Шәмшия Жұбатова: Алға қадам басамын...

Шәмшия Жұбатова: Алға қадам басамын...

Шәмшия Жұбатова 1958  жылы, 27 сәуірде Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.

"Бастау", "Махаббат кітабы", "Гүлдегенде алма ағашы", "Кездесу", "Қайта оралған көктем", "Шаңқай түс", "Жоғалмаған желкен", "Өң мен түс" атты жыр жинақтарының және "Темір үйдің тұрғыны", "Дәлила" атты прозалық кітаптардың авторы.  Қаламгер француз ақыны Жан Поль Беранженің "Сынық скрипка" атты жыр жинағын, жазушы Бақытжан Момышұлының "Қасқырдың жүрегі" атты романын қазақ  тіліне тәржімалады. Көптеген жинаққа өлеңдері енген. 20-дан астам ән мәтінінің авторы. Қазақстан Жазушылар одағының, Еуразиялық шығармашылық Гильдиясының мүшесі.

Соңғы жылдары балаларға арналған шығармаларға қалам тартып жүр.

 

 

Алға қадам басамын

Алға қадам басамын,

Биік таудан асамын.

Жақсылықты үйренем,

Жамандықтан қашамын.

Бір, екі, үш,

Керек екен күш!

Дұрыс менің қадамым,

Жалқаулықтан адамын.

Бойды тіктеп, шіренем,

Иіледі садағым.

Үш, екі, бір,

Досым, сен де тұр!

Алға басқан ұнады,

Жүректе ән тұнады.

Отаныма жетсе екен

Ұланының бұл әні.

Орыныңнан тұр,

Кәне, алға жүр!

                

Басшы мені бауырға

Аппақ әжем, панашым,

Сенсің нағыз анашым.

Суық тисе, ауырып,

Кейде от боп жанасың.

Тірелткенде тығырық,

Бәйек болам жүгіріп.

Әжетайым, ауырма,

Басшы мені бауырға.

Жүйрік атқа мінгізем,

Сипай ұрып жауырға.

Бәрін жасап көрейін,

Дәріңді әкеп берейін.

Керексің ғой баршаға,

Жүгірем деп шаршама.

Аман жүрсін әжелер

Жер бетінде қаншама.

Көтерші, әже, еңсені,

Жетелейін мен сені.

Қытықтасаң күлмеймін

Қос қолымды сабаттап,

Жейде кидім қабаттап.

Қытықтағыш бауырым,

Енді тағат тап.

Жарқыраған күндеймін,

Қытықтасаң күлмеймін.

Тақпағымды жаттап ап,

Шұлық кидім қат-қабат.

Қытықтайтын достарым

Қалай аттамақ?

Күлме мейлі, күл мейлі,

Мұнымды ешкім білмейді.

Мен күлмеймін, күлмеймін,

Жұлдызы көп түндеймін.

Мойныма не орадым,

Өзім де білмеймін.

Бәрің күн мен айсыңдар,

Күлдіретін қайсың бар?

Айналайын, елім!

Айналайын, асқаралы ел,

Гүлге тұнған жазиралы бел.

Әуен аңсағанда,

Тұнса таң самалға,

Жасыл желегімен

жұпар шашты жел.

Мәңгіліксің бітпес ғұмыры,

Шынарлы елсің таймас тұғыры.

Асқақтап арманы,

Өзені арналы,

Бұралады толқын,

жасыл бұрымы.

Өзіңменен өсті мерейім,

Тағзым етіп, сәлем берейін.

Сағынышым тербеп,

Қуанышым кернеп,

Желкенімді жібек

желге керейін.

 

Бал немерем

Өзіңсің ғой ән басы,

Ғұмырымның жалғасы.

Жер бетінде қалатын

Тірлігімнің таңбасы.

Бал немерем, қызығым,

Ақылы көп бұзығым.

Мойнымдағы моншағым,

Саусақтағы жүзігім.

Құлыншақтай құлдырап,

Тәтті тілмен былдырап,

Оятасың ғаламды

Қоңыраудай сылдырап.

 

Өсесің

Көк шөп көрсең, кешесің,

Бәтіңкеңді шешесің.

Жалаңаяқ шөп бассаң,

Мықты болып өсесің.

Күн шуағын төсесін,

Көйлегіңді шешесің.

Күн көзіне көп күйсең,

Мықты болып өсесің.

Суды көрсең, кешесің,

Жібермейді ол есесін.

Суға құлаш сермесең,

Мықты болып өсесің.

Жаз

Гүлге қонды көбелек,

Самғап ұшты дегелек.

Жұпар жаңбыр жауады,

Тамшылары себелеп.

Жазғы сұлу шақтарда

Барайықшы бақтарға.

Нарттай қызыл алмалар

Түскелі тұр қаптарға.

Жұпар жетті желменен,

Құм жылжыды шөлдеген.

Неткен сұлу өлкемде

Орман, тоғай, көл деген.

Ойын

Аулада жүр топ бала,

Зырылдайды доп қана.

Бес балада он аяқ,

Допты тебу оңай-ақ.

Ұшты, ұшты, доп ұшты,

Тындырды олар көп істі.

Болғанымен меншікті,

Доп жарылды, жел шықты.

Доп жарылды, құртылды,

Бәтіңкелер жыртылды.

Ел шулады, желпінді,

Ойын бітті, жел тынды.

Табылар-ау доп тағы,

Қызу ойын тоқтады.

Бәтіңке де табылар,

Бұл сөзімнің жаны бар.

Үзіліпті көп түйме,

Шаң жейделер жетті үйге.

Болды осылай қызық іс,

Ойынға ертең үзіліс.

Ойнағасын, досым-ай,

Ойнау керек осылай.

Тіл алғыш

Барлығын да ойлаймын,

Үлкенмін ғой мен енді.

Қозылармен ойнаймын,

Ағытамын көгенді.

Қой қайырып таяқпен,

Міне аламын құр атқа.

Ләңгі тебем аяқпен,

Шаршамаймын бірақ та.

Топ ішінде дарамын,

Өтем барлық сынақтан.

Жұмсағанға барамын,

Су тасимын бұлақтан.

Анам риза ісіме,

Талабымды біледі.

Әкем риза күшіме,

«Жарайсың!» деп күледі.

Мен емес құр аралар

Ауылымның көшесін.

Еңбек етсең, балалар,

Шынығасың, өсесің.

Болып алдым тіл алғыш,

Жалқаулықты сиреткен.

Ата-анама мың алғыс,

Мені жұмсап үйреткен.

 

Бесік

Мен есімді білгенде,

Бесік жырын естідім.

Қарындасым тербелді,

Тал бесікте өсті інім.

Құшағындай анамның

Ыстық еді құндағым.

Сол құндаққа оранып,

Бесік жырын тыңдадым.

Әлди бөпем деп айтқан

Анашымның әні еді.

Ал тал бесік үйдегі

Шаңырақтың сәні еді.

Қарындасым қаз басты,

Інім-дағы қаз басты.

Әнге айналып бесік жыр,

Шаңырақты саз басты.

Әлди-ай деп ән салсақ,

Жұпар самал тұрды есіп.

Бәрімізде бір ана,

Бәрімізде бір бесік.

Көктем келсе тізіліп

Тырна көкте ұшады.

Бесік деген білсеңіз-

Қазағымның құшағы.

 

Наурыз мейрамы

Шапанды апам сыйлады,

Бөрікті атам сыйлады,

Етікті Қапан сыйлады.

Бармағы бал әжемнің

Мұрын жарды құймағы.

Киіп едім, жарасты,

Ел бұрылып қарасты.

Наурыз көже асылды,

Бауырсақ, кәмпит шашылды.

Әжем киді кимешек,

Шығарды атам шақшасын.

Наурыз ғой бұл ерітер

Самарқанның ақ тасын.

Тақиясын киді әкем,

Жарасып тұр ол-дағы.

Тойшыл елді өткізді

Көлік біткен жолдағы.

Шешкім келмей шапанды,

Етік пенен бөрікті.

Көп қарадым айнаға,

Жан екенмін көрікті.

Наурыз мейрам мәнді екен,

Ұлттық киім сәнді екен.

Таңдайыңнан кетпейтін

Көжесі де дәмді екен.

 

Менің әжем

Қандай сыр бар

әжемнің бәлішінде,

Күннің нұры жатқандай

әлі ішінде.

Бір тілімін

Сүйсініп жеп аламын,

Өзім үшін,

Әжемдей жан үшін де.

Нендей сыр бар

әжемнің шелпегінде,

Өзге нанды жемеймін

мен тегінде.

Дастарқанын жайнатып

Қояды әжем

Жылдам өте шығатын

келте күнде.

Қалай әжем

бәріне үлгереді?

Қызықтарға толы оның

күн дерегі.

Шұлық тоқып,

ұршығын иіреді,

Гүлді баптап өсіріп

іргедегі.

Асқар шыңы секілді

үмітті ойдың,

Ортасында жүреді

күліп тойдың.

Суға батпас жан сынды,

Отқа жанбас,

Менің әжем осындай,

Біліп қойғын!

                                 

Үйренейін

Жағыңдаршы жарықты,

Үйренейін әріпті.

Бірге ойнаған достарым

Бір мектепке барыпты.

Мен оларға қызықтым,

Жан емеспін бұзық тым.

Ашты досым дәптерден

Бірнешеуін сызықтың.

Көп ойыннан қашамын,

Құмарлықты басамын.

Келер жылы мектептің

Мен де есігін ашамын.

Шыбық үзбей жас талдан,

«Әліппені» жастанғам.

Әріптердің барлығы

Таяқшадан басталған.

Ойнау үшін тасталған

Теңбіл доп та қашты алдан.

Есеп деген ұғым бар,

«Бір» санынан басталған.

Санның басы «Бір» дейін,

Текке қарап жүрмейін.

Әріптерді үйреніп,

Көңілімді бірлейін.

Кекілімді тарайын,

Айнаға кеп қарайын.

Білім жарық қылады,

Адамзаттың сарайын.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста