Серік Нұғыман: БҰЗҒЫШ (әңгімелер)

Серік Нұғыман: БҰЗҒЫШ (әңгімелер)

Серік Үсенұлы Нұғыман  1966 жылы ҚХР, Іле қазақ автономиялы облысы, Мұңғылкүре ауданы, Ақдала ауылында дүниеге келген. «Құланиек», «Жоқ іздеген жан», «Ақшаттың суы мөп-мөлдір», «Жөргем», «Еліктің лағы» және «Қаранның балапаны» қатарлы прозалық кітаптардың авторы. Қазір республикалық балалар басылымы – «Балдырған» журналында баc редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. «Ақпарат саласының үздігі» төс белгісімен марапатталған.

Бүгін оқырманға жазушының бір топ әңгімесін ұсынып отырмыз. Әр шығарманың бүлдіршіндерге берер тағылымы мен тәрбиелік мәні мол. Оқиғалары тартымдылығымен, шынайылығымен ерекшеленіп, көңілге қонымды баяндалады. Кейіпкерлердің балаға тән іс-әрекеті, мінез-құлықы, айтар ойы қызықты. Әңгіме желісінде жаман әдет пен жақсы мінез қатар өріліп, балалардың таным-түсінігін кеңейтіп, олардың бойында адамгершілік, жауапкершілік, ұқыптылық сияқты ізгі қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді.

 

 

 

БҰЗҒЫШ

Айғали биыл бес жаста. Әлі мектепке бамағанмен, біраз санды біледі. Оны екінші сыныпта оқитын әпкесінің қасында отырып үйреніп алған. Сан сана десең, екі қолын көтереді де, сүп-сүйкімді бармақтарын бүгіп, санай бастайды. Біл, еке, үс... Төртке дейін дұрыс барады да, ары қарай аузына түскенін айта береді. Әріп жаза алмайды, бірақ өзінің атын таниды.

Әке-шешесі жұмыста болғандықтан, ол күндіз үйде жалғыз қалады. Жақын жердегі мектепте істейтін шешесі анда-санда келіп, көздеп кетеді. Әр жолы келген сайын оның әлденемен айналысып, тып-тыныш ойнап отырғанын көреді. Бір нәрсеге берілсе, басқаға көп көңіл аудармайтын өзі сондай ақылды бала. Бірақ оның бір жаман дағдысы бар – ешқашан ойыншық шақ келтірмейді. Бір не екі күн... болды, одан арыға ешбірі бармайды.

Ылғи да үйде жалғыз қалғандықтан зерігеді дейтін болар, үлкендер бір жаққа барса, алдымен соны жарылқайды. Болмады дегенде бір ойыншық, не одан да көбін ала келеді. Ешқашан ақшаларын аямайды. Ал оның қадіріне жетіп жатқан Айғали болса ғой!.

Әкесі соңғы рет қалаға барғанда су жаңа мәшине әкеп берді. Әлгі мәшиненің кереметі, өздігінен жүреді тағы сөйлей біледі екен. Әлдебір тетігін басып, жерге қойсаң болды, алдыға қарай ұша жөнеледі де, анандай жерге барып тоқтай қалып, қызыл шырағын жағып, кері шегінеді. Артына қарай жылжи бастағаннан, «Кері шегінеміз, жол беріңіздер!», «Кері шегінеміз, жол беріңіздер!» деп айғайлай бастайды. Ал оң не солға бұрылғанда, «Жол беріңіздер, бұрыламыз!» деп ескерту жасайды. Өзі тағы қазақша сөйлейді. Қызық! Алғаш жалғыз Айғали ғана емес, үйдегілердің бәрі мәз болып, қызыға тамашалады. Дегенмен, ол қуаныштарды онша ұзаққа бара қоймады. Жаңа дүниенің саудасы тез-ақ бітті. Себеп – жене сол Айғалидың қыңыр қылығы. 

Ертесі күні жұмыстан қайтқан үлкендер «ғажайып» мәшиненің ішек-қарны ақтарылып, төр алдында теңкиіп жатқанын көрді. Мұндай күтпеген көріністі байқағандар бағжия қарады. Тіпті, ол не істесе де «күңк» етпейтін әкесі бұл жолы қатты ашуланды. Айғалиды бөлмесіне шақырып алып, «Ең болмаса, екі күн ойнасаң болмай ма» деп, зеки ұрысты. Артынан «мұның не?» деп сұрады себебін білмек болып сәл жұмсарып. Бағанадан түйіліп үнсіз тұрған Айғали сонда ғана мұрнын бір тартып қойып, «ішіндегі баланы көрейін деп» деді күмілжіп. Басында баласының не айтпақ болғанын түсінбей, тосылып қалған әкесі артынан барып оның көкейіндегісін шамалап, күліп жіберді.

«Әй, баламысың деген! – деді баласы шығып кеткен соң басын шайқап. – Сенің ойыншық бұза беретініңнің сыры енді белгілі болды... Жарайсың жігітім, тағы да бұз! 

 

 

 

 

ҰМЫТШАҚ 

Айдар биыл екінші сыныпта оқиды. Мектебі жақын, іргеде тиіп тұр. Үйлерінен шығып түзу көшені бойлап, екі қиылыстан өткен соң, оңға бұрылса – қақпадан енеді. Бірақ, сонған қарамай, өткен жылы әжесі әлденеден алаңдап, өзі апарып, өзі әкеліп жүрді. Өз бетімен баратын болғаны тек биыл ғана.

– Сен биыл сегізге толдың. Мені салпақтатпай енді өзің барып-кел. Бірақ, есіңнен шығарушы болма, сен ұмытшақсың. Керекті заттарыңа ықтиятты бол! – деді әжесі қырқүйектің бірі күні мектепке әкеле жатып. – Ана арқаңдағы боқшаңды бір жерге қойып, сол күйі тастап кетіп жүрме.

Бұл сөздерден Айдар әжесінің өзіне неге сонша шаршамай еріп жүретінінің сырын ғана емес, өз бойындағы бұрын аңғармаған бір кемістігін де білгендей болды. Бірақ, мойындағысы келмеді.

– Жоқ, әже, мен ұмытшақ емеспін. Осы күнге дейін ештеңемді жоғалтып көрген жоқпын ғой. Мен қалай ұмытшақ болам...

Немересінің бетіне барлай қараған әже оның өзі білмейтін кемшілігін мойындағысы келейтінін әрі жасаған ескертуіне кәдімгідей намыстанып қалғанын сезіп, одан ары құтқуырлағысы келмеді.

– Жақсы. Сен – ұмытшақ емессің. Дегенмен, қаперіңде жүрсін дегенім ғой, – деді сөзінің соңын жайбарақатқа салып.

Сол күннен бастап мектепке өзі барып, өзі келіп жүр. Барғанда да, келгенде де заттарына барынша ықтият. Түгендеп алып кетіп, түгендеп алып келеді. Әзірше еш нәрседен шашау шығарған жоқ. Байқамай мүлт кетірсе, әжесінің қадалып, желкелейтінін біледі. Сондықтан, сақ.

Бірақ, бір жолғы оқыс жағдайдан кейін өзінің соншама жинақы, мұқият екеніне ептеп күдіктене бастады. Бірақ, ұмытшақ екенін, бәрі бір, мойындаған жоқ. Бір реткі кездейсоқ жәйтке жорыды.

Ол осы жылғы оқу маусымының жаңа басталған кезі болатын. Бір күні балалармен бірге мектептен шықты да, жолай асық ойнап жатқан таныс балаларға кездесті. Асық десе ішкен асын жерге қоятын ол тағат қыла алмады. Арқасындағы ауыр боқшасын алып, андай жердегі аласа ағашқа ілді де, жанқалтасынан тастамай алып жүретін сақасы мен шүкімайттарын шығарды. Соның арасынша болған жоқ, былайғы дүние мүлде есінен шығып, ойынның иіріміне ене бойлап кете берді. Біреуді ұтты, біреуден ұтылды, қызыққа әбден батты. Тек күн ұясына еңкейгенін байқаған сәтте ғана басын көтерді.

Қайтар жолда, неге екенін, ұтқанын емес, ылғи ұтылғанын ойлаумен болды. Әтеген-ай жіберген тұстары есіне түскенде, іші удай ашыды. Сол өкінішпен келіп табалдырықтан аттады. Өз бөлмесіне кіріп, киімін ауыстырды. Асүйге бас сұғып, әжесі әзірлеген қаймақты шайын ішті. Басқалардың келуіне әлі біраз уақыт бар екен. Бөлмесіне қайтып барып, төсегіне қисайды. Осының бәрінде ол әлгіндегі қым-қиғаш ойын жайын үздіксіз ойлаумен болды. Өте-мөте ұтылған, оңсыз сәттерін.

Жата-жата бір кезде кеш батқанын аңдады. Тапсырма орындау керек екені есіне түсіп, жан-жағын шолып, сөмкесін іздеді. Сол кезде барып сақ етті... боқшасын бағана ілген жеріне тастап кеткені жадына ұрылды. Маңдайының тері бұрқ ете түсті. Ештеңеге қараған жоқ, есікке қарай тұра ұмтылды. Табалдырықтан аттаған беті асық ойнаған жеріне жетіп бірақ тоқтады. Жоқ. Сөмкесі қойған жерінен көрінбеді. Онсызда жүрегі аузына тығылып тұрған Айдар өзін тежей алмай жылап жіберді.

Кешікпей сүлкіні түсіп артына қайтты. Сүйретіліп келіп есіктен кіріп, дыбысын білдірмей өз бөлмесіне өтті. Бір қуанғаны, қашан табалдырықтан аттап кеткенше, қашан болсын алдынан шығып, жігі-жапар боп, дүниелерін түгендеп жүретін әжесі көрінбеді.

Аяңдаған күйі төсегіне қарай беттеген. Басын салбыратып сонда азкем отырды. Бір кезде жайлап басын көтерді. Еш мақсатсыз есікке қараған. Сол сәт жабулы есіктің артындағы киімілгіште ілулі тұрған өзінің сөмкесін көргенде, жанары жарқ етті. Сенгісі келмей, көзін уақалап жіберіп қайта қарады. Өз боқшасы екеніне әбден көзі жеткенде, қуанғанын атама. Ащы даусы шыға айғайлап жіберуге шақ қалды. Әжесінің естіп қалуынан қорықты ғой. Әйітпесе, айғайлар еді.

Барып, салмағын сала салбырап тұрған сөмкесін ұстап көрді. Шаттығында шек жоқ еді. Бірақ, артынша оның әжесі айтқан әлгі бір жәйтке айғақ болып, қарсы алдында тұрғаны есіне түскенде, онша ұнатпай қалды. Дегенмен, оның осы жолы апшы қуырар қатты ұрыстан аман алып қалғанын ойлағанда, амалсыз езу тартып, сипап қойды.

 

СЕНІМДІ СЕРІК 

Сәлем, достар! Бұл мен ғой, Қалтафон! Қалайсыңдар? Өмірде жақсы адамдар көп қой, кезекті әңгіме де сондай бір ізгі жан жайында.

Дарын биыл мектепалды дайындық сыныбына барған. Күнде әжесі әкеліп, кешке өзі алып кетіп жүр. Неге керек болғанын кім білген, бір күні әкесі мені (Қалтафонды) алып, ұлының (Дарын) сөмкесінің кішкене қалтасына салып қойды. Содан бері екеуміз күнде біргеміз.

Міне, кеш батты. Дарын басқа балалармен бірге сөмкесін арқалап сыртқа беттеді. Қаппаға келіп, әжесінің келуін күтті. Әжесі біразға дейін келмеді.

Ары-бері тосқан Дарынның бір кезде өз бетімен кеткісі келді. Неден қорқады, үйлері жақын. Күндегі жолдарымен жүрсе болды емес пе, бір демде жетіп барады.

Ол қақпадан шығып, жаяулар жолымен аяңдап тартып отырды. Аса асыққан жоқ, жан-жағына қарап, төңеректі тамашалай жүрді. Күнде әжесі асықтырып, ештеңені көрсетпейді екен ғой, жол бойы қандай қызық! Ролик тепкен балалар, ит жетектеген әйелдер айналады өріп жүреді екен. Әжесі қасында болса, осының бәрін көрсетпес еді, енді қандай рақат! Алаңдамай бұрылып, армансыз қарады.

Міне, қызықтың көкесі енді басталғандай. Әлдекімдер дабырлаған соң, елең етіп бұрылып еді, қызылды-жасылды шар көтерген бір кісі өзіне қарай таяп келеді екен. Түрлі түсті шарлардың бәрін үрлеп, буылған жерінен байлап, жіңішке жіппен көгендеп алыпты. Әуеде желмен ұшып, иықтасып кетіп барады. Сыртына салынған сүйкімді бала бейнесі күлімдей қарап, өзіне шақыратындай.

Дарын шыдай алмады, еріксіз қозғалып, ере жөнелді. Артынан қалмай ілесіп отырды. Жүре-жүре бір қазандай қайнаған шулы ортаға тап болды. Сонда барып басын көтеріп, жан-жағына қарады. Бұрын көрмеген жері. Қайнаған қан базарға  кіріп кеткенін ол сәлден кейін, қатар-қатар тізілген әйнек дүкендерге көзі түскенде білді.

Бұл кезде келген дабыл бойынша мен де шырылдап қоя берген едім. Алғашында қалың дудың ортасында тұрған Дарын естімеді. Аздан соң бір шетке шығып, тыныстағанда ғана құлағы шалды.

Білегін созып алайын деп еді, қолы арқасына жетпеді. Амалсыз жотасындағы сөмкені алдына алды. Сонан соң барып мен оның алақанына түстім.

Құлағына тосқанда аржағынан әжесінің таныс даусы естілді. Дарын абдыраған жоқ. «Әже» деді қуанып.

– Қайдасың, құлыным? Мектептің алдында жоқсың ғой? – деді әжесі дауысынан сәл алаңдағаны білініп.

– Әже, мен мектептен кетіп қалдым. Өзім үйге барайын десем... басқа жаққа кетіп қаппын.... – деді Дарын күмілжіп.

– Қазір қайда тұрсың? – деді әжесі сонда ғана шын сасқалақтап. – Әтең, Құдай-ай, қара басып отырып қалғанымды қарашы! Енді қайттым... енді! Қайда тұрсың енді?..

– Білмейім. Бір адам көп жерде тұрмын... елдер көп жүр...

– Онда алаңдама, құлыным! Әуелі қасыңнан өткен кісіні шақырып, телефоныңды соған бер... қайда тұрғаныңды өзім сұраймын.

Дарын жан-жағына қарады. Таяу жерден бір аға мен әпке кетіп барады екен, қарсы жүрді.

– Аға, менің әжеммен сөйлесіңізші! – деді жақындай бере қолындағы телефонды, яғни, мені ұсынып.

Бейтаныс аға алғашында түсінбей қалып, екі ойлы күйде мені алып құлағына тосты. «Ало-о... » деді артынша тартына тіл қатып.

– Әй, балам, қасың да тұрған менің немерем. Мені күтпей, үйге өзім кетем деп адасып кетіпті. Қайда тұрғанын айтып бересің бе...

Сонда барып мән-жайды түсінген жігіт:

– А, біз «Арал» базарында тұрмыз. Өзіңіз қайда тұрсыз... шығып бара жатыр едік, жолай немереңізді апарып тастасам дегенім ғой... – деді жадырай күліп. – Жақсы... жақсы! Әзір жетеміз... – деді артынан.

Дарынға бұрылып, мені қолына ұстатқан аға:

– Әй, тентек, не бүлдіріп жүрсің? – деді жымиып. – Жүр, кеттік! Әжеңе апарып саламын! – деді артынан. Дарынның қолынан ұстап сыртқа қарай беттеді.

Содан аз өткенде Дарын әжісінің қасында тұрды жайраңдап.

Міне, балалар, мақтанды демеңдер, кейде менің адамдарға осындай да пайдам тиеді. Мен балалардың жақсы досымын!

 

БЕРІК 

Жолдың осы бір бөлігі Берік үшін аса алмас асу, тым қиын. Аяңдап келіп, осы тұсқа жеткенде өзімен өзі арпалысып, табанына тас батқандай кібіртіктейді де қалады. Жай әрі-сәрі болса жақсы ғой, тұсалып қалғандай алға қарай аттап баса алмай, қарадай қиналады. Жүрмейін десе тағы пәле, басқа жол жоқ. Амалсыз адымдап, ілгері жылжиды.

Міне, бүгін де сол мүшкіл хал. Сүйретіле басып, сырғып келеді. Бір жақ жанына қарамауға тырысты. Бар пәле сол жақта тұр ғой, өйткені. Өзін әпжыландай арбап, ақылынан аударып бара жатқан сиқыр сол тарапта. Қол созымда ғана. Сәл босай қалса болды, өзіне қарай жұлқа тартып, жұтып әкетпек. Онда саудасының біткені. Болған бұрын ондай жай... Кібіртіктей басып жылжып келе жатқаны сол еді, не болғанын аңдамай қалды, аздан соң есін жиғанда, жын тигендей еліріп, шиқылдаған ойын автоматының алдында отырғанын бірақ білді. Білген сәтте шошыды. Өйткені, берген уәдесі бар ғой әкесіне. Енді не болмақ?

Бірақ, кешірім болды. Тек бір ғана шартпен. Орындалмайтын құрғақ уағдаларға ендігары сенбес болған әкесі қадалып отырып қолхат жаздырып алды. «Осылай да осылай, енді қайталасам, аяушылық болмасын деп». Енді шынымен-ақ аяу болмайды. Не жаза қолданылатынын білмейді, бірақ, кеңшілік болмайтыны анық... Тек осыдан қорыққаннан ғана есін жоғалтпай жылжып келеді. Әйпесе...

Кейде осы үлкендерді түсінбейді. Кейбір қылықтарын ойлағанда, тіпті, жек көріп кетеді. «Не тұр екен кішкене ойнағанда» дейді ішінен кіжініп. Дегенмен, артынан әкесінің «сабақ қайда... сабақ? Үлгерімі төмендеп кетті деп апайың күнде телефон соғады.. не болды саған?» деген сөзі есіне түскенде барып не дерін білмей тосылып жалады. Себебі, не болып жатқанын өзі жақсы біледі ғой. Қыңқ ете алмайды.

Ештеңені ескермеген болып көзін жерге салып алды. Бірақ, іштей таяу жердегі жалмауыздың өзін әлдене сиқырымен арбап, тартып бара жатқанын сезіп келеді. Мойнын бұрмауға, шыдауға тырысты. Дегенмен, аржағында толық сенім жоқ. Іштей қалт-қалт етеді.

Болмай бара жатқан соң, бұрыла жөнелейін деп бір тоқтады да, қайта бөгелді. «Соңғы рет бір барып алып, сонан соң мүлде қойсам ба екен?» деген бір ой келген-ді басына. Бірақ өйте алмады. Өйткені, ол әр күні айтылатын сөз ғой. Қазір сөйтіп ойлағанымен, ертесі бәрі бір тағы «соңғы рет» ойнағысы келіп қалады. Неге олай болатынын өзі де анық түсінбейді. Әйтеуір, қашанда солай болып шығатын, бәріне артынан өзі өкінетін. Кешкешейін ұрыс естігеннің несі жақсы, мұндай қылықты қайталамауға қанша бекінгенмен, ертесі жеңіліп қалатын. Міне, бүгін де белгісіз бір пәле мұрнынан жетектеп, сүйреп барады. Тіпті, еркіне қоятын емес...

«Жоқ! – деді бұл іштей бұлқынып. – Бармаймын! Барсам, әкем ұрады... » деді артынша ашуланып. Көз алдына әкесінің сұсты бейнесі елестеді. Соңғы рет әкесі шынымен-ақ аяушылық дегенді білмейтін, қатулы адамға өзгерген еді. Мұндайын бұрын көрмеген бұл әрі таң қалып, әрі сұмдық шошыған-ды. Босап бара жатқан бір сәтте сол үрей келіп, жүрегіне діріл жүгіртті. Дәл сол кешегіндей болып тіксініп, тез ес жиды. Әлдиіне алып бара жатқан «Мені қорқыту үшін әтей қабағын түйген шығар, аз ойнап алып, артынан барсам, ештеңе етпес» деген алдамшы ойы шорт тиылды. Ақылын тапты. Қараса, әлі жолдан шыға қоймапты. Жіті басып, алған қарай адымдай жөнелді. Айдаһарша арбап, торғайдай шырылдатып бара жатқан қарғыс атқан жерден жылдам алыстап кеткісі келді. Артынша ұзап та бара жатты. 

Тек бір сәттен кейін ғана өзін еркін сезіне бастады. Белін бекем буып, одан сайын нығая түсті. Соның арасынша болған жоқ, ішінен «Берік! Берік! Сенің атың – Берік» деп келе жатқанын білді. Іле тиыла қойды. Өзін пәледен ненің құтқарғанын сол мезетте анық шамалыды. Бұл кеше айтқан әкесінің соңғы сөзі еді. «Мен сенің атыңды, уәдесіне берік болсын, еш қиындықтан жеңілмесін деп, Берік қойғам! Біліп қой, сенің атың – Берік!» деген. 

«Иә, менің атым – Берік! Мен жеңілмеймін!» деді артынша өзіне өзі. Іштей қатты қуанды. Бірақ неге сонша қуанғанын өзі анық білген жоқ.

 

ОРЫНДАЛҒАН ТІЛЕК 

Кішкентай Дәулет базар қайдасың деп ұшып келеді. Мақсаты соңғы сәтке болса да үлгеру. Ал көңілінде кезектескен бір үміт, бір күдік. Үміті – жанқалтасындағы отыз теңге. Ал күдігі – қажетті ақша толық емес, тек жартысынан әрең асады. Күте тұру керек еді, бірақ оған тағаты жетпеді. Өйткені ертең – жарыс. Әрі оған қатысам деп уәде беріп қойған. Одан қалу – жұртта қалу деген сөз. Өліммен бірдей. Соны ойлап, не де болса барып көрейін деп күннің кеш кіргеніне қарамай зытып келеді. Шамалауынша, базар енді-енді жабылуға тиіс. Міне, екі аяғы жерге тимей ұшып келеді. Жүрегінде ептеген қобалжу бар. Бірақ, соған қаратпай, өзі де білмейтін әлдене дедектетіп жетектеп келеді. Тез жетпесе, керекті затын біреу келіп алып кететіндей. Тіпті, алып кеткен болуы да мүмкін, ойда жоқта көріп, «алам» деп бекінгеніне қашан. Апасымын бірге базар аралап жүрген болатын, тосын көзі түсті. Жанары жарқ етті. Жақындап барып қарап еді, астындағы қатты қағазда бағасы жазулы тұр екен. Елу теңге. Сұмдық көп ақша. Екі әлде үш нанның құны. Өзі білетін және қағыстырып-соғыстырып шетінен болмашы тиын-тебен түсіретін белгілі заттың құнымен өлшеді. Бірақ алғашқы қуанышы су сепкендей басыла берді. Мынандай ақша жию үшін аз дегенде бір ай керек. Апасы беретін бір наннан ұзаса бір не екі теңге үнемдеуі мүмкін. Одан көп ешқашан бола қоймайды.

«Апама айтып көрсем бе екен» деп бір оқталды артынша. Бірақ ол ойынан тез айныды. Мұғалім әкелуді тапсыратын екі жүз теңгенің өзін қалталарын ақтарыстырып жүріп әрең тауып беретін адамда қайдағы артық ақша. Соны еске алып, салы суға кеткендей басыла берді. Артынан байқады, қиял соғып тұрғанда апасы әлдеқашан ұзап кетіпті. Артынан тұра жүгірді.

Содан бері ойында елу теңге. Күндіз есінен, түнде түсінен шықпайды. Талай рет көкейтесті арманына қол жеткізді. Бірақ, ояна келгенде, онысы жай көрген түсі болып шығып, жер сипап қалып жүрді.

Сөйтіп жүрген күндердің бірінде елу теңге табудың жолы да табылды-ау, әйтеуір. Ауылға өмірі келмейтін бөтелке жинаушы келді. Озандай айғайлап көше-көшені басына көтерді. Бірақ не айтып жатқаны түсініксіз. Сол ұғынықсыз сөздердің  арасынан «бутылка» деген сөзді құлағы шалғанда барып, бәрі сайрап жүре берді. Қуанып кетті. Бірақ беретін ақшасы мардымсыз екен. Оны артынан білді. Ауылдың түкпір-түкпірін тінтіп шығып, әрең тапқан бос құмыраларын әкеп өткізіп еді, бар-жоғы отыз теңге болды. Үш он теңгелік сылдыр етіп алақанына түскенде аса шаттана қойған жоқ. Оның тағы бір себебі бөтелке іздеп тентіреуді ары жалғастыруға уақыт жоқ еді – күн еңкейіп, кеш кіріп барады. Керекті дүниесін бүгін барып алмаса, ертең кеш. Таң атса – жарыс. Кешігуге болмайды. Көп ойланып тұрған жоқ, базар қайдасың деп тартып отырды. Содан келе жатқан беті осы. Көңілінде бір үміт, бір күдік.

Базарға таяп қалғанда күдігі мүлде басым орынға шықты. Көңілі қобалжып, қаймыға берді. Ал мезгеулі жерге тақап барғанда мүлде дәрмені құрып, бойын үрей алды. Бірақ сонда да тоқтамай қыбырлай берді. Жылжи берді. Жоқ, көрген заты орнында екен. Алыстан көз салып, кәдімгідей қуанып қалғанымен, бағасы жазылған қағаздың орнында жоғын көргенде жүрегі бір аунап түсті. «Тіпті де қымбаттап кетті ме» деген қорқыныш еді онысы. Жанын елжіреткен бір мұқтаж сезім биледі бойын. «Бір тілегімді бере көр!» деді ішінен кімнен өтінгенін өзі білмей. Жақындай бере сатушыдан зәру заттың бағасын сұрады. «Отыз теңге» деді сатушы. Дүние нұрланып жүре берді. Сол сәт көзінен екі тамшы жастың ыршып кеткенін артынан білді. Бір тәуірі сатушы оны байқаған жоқ. Біреумен сөйлесіп тұр екен, сол күйі назар аудармады. Қолындағы ақшаны орнына қойды да, керегін қолына алды. Артына қарай бұрылғанда жер бетіндегі жалғыз бақытты адамдай сезінді өзін.    

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста