Жаңа жылды қалай қарсы алу керек?
Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді деп ырымдайтын адамдар стилист, дизайнер, астролог мамандардың кеңесіне жүгініп жатады.
Бүгін біз сайт оқырмандарына жаңа 2021 жыл - Сиыр жылы қандай түске мән беріп, қандай киім киген жөн, дастархан мәзірінде не болуы керек деген сұрақтарға мамандар кеңесі бойынша жауап беріп көрмекпіз.
Қанық түстерден аулақ болыңыз!
Бұл жылы көз қарықтыратын өткір, қанық түстер сәнде болмайды. Керісінше тұнық, терең талғаммен үйлестірілген түстерге басымдық беріледі дейді ресейлік стилист Екатерина Швец.
"Жалт-жұлт, жарқ-жұрқ еткен жылтырақтар жаңа жылдың сәні. Сондықтан Жаңа жыл күні алтын, күміс түстес маталардан тігілген киімдер киген дұрыс. Жарқырай көзге түсетін қырау түстес немесе графит реңкті және ақ түсті киімдер ұсынылады. Ақ киім үйлесе қоймайтындар крем түстес ақ немесе ашық күлгін түстерді таңдайды. Жаңа жылды жасыл, ашық жасыл, аспан көк және изумруд, бирюза, аквамарин реңкті бархат, атлас және жібектен тігілген киімдермен қарсы алсаңыз көңіл-күйіңіз де көтеріңкі болары сөзсіз",- дейді стилист.
Ал қызыл түс пен жан-жануарлардың терісі түстес (леопард, питон сияқты) киім киюден бас тартқаныңыз дұрыс. Сонымен қатар стилист маман қыз-келіншектерге көйлектен гөрі осы жылы - бархат немесе жібектен тігілген костюм киюге кеңес береді.
Ал көйлек киюді басты орынға қоятын ханымдар кимоно үлгісіндегі, жеңі кең және ассиметриялық үлгіде пішілген коллекцияларға назар аударғаны абзал дейді Екатерина ханым.
Сондай-ақ мүсінді айқындай көрсететін көйлек таңдап, оның сыртынан кең жейде немесе жылы свитер үйлестіре кисе және үлкен сырға тақса, кез келген қыз-келіншек құлпырып шыға келеді.
Ал барынша қарапайым киінуді құп көретін ханымдарға трикотаж көйлектер немесе былғары шалбар мен оверсайз жейделер кисе жарасымды әрі өте ыңғайлы. Жарқырай боянып, түрлі әшекейлер тағуға жүрексінбеңіз.
Ал ер -азаматтар 2021 жылды талғаммен таңдалған ашық қоңыр түсті немесе қара, қаракөк, сұр костюмдермен қарсы алғаны дұрыс. Ашық түсті шалбар және кэжуал стилінде пиджак пен джинсы киген жөн",- дейді эксперт.
Жеңіне сәнді түйреуіш қадалған жейде, классикалық костюм ешқашан сәннен түспейді. Ал егер жаңа жылды қала сыртында, шаңғы курортты демалыс аймағында қарсы алатын болсаңыз қалың тоқыма свитер, барқыт шалбар киген өте ыңғайлы.
Жаңа жыл түні дастархан мәзіріне де баса назар аударған жөн.
"Жаңа жылды қарсы алар күні сиыр, бұзау етінен жалпы еттен жасалған тағамдардан бас тарта тұрған дұрысырақ. Керісінше көк-сөкті молынан қосып, салаттар жасап, дәстүрлі оливье мен қызылша салаттарын, құс еті және балық қосылған түрлі тағамдар, картоп, сәбіз қосылған көкөністі тамақтар дастарханыңыздан көбірек орын алсын. Арақ-шарапты барынша аз қойған тіпті осы жылы дастарханыңызға жолатпаған дұрыс",- дейді мамандар.
Астрологтар бұл кірісі көп жыл болады деп болжайды. Яғни, Сиыр жылы шаруаға жайлы, тіршілікке қолайлы жыл. Сондықтан маңдайы терлеп, еңбек еткен жандар мол дәулетке қол жеткізеді. Қарым-қатынаста, кәсіпте тұрақтылық пен жүйелілікке мән бергендердің жолы болады. Жаңа таныстықтарға құмартып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келетін, жеңіл ойын-сауыққа әуестердің Сиыр жылы асығы алшысынан түсуі неғайбыл.
Барлық ауыртпалық артта қалып, жаңа жыл адамзатқа ырыс-құт, жаңа бақыт, жаңа үміт сыйлағай.