Хоккей

Бұлбұл Қартаңбай – АҚШ хоккей лигасындағы алғашқы қазақ легионері

  • https://dalanews.kz/

    https://dalanews.kz/

Әсем мүсін, ырғақты қозғалыс, көркем бейне. Жанардың қарашығына бірден мәнерлеп сырғанаушы, тал шыбықтай бұралған арудың сұлбасы келуі бек мүмкін. Бүгінгі біздің кейіпкердің де өмірі дәл осы көк мұзбен тікелей байланысты деп хабарлайды dalanews.kz.

 

Бірақ, ол мұз үстіндегі көркем гимнастикамен айналыспайды. Қазақтың талдырмаш қызы, Бұлбұл Қартаңбай ерлермен иық тірестіре, шайбаны ұршықша иіріп,  ойын таяғын қос ауыз мылтықтың өзіндей қолына ұстаған күйі, қарсыластың қақпасына кезекті салымды салмаққа кәдеге жаратып жүр. Иә, тұспалдап айтып, жорамалдап жеткізген қысқы спорт түрі – хоккей.

 

Бұлбұл Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Көгершін ауылының тумасы. 1993 жылдың 30 шілдесі күні, Қартаңбай атаның әулетінде өмір есігін ашты.

 

Осыдан 28 жыл бұрын, қуаныштары қойындарына сыймаған отбасы, көздерінің ағы мен қарасы болған  құлындарының қыр асып, алты құрлықты аузына қаратады деп ойламаса керекті.

 

Дана халқымыз, «болар бала бесігінде бұлқынар, болар құлын желісінде жұлқынар», – деп қатарынан оза шабатын оғлан ұрпақты айтқан. Міне, тараздық қызғалдақ та, талайды таңдай қақтырған тарлан болды.

 

«Менің бала күнімнен күшім тасып тұратын еді. Үнемі спортшы болуды қаладым. Әпкелерім мен сіңілім қуыршақ ойнап жүргенде, мен ұлдармен асық атып ойнайтынмын. Бала арманым  шынайы өмірде орындалды деп  ойлаймын», – дейді әлемді мойындатқан майталманымыз.

 

Заты нәзік, алайда ішкі рухы жігітке бергісіз, болаттай берік бұрымдының ерлерге тән спорт түрімен шұғылданғанын тәңірдің өзі қалғандай.

 

Айтуынша, балалық шақта өзі тұрған өңірде қыздарға арналған спорт түрінен ешқандай жаттығу орындары болмаған. Кейіпкеріміз «ауылда күрес, бокс сынды ұлдарға лайықталған спорттық секциялар ғана болды»,- дейді.

 

Артынша, Оңтүстік астананың маңындағы, Талғар қаласына отбасымен қоныс аударған. Бұл жерде де қызғалдақ қыздардың оң жамбастарына келетін спорт түрінен үйірме болмапты.

 

«Талғарға келгенде мен футболға жазылдым. Мен үшін спорт пен сабағымды қатар алып жүру қиынға соқты. Сондықтан ата-анам спорт мектебін іздеді. Ақырында таптық. Онда маған ала доп тебуге машықтанғанымды айтты. Өкінішке орай, білім ордасында  футбол командасы жоқ екен. Тек хоккейден құрама болды. Мен үшін қайда жаттығатыным маңызды болмады. Солайша аталған спорт мектебіне қабылдандым»,- дейді өзінің алғашқы мұз айдынымен қауышқан сәтін есіне алып.

 

Сағаттар сырғып, минуттар жылжып жатты. Қаршадай ару жігерін жанып, жаңа белесті бағындырмаққа дамылсыз дайындалды. Айта кету керек, тұңғыш рет шайбаны соғып, ойын таяғын серік еткен аруға Валентина Анатольевна, Оксана Борисовна, Александр Федорович сынды бапкерлер бағыт берді.

 

 

Көгершін ауылынан түлеп ұшқан қарлығаш үнемі даму үстінде болды. Ол кішкентай кезінен өмірге «қозғалыс» керектігін білгендей. Атақоныста жүріп, Бұлбұл хоккейден бөлек, регбимен айналысқан. Табандылығымен тау шыңына шыққан жан, регби мен хоккейден спорт шебері. Сондай-ақ, әлі күнге боксқа қызығушылық танытады. Мұнысы, қос қолдың күшін, шайбаны шырқ үйіруге ғана қолданғысы келмегені шығар деп ұқтық.

 

Тұңғыш рет, 13 жасында мектепішілік құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз, 16 жасқа толғанда  қазақстандық жасөспірімдер құрамасына қабылданған. Кәмелет жасқа келгенше екі рет әлем чемпионатында ел намысын қорғаған. Дәл осы сәттен бастап Бұлбұл үшін спорттағы арайлы ақ таң шуағын шашып бастады.  Оны өзі де сезбеген еді.

 

«Шет ел асып, екі мәрте ойынға шыққан соң  қазақстандық әйелдер арасындағы хоккей құрамасына шақырту алдым. Онда біраз жүріп, 18 бен 20 жас аралығында регбимен қайта айналыса бастадым. Кейіннен 21-ге келгенімде көк айдынға түбегейлі оралдым. Бұл кезде алда не күтіп тұрғанын білмеген едім»,-деп ағынан жарылды саңлағымыз.

 

Бұлбұлдың биікке самғауына Елордада ашылған «Томирис» және «Барыс» хоккей клубтарының әйелдер құрамасының сапынан табылуы ықпал етті. Мұнда, ол  5 жыл қатарынан команда капитаны болды. Артынша спорттағы жолын, хоккейдің отаны-Канадада жалғастыруға мүмкіндік алды.

 

Арманың асқақ, мақсатың айқын болса, алынбайтын қамал жоқ. Кейіпкерміз бойжеткен шақтан, нақтыласақ 17-18 жасар кезінде-ақ, мұхит асып, шеберлігін шыңдауды нысанаға алған. Мүлт кетпеді. Қанжығасы майланды, қазіргі таңда «алты құрлық аспанында аты әуелеп-ақ тұр.

 

«Қазақстан  жасөспірімдер құрамасында жүргенде  шет елге барсам деген ой болды. Әлемді аузына қаратқан үздік құрамалардың қатарында болсам қандай күшті болар еді деген ой маза бермеді. Содан 23-ке толған шағымда ақырындап мәліметтер жинастыра бастадым. Туған жерден жыраққа кеткенде біраз қиын болды. Әсіресе, уақыт белдеуі. Кейде телефон арқылы байланысқа шығу үшін түн ортасында хабарласуға тура келетін»,- деп Отанынан өзге елге қоныс аударған сәттегі кедергілермен бөлісті.

 

2018 жыл, жас қыздың албырт шақтағы мақсатының шындыққа айналған тұсы еді.

 

АҚШ-қа барып, команда құрамына өту үшін түрлі іріктеу кезеңдеріне қатысып, бірнеше хоккей клубтарында ойнап көрген.

 

 

Соңында, сайып қыран арудың шеберлігі мен қабілетін бағалаған «Буффоло Бьютс» пен «Метрополитен Ривтерс» клубтарынан ұсыныс келген. Жерлесіміздің таңдауы  «Метрополитен Ривтерс»  құрамасына түскен.  Таңдауы да бекер емес, сөзіне сенсек, әйелдер арасында дес бермейтін, мықты команда екен.

 

«Жасырмаймын үлкен спортты аяқтағым келген кезеңдер болды. Үйге оралғым келді. Соған қарамастан хоккейге деген махаббатым алға жетелеп отырды. Сондықтан мен әрі қарай жаттығуымды жалғастырдым»,- деді өз сөзінде жігері мұқалмаған жұлдыз.

 

Осылайша, Бұлбұл Қартаңбай өзге елдің намысын қорғау үшін, Канадада 1 жыл, АҚШ-та екі жылын сарп еткен. Бүгінде ол канадалық «Норф джерси финекс» пен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында жүр.

 

Қос елдің спорттық алаңдағы шама-шарқын бағамдап үлгерген мұз айдынның иесі:

 

«Америкалық спортшы қыздар физикалық тұрғыдан қарағанда ер-азаматтар сияқты денелі болып келеді. Олардың жаттықтырушылары «соқ, жүгір, қақпаға гол сал» деп үйретеді. Біздегі хоккей құраманың ойнау әдісіне негізделген. Ойынның стратегиясын құрып алу, жүгіріп соққы жасағаннан жақсы нәтижелер беріп жатады. Айырмашылық ұстанған бағыттары, ойын барысындағы іс-әрекеттерінде», – деп түйгенін айтып жатты.

 

Жаста болса, оқ бойы озып жүрген қыранымыздың пікіріне құлақ ассақ, елімізді хоккейден әлемдік аренада жақсы тұсынан көрсету үшін, біздің құрамаға тыңғылықты дайындық керек, сонымен қатар жаттығудың жаңа әдістерін енгізу қажет.

 

Қыр асқан қызымыз, қара бастың қамы деп,  тіршіліктің күйін-күйіттеп, тұрмыстық жағдайын жақсартуды көздемеген. Туған топырақтан шекара шегін қиып, ұшып кетуінің басты себебі, өзіндей қаракөздердің хоккейдегі мансабының мәнді болуына үлес қосуы еді.

 

Сөздің емес, істің адамы болған Бұлбұл 1 шілде күні, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, мұз айдынында көсіле, қарсыласты ойсырата жеңсем, менде көк байрақты көкте желбіретсем деген қыздарға арнап, арнайы хоккейден әйелдер құрамасы жаттығатын академияның ашылуына мұрындық болып отыр.

 

Бұл да басына бақыт құсы қонған арудың, қысқы спорттың осы түріне қызығушылық танытқан қыздардың сеңгір көкке самғауына ықпал етсем деген жүрек түкпіріндегі арманына бір табан жақындауы десек, артық айтқандық емес.

 

Отанын шексіз сүйетін, жеңіске құштар, туған елінің беделін биікте ұстап жүрген қаршадай қазақ қызының бүгінгі жетістігі ел аузында.

 

Оның айқын дәлелі, «Қазақстандық 100 жаңа есім» жобасының іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендігі.

 

Жүрісінен жаңылмаған, шашасына шаң жұқтырмайтын дүлділіміз, өте күрделі спорт түрімен шұғылданып қана қоймай, Қазақстан атты алтын бесігін, әлем халықтарының алдында әлдилеп тербетіп отырған дара адам.

 

Сондай-ақ, негізгі болмысын, табиғат берген нәзіктік атты бойтұмарын жоғалтпаған арда жан. Оның бүгінгі бағындырған белесінің негізгі кілті де «табандылық, тұрақтылық, өзіне деген сенім» атты тонның ішкі бауындай болған адам жанының жаулығы.

 

«Қолыңдағы барыңның бәрі-сенің іс-әрекеттерің мен ойларыңның нәтижесі»,- дейді Бұлбұл Қартаңбай. 30-ға жетпей орда бұзған батыл бұрымдыға, ел алдындағы беделің мен бедеріңе дақ түспесін деген ізгі тілегіміз бар. Додаларда топ жарып, «Хантәңірінің шыңғына «Қазақ» деген ұлы есімді ұлықтап жүрген жүйрігіміз тұяғынан сүрінбесін.

 

 

 

 

 

 




Көрілген: 530    Пікірлер: 0

сенбі, 26.06.2021, 01:53

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30