсі суық бұлттар жөңкіле көшіп бара жатты…

Мен қарқынға қарқын қосып, дамылсыз айдап жүрмін. Шамалауымша біраз жерді өндіріп тастаған сияқтымын. Көз алдыма ертеңгі болатын отырысты елестетемін. Шіркін – ай, сол кластастар бас қосатын отырысқа Састөбеден Шолпан да келсе ғой. Екеуіміз содан кейін екеуіміздің жұбымыз жазылмай  таң атқанша билесек… Оны өзім ауылына дейін шығарып салсам. Жоқ, алдымен үйге апарып апама таныстырсам қалай болады?

«Апа, міне мынау – болашақ келініңіз», –  десем. Шолпан болса аққұба өңі бал – бұл қызарып, жүзін төмен салып тұрса. Апам «Ой, айналайын сол!» –  деп Шолпанның  бетінен сүйсе. Содан кейін «Бақытты болыңдар!» – деп екеуімізге өзінің ақ батасын берсе… Сосын, көп ұзатпай  оны алып қашып, кейінірек үлкен той жасасақ …

Осылайша, тәтті ойдың құшағында отырған мен кенеттен селк ете қалдым. Өйткені тракторым тартпай қалған еді. Қанша күшеніп газдың педалін бассам да трактордың шынжыр табаны айналғанмен алға ұмтылмайды. Сосын скоросты бейтарап жағдайға түсіріп, артыма қарасам – көздері оттай жанған, еңгезердей қап – қара бір нәрсе соқаның үстінде шоқиып отыр екен. Зәрем зәр түбіме жетті. Не істерімді білмей, тұла бойым дуылдап, отырған жерімде мәңгіріп қалыппын. Әлгі еңгезердей бәле қарап отырмай  соқаны бұрап отырған сияқты. Артыма тағы қарап ем, ол да маған қарап отыр екен. Көзі қол шам секілді, жарқырап жанып тұр. Мен қорыққанымнан орнымнан қозғалмадым. Бір кезде соқа үстінде отырған мақұлық орнынан тұрғандай болды ма, бақырды ма, өкірді ме, әйтеуір қатты бір дыбыс шығарды. Одан жалп етіп үйреншікті орнына отыра кеткенде, мен отырған трактор кабинасы да қоса селкілдеп кетті. Соқаның үсті кенеттен сытырлай жөнелді. Одан әрі не болғаны есімде жоқ.

Трактордан қарғып түскен мен төрт аяқтап қаштым ба, үш аяқтап қаштым ба, әйтеуір ауылды бетке алып зулап келе жаттым. Жолда үш – төрт мәрте құлап, қайта тұрғаным есімде… Жан шіркін тәтті екен, алды – артыма қарамай, үйге қойып кетіппін. Апам байғұс жаңа жатқан екен. Менің үрейлі жүзімді көріп, «тіфә, тіфә» деп су шашып, таңдайымды көтеріп, бәйек болып жатыр. Түн ішінде Жанысбай молданы шақырып дұға оқытты. Бірақ бәрібір түні бойы алас ұрып ұйықтай алмай шықтым.

Ертеңіне Тынымбай көкем бригадирмен барса, табаны едәуір жерге кіріп кеткен трактор әлі оталып тұр екен. Соқаның да жүзі жерге кіріп, үстіндегі адам отыратын орындық майысып, алдыңғы бұралатын рөлі сынып кетіпті.

Әйтеуір бес – алты трактор жабыла сүйреп, мен айдаған тракторды әрең шығарып алыпты. Бір қызығы, кейінірек әлгі трактор да, соқа да пайдалануға мүлде жарамсыз болып қалыпты. Ал мен болсам, содан кейін аурушаң болып, ауыр жұмысқа мүлде жарамай қалдым. Бригадирдің есепшісі, ауылдық Кеңеске  қарауыл болып, әйтеуір зейнеткерлікке ілінгеніме де біраз жыл болыпты. Бірақ жасым жетпіске жақындап қалса да баяғы соқаның үстіндегі бәленің не екенін білмей, басым қатып жүр. Еңгезердей қалпында кейде түсіме кіріп, талай рет шошып ояндым да. Жын ба, шайтан ба, жоқ әлде аты белгісіз мақұлық па, басым жетпейді. Аю дейін десең, біздің өңірде оның өзі тұрмақ, аты да жоқ. Жабайы сиыр деуге де негіз жоқ. Сонда ол кім болды екен?

Әлімбай ақсақал осылайша әңгімесін сұраулы көзқараспен аяқтады. Мен не дейін? Ештеңе дей алмадым.

О. КӨМЕКОВ.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста