Ғибрат

Далаға ізгіліктің дәнін сепкен – Жарапазан

  • Далаға ізгіліктің дәнін сепкен – Жарапазан

    Далаға ізгіліктің дәнін сепкен – Жарапазан

Басқаны қайдам, өзіміз жарапазан айтып өстік. Рамазан айы келгенде көрші тұратын бірнеше бала күнде кешкілік жиылып алып, жарапазан айтатын едік. Және соны мәртебе санайтынбыз. Қасиетті борышымызды өтеп жүргендей көңілімізді мақтаныш сезімі кернейтін еді. Ол 90-шы жылдардың басы еді. Қазіргідей тәттіге кеңдік жоқ болатын. Үй иесінің алып шыққан тәттілерін бөлісіп жеп, келесі үйге аяқ басатын едік. Кейбірі азын-аулақ тиын-тебен беретін. Жарапазанның қадірін білмейтін кейбір балалар бізбен бірге шығуға намыстанатын... Ал біз, керісінше, мақтанатынбыз.

Мойындауға тиіс бір шындық сол – қанша жыл жарапазан айтсақ та, жырымыз жұпыны еді. Сол баяғы жаттанды бір-екі шумақпен шектелетінбіз. Біздің жырымыз­ды дамытуға үлкендер де жәрдем бере қоймапты сол кездерде. Кейін ізденіп, білім толықтыратын кез келгенде жарапа­з­ан айтатын жастан өтіп кеттік. «Жарапазан айтатын жастан өтіп кеттік» дегеннен шыға­ды, жарапазан айтудың жас мөлшері бар ма өзі? Әдебиеттерде әртүрлі айтыла­ды. Бірақ, біздіңше, сол жеті жас пен он үш, он төрт жастың аралығы болуы мүмкін. Өйткені талай балалар сол жас аралығында айтып жүрді.

Бүгінгі балалар жарапазан айта ма? Айт­са, «олардың жыры біздікіндей жұпы­ны ма, жоқ толықтырылды ма» деген сұ­рақ­тың мазалайтыны бар, кейде. Осы орай­да, оқырмандармен жарапазан жа­йын­да ақпарат бөлісуді жөн көрдік. Анық­та­ма­лықта жарапазанның салт-дәстүріміз­ге енуін ислам дінінің қанат жайған ке­зе­ңі­мен байланыстырады. Және «Жарапазан – ислам діні кең тарағаннан кейін пайда бол­ған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауызашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйге келіп жарапазан айтады. Үй иесі әртүрлі сыйлық алып шығып, жарапазаншыларды риза етіп жі­бере­тін болған. Жарапазан мәтіні айтыла-айты­ла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге бола­ды» делінген.

Енді осы үш бөлікке келейік. Бірінші бөлімі «Желдірме» деп аталады. Желдірме үй иесінің ұйқысын ашып, өздерінің жара­пазаншылар екенін айғақтау мақсатында айтылады. Және үй иесін мадақтау да осы желдірме бөлімінен орын алған. 


Желдірменің кең тараған бір түрі мынау:

Үйің, үйің, үй екен,

Үйдің көркі ши екен.

Саба көркі бие екен,

Сандық көркі түйе екен.

Ақсарайдай көрінген,

Қайсы байдың үйі екен.


Екінші, негізгі бөлімінде жарапазаншы­лар ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Ол жыр төмендегіше өріледі.

Айтайын айт дегенде жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман!

Ассалаумағаликүм, дәуіт ғалам,

Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,

Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!

Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,

Намазды он екіңде үйрен дейді.

Намазды он екіде үйренгесін,

Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,

Ораза намазыңның несі жұмыс.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,

Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды тұтып барсаң,

Алдыңда Нұрмұхаммед күліп тұрған.

Біреуі бес намаздың таң намазы,

Оқыған тал түстегі қай намазы.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Терісі шұбар киіктен жайнамазы.

Біреуі бес намаздың бесін біл тек,

Аллаға оқыдым деп қылма міндет.

Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,

Алдыңда дайын тұрар екі жендет.

Біреуі бес намаздың екінтіні,

Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.

Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,

Барғанда ахиретте өкіртеді.

Біреуі бес намаздың ақшам намаз,

Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.

Намазды әр уақыт қылсаң қаза,

Тартасың ахиретте өзің жаза.

Біреуі бес намаздың Жашихты,

Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,

Алдыңда періштелер бас иіпті.

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,

Бір келген он екі айда ораза иман


Үшінші, соңғы бөлім үй иесіне тілек тілеп, бата беруімен түйінделеді.

Үйіңіздің артында шатыр болсын,

Балаңыздың үлкені батыр болсын.

Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен,

Балаңның батырлығы татыр болсын!

Айтайын жарапазан есігіңе,

Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.

Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,

Береді Алла бірге нәсібін де.

Айтайын жарапазан есігіңе,

Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.

Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,

Береді алла бірге нәсібін де.

Аллаһу акбар!


Бұл жарапазан жырының кең таралған бір нұсқасы ғана. Және бір нұсқаның өзін түрліше құбылтып айтатындар бар. Жарапазан жырлаушылар өзінің қабілет-қары­мына орай, жаттанды мәтіннің мағы­на­сын бұзбай, өз ойларынан да шумақтар қосып айта берген. Жарапазанның негізгі мақсаты — рамазан айында ауылдастардың көңілін көтеріп, жұртшылыққа ислам дінін насихаттап, елді иманға, береке-бірлікке шақырудан, ізгі тілек тілеуден туындаған.  Жарапазан арқылы жастар мен балалар өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік кезең тұсында шектеулер болғанымен, түбегейлі жоғалып кеткен жоқ. Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында ислам дінімен бірге қайтадан қанат жайып келеді. Жарапазанның әртүрлі нұсқалары «Бөбек жыры» атты жинаққа енген.

Үлкенге де, кішіге де өнегесі мол сауап­ты іс саналған жарапазан айтуды қай­та қолға алып, жалпыхалықтық сипат алуы үшін кеңінен насихаттап, түрлі мәдени іс-шаралар арқылы жандандыра­тын уақыт жетті. Жарапазанды айтушылар да, насихаттаушылар да жасөспірім бала­лар екені анық. Олай болса, ең бірінші, сол балалардың қызығушылығын оятуға тиіспіз. Сол арқылы жарапазанды оқып, естіп қана қоймай, тұрмысымызға қайта­дан енгізе аламыз.




Көрілген: 3006    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 10.07.2013, 13:32

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Қыркүйек 2011
    Ақылбайдың шапшаңдығы
    14 Қыркүйек 2011
    Ақылбайдың бел суы
    16 Қараша 2010
    Құттықтау!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30