Қазбек Қашқабаев: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ (хикаят)

Қазбек Қашқабаев: БАЛАЛЫҚ ШАҚПЕН ҚОШТАСУ (хикаят)

Кейде мен өз өмірімдегі осы бір күтпеген өзгерісті тосыннан басталатын америкалық фильмдердің сюжетіне ұқсатамын. Көз алдыма қызық көрініс елестейді; Америкадағы шөлейт сахара. Аспан айналып жерге түскендей ыстық аптап. Шаң суырған тентек желдің екпінімен әлдеқайдан қалбаңдап ұшып келіп, бір түп шиге оратылып қалған ескі, сарғайған газет бетіндегі қоңқақ мұрын, қою мұртты кісінің суретінің үстіне үлкен әріптермен «Іздеу саламыз!» деген жазу жазылған...

Бірақ, бұл фильмді қашан және қайдан көргенімді енді қанша ойлансам да есіме түсіре алмасым анық. Оның тіпті, қалай аталатынын да ұмытыппын. Сірә, соңғы жылдары америкалық фильмдерді шектен тыс көп көргендігімнің  әсері болар. Есімде қалған үзік-үзік суреттер көз алдыма келеді де, «мені қайдан көріп едің?» дегендей сақ-сақ күліп, жыныма тиіп ойнағандай болады.

Әйтсе де, әлгі бір көріністің бөтен емес, бөгде емес, тап өзімнің тағдырыма тікелей қатысты екеніне шүбәсіз сенетін сияқтымын .

 

Жусанға ілінген жаңалық 

Ауыл шетіндегі шаңы бұрқыраған айтақыр – футбол алаңы. Бұл жерге қай жылы, кімдер әкеліп қадағаны белгісіз тот басқан темір қақпа. Әу баста екеу болған болуы керек. Себебі, футбол алаңында бір емес, екі қақпа болатыны бесенеден белгілі ғой.

Бірақ, оның біреуі... Қайда кетті деп сұрасаңыз, қазір ешкім де есіне түсіре алмайды. Бәлкім, біреу түн жамылып келіп, темір арамен кесіп әкетіп, өз үйінің қорасына тіреуіш етіп қойған болар. Әлде, ауылға темір-терсек жинаушылар келгенде, осындағы көп  көкелеріміздің біреуі өткізіп жіберіп, азын-аулақ нәпақа тапты, кім білсін. Әйтеуір, футбол алаңында қазір бір-ақ қақпа қалған қалқиып.

Торы жоқ. Торы болмаған соң, қақпаға енген доп та қаңғырып далаға кетіп жатады. Кейде тіпті, гол болған-болмағанын да байқамай, улап-шулап, таласып қаламыз. Әсіресе, қамыт аяқ Ғалымжан секілді тепкен добына көз ілеспейтін мықты ойыншылардың бір голы есептелсе, бір голы есептелмейді.

Оны шамамен, көз алдыңызға былай елестетуге болады: жалғыз қақпаның алдында екі жақ опыр-топыр боп жатқанда кенет біреудің аяғының ұшы дөп тиеді де, доп зу ете қалады. Бірақ, ол бағананың арғы жағынан өтіп кетті ме, әлде бергі жағынан өтті ме, ешкім білмейді.

Әйтсе де, допты соққан жақ:

– Го-о-ол! – деп шу ете түседі.

– Жо-оқ! Гол емес! – деп айқайлайды екінші жақ.

– Қалай?

– Міне, былай... Қақпаны жанап өтті!

– Өтірік айтпа! Ішінен кірді!

– Жоқ. Сыртынан!

– Өй, сенің... көзің көз емес, без бе?!

Міне, осылай екі жақ қызылкеңірдек боп айтысып, кейде тіпті, жұдырық сілтесіп қалатын кездер де жиі қайталанады.

Мұндайда бізді ажыратып, тәртіпке шақыратын жан болмайды. Өйткені, төреші жоқ. Бәрі ойыншы.

Футбол алаңында екінші қақпа болмағандықтан, біз көбіне бір қақпаға ойнаймыз. Бұл, шынын айтқанда, екі қақпаға ойнағаннан әлдеқайда тиімді. Біріншіден, ұзаққа жүгіріп шаршамайсың. Екіншіден, қақпашы да екеу емес, біреу ғана болады.

Ал енді, біздің ойынның нәтижесін, яғни, есебін білген кісінің екі көзі бақырайып, шарасынан шығып кете жаздайтыны сөзсіз. Себебі, мұндай нәтиже дүние жүзіндегі ешбір футбол алаңында тіркелмеген.

Айталық, 50:37 (елу де отыз жеті) деген есепті көрген жан бар ма екен?! Әрине, жоқ. Мұндай есеп, тіпті, күндіз-түні доп қуудан жалықпайтын бразиялық балалардың да қаперіне кірмейтін болар.

Міне, бүгін де солай, бір қақпаны нысанаға алған, ірі есепті, шиеленіскен қызу ойын өтіп жатыр.

Біздің ойыншылардың форма деген нәрсені өңі түгілі, түсінде де көрмегені анық. Кәсіпқой боксшылар секілді бәріміз белімізге дейін жалаңаштанып, шешініп тастағанбыз.

Қарсыласың кім, жақтасың кім? Оны айыру бізге түк те қиынға соқпайды. Себебі, біріміз Бразилиядан, біріміз Португалиядан, енді біріміз Түркиядан келіп жатқан жоқпыз ғой.

Бір-бірімізді күнде көріп жүрген бір ауылдың балаларымыз. Кімнің басы сопақ, кімнің көзі бадырақ, кімнің қолы ұзын, кімнің аяғы қисық, қысқасы, кімнің кім екені бес саусақтай белгілі.

Бүгінгі ойында мен сегіз гол соқтым. Бұл әрине, әлемдік ареналарда орын алса, рекордтық көрсеткіш болып тіркелуі әбден мүмкін. Бірақ, біздің ауыл үшін түк емес. Әне, тарамыс Ғалымжан қазір он екінші голын соқты. Бірақ, одан не пайда? Біздің команда бәрібір ұтылып жатыр. Есеп – 57:35.

Кенет ауыл жақтан бізден бір сынып жоғары оқитын Бақытжан деген көзілдірікті баланың жүгіріп келе жатқанын көрдік.

– Е-е-ей! – деп айқайлап қояды біз жаққа қарап.

Қолында бір газет бар сияқты. Соны басынан асыра бұлғап-бұлғап қояды.

Бәлкім, сіздің ауылда да солай шығар. Оған титтей де күмәнім жоқ. Ал біздің ауылда бір баланың кем дегенде екі-үш лақап аты болатыны заңдылық сияқты. Айталық, мынау жүгіріп келе жатқан Бақытжанның бір басында – «Көзәйнек», «Пошта», «Газет», «Не жаңалық?» деген төрт-бес аты бар.

Себебі, ол тек ауылдағы ғана емес, бүкіл жер-жаһандағы болып жатқан жаңалықтардың барлығын елден бұрын оқып, біліп жүретін бала.

Міне, қазір де Бақытжанның бізге бір жаңалықты естіртуге асығып келе жатқандығына еш күмән жоқ.

– Е-ей, балалар! Балалар! – деді ол алаң шетіне жете бере қолындағы газетті басынан асыра бұлғап. – Мұнда бір қызық жаңалық бар.    

Біз сәл іркіліп, ырс-ырс етіп, демімізді әрең алып тұрмыз. Ет қызуымен байқамайсың, әйтпесе, манадан бері өкпеміз өшіп, әбден сілеміз қатып, шаршаған екенбіз.

– Балалар, қалада ағылшынша білім беретін бір мектеп ашылыпты!

«Осының сөзі де қызық өзі. Біз сияқты жалпақ тілмен «ағылшынша оқытатын» демейді. «Білім беретін» деп сәндейді». Менің басыма келген әуелгі ой осы болды. Содан соң, бір үлкен жаңалық естігендей Бақытжанның қолындағы газетке қарай жапатармағай ұмтылған балаларға ілесіп, мен де жүгіре жөнелдім.

– Қане?

– Не деп жазыпты?

– Қайда? Тү-у, мына газеттің әріптері тіпті ұсақ қой!

– Әкел бері. Мен оқиын, – деген дауыстар жамырап, балалар әлгі жаңалықты оқуға таласып жатыр.

Осы сәтте бір қызық құбылыс болды. Кенет, күтпеген жерден үп етіп соққан ыстық жел бір қолдан екінші қолға өтіп бара жатқан газетті қалбаңдатып аспанға ұшыра жөнелді. Бәріміз абдырап, ойда жоқта олжамыздан айырылып қалғандай жоғары қарап, шу ете түстік.

Ыстық жел әлгі газетті әп-сәтте сарғайтып, өртеп жібергісі келгендей шақшиып тұрған күнге қарай әкетіп бара жатты да, кенет қолынан түсіріп алғандай болды.   Себебі, ол жалп етіп «құлап», футбол алаңының шетіндегі бір түп жусанға ілініп қалды.

Кім білсін, кейін араға жылдар салып, есейген шақта көрген әлгі америкалық фильм бала күнгі осы бір суретті көз алдыма қайта әкеліп, жаңғыртқан болар....

 

Үй ішіндегі үрей 

Расында да, бұл бір қызық жаңалық еді.

Әлгі газетті төрт бүктеп, қалтасына салып алған Ғалымжанның соңынан қалмай, қиыла сұрап, қайта-қайта оқыдық. Біріншіден, мектеп емес, лицей екен. Екіншіден, жақсы оқитын, дарынды балаларды ғана конкурс арқылы қабылдайтын көрінеді. Үшіншіден, шет тілінде тереңдеп оқытады дейді. Төртіншіден, қалада...

Көңілім өрекпіп, ауыл балаларын дүрліктірген осы бір қызық жаңалықты апама келіп айттым. Сірә, көзім ұшқын атып: «Менің қалайда сол мектепте оқығым келеді!» деген ойымды айқайлап айтып тұрса керек.

Сыпыраға үн сеуіп, қамыр илеп жатқан апам менің бетіме таңдана қарап, осы балама бірдеңенің шалығы тиген жоқ па дегендей ақырын басын шайқап, күмәндана қарады да:

– Бұны әкең есітпесін. Түсіндің бе? – деді түсін суытып.

Менің ішім қылп ете қалды.

– Баяғыдан бері әкең Пернебай нағашыңа қайта-қайта қақсап айтып, осы баламды мілисаның мектебіне қайтсең де түсіресің деп, қолқа сап жүрген жоқ па?! Енді келіп... қалада бір мектеп ашылыпты деп...

Апамның айтып тұрғаны айна-қатесіз шындық. Менің мектеп бітірген соң қайда барып оқитыным бұл үйде алдын-ала шешіліп қойған мәселелердің санатына жатады. Өйткені, апамның жар дегенде жалғыз інісі Пернебай нағашым – облыс орталығындағы милиция мектебінің директоры болып істейді. Былайша айтқанда, сөз тәмам...

Бірақ, бұл арман дегеніңіздің өзі де аңдаусызда үйге кіріп кетіп, енді қайтіп шығарын білмей пыр-пыр етіп, анда бір, мында бір соғылып, жанталасып жүретін кішкентай құс сияқты бола ма деймін.

Міне, қазіргі менің көңілім де солай; мынау кішкентай ауылдан қалайда жол тауып шығып, қаладағы жаңа мектепке қарай ұша жөнелсем-ау деп шарқ ұратын секілді.

Апамның сөзі – әлгіндей. Әкем әзірге естіген жоқ. Ол білсе, үйде бір үлкен айқай-шудың басталары анық. Өйткені, мен олардың күні бұрын келісіп, кесіп-пішіп қойған жоспарын бұзғалы отырған жоқпын ба.

Біздің ауылда милиция мектебіне оқуға түсу дегеніңіз – алыстан бұлдырап көрінген асқақ Алатаудың бір шыңына шығумен тепе-тең екені сөзсіз. Ондай баланың ел алдындағы мәртебесі де биіктейді, абыройы да асады. Мына өмірден өз жолын тапқанына нық сенімді күйде аяғын алшаң-алшаң басып, адымын керіп жүреді.

Міне, сондықтан да, өз басыма қонайын деп тұрған мұндай бақты үркітіп алсам, менің кім болғаным?..

Бірақ, сонда да, әлгі ішкі дүниеме кіріп кетіп, пыр-пыр етіп сыртқа шығар жол таба алмай жүрген Арман атты кішкентай құс көңіліме маза бермейді.

Енді қайттім?..

Маған қарағанда, Ғалымжаннның жағдайы жақсы. Өз еркі өзінде. Жорға атқа мінген жолаушыдай лыпып тұр. Қайда барам, қашан келем деп бас қатырмайды.

Оның үстіне:

–Не де болса, қалаға бір барып қайтайық. Оқуға түссек түсерміз, ал түспей қалсақ, қарнымыз тойғанша пирожки жеп, лимонад ішіп қайтармыз! – деген сөзді жиі айтады.

 

Жалғасы бар:

Көпті көрген кісі

Емтихан

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста