Арақ пен ақша жүрген жерде адам өмірі түк болмай қалды

25 қазан 2019, 13:39

Газетіміздің өткен нөмірле­рінің бірінде «Кенеттен қайтыс болу оқиғалары неге көбейіп кетті?» деген тақырыпта мақала жарияланғаны белгілі.

Онда біз соңғы кездері ел ішінде кей адамдардың ауырмай-сырқамай, тосыннан көз жұму оқиғалары жиілеп тұрғаны туралы жаз­ғанбыз. Осы мәселеге жұрттың назарын аударғымыз келген болатын, арнайы зерттелсе дұрыс болар еді деген ой білдір­генбіз.

Жаманды айтқымыз келмейді-ақ, әрине, бірақ өмірде орын алып жатқан жайларға бір мезгіл мән беріп қараған да дұрыс-ау. Әйтпесе мына қым-қуыт тірлік жұртты жан-жағына қарауға мұршасын келтірмей, дедектетіп әкетіп бара жатқан сияқты, адам өмірінің құны кетіп бара жатқандай.

Кешегі аптада бір тойда болған едік. Сонда ауылдағы жасы 50-ден асқан бір азаматтың ауырмай-сырқамай қайтыс болғаны туралы естідік. Сап-сау жүрген адам таңертең ұйқысынан оянбай қалыпты. Сол кезде осыдан бір-екі апта бұрын ғана осындай жайлар көбейіп кеткені туралы мақала жазғанымыз еске түсті. Онда біз тосыннан қайтыс болудың бірнеше оқиғаларынан мысал келтірген едік.

Біз бұл жолы одан да сорақы, кімді де болса селт еткізердей бір жай жөнінде естідік. Дәл осы ауылда кейінгі оншақты күннің ішінде ғана екі жантүршігерлік оқиға орын алыпты. Бір әйел күйеуін пышақтап өлтіріпті, тағы бір әйел енесін мерт қылыпты. Жанжал себептері арақ пен ақшаға байланысты. Яғни бұл оқиғалардың біріншісінде әйелі масаң күйеуіне ашу үстінде пышақ сұғып ал­ған, ал екіншісінде үйінен ақша ұрлап жатқан келінінің үстінен енесі түсіп қа­лыпты да, ұрлығым әшкере болмасын деген әйел енесін ауыр затпен ұрып өлтіріпті.

Міне, бас-аяғы бір-екі аптаның ішінде ғана бір ауылда осындай үш оқиға орын алыпты. Үш адам өмірден өтті, отбасылары қара жамылды. Сондай-ақ адам өлтірген екі әйел ауыр қылмысы үшін жазаға тартылғалы жатыр. Олар да біреудің анасы, біреудің бауыры. Қаншама адам зардап шегіп жатыр десеңізші!

Ал жұртшылық осындай оқиғаларды жайбарақат айтып жүр, «Құдай сақтасын!» деп өз амандығын күйттеп қояды. Әлгі үш оқиға­дан қаншама адамның қайғы-қасірет шегіп, өкініштен өртеніп, бармағын шайнап отыр­ғанымен шаруасы жоқ. Ал өлгеннің жаназасына, асына барып, дастарханынан дәм татқаны анық. (Бүгінде кей жұрт мәйіт шыққан үйдің дастарханын үптеп кетуді де олжа көре­тін болған).

Әрине, адам өліміне кінәлі жан ол үшін жазасын алады. Бірақ одан мәселе түбегейлі шешіліп кете ме?

Жаман нәрсені жазғың келмейді-ақ. Бірақ ақпарат көздерін, әлеуметтік желілерді ақтарып көріңізші, «тойда билеп жүріп жан тапсырды», «әйелін өлтіріп, өртеп жіберген» деген сияқты «жаңалықтар» өріп жүр. Осыны кей адамдар бейне бір торғай өліп қалған сияқты етіп, ойланбай-ақ жаза салады, айта салады.

Біз бұрын мұндайды көп еститін бе едік? Негізінен қарттықтан немесе айықпас дерттен тіршілікте татар дәмі таусылып, дүние салған адамдар туралы еститін едік қой. О дүниесін берсін деп туыстарына жанашырлықпен көңіл айтатынбыз. Ал бүгінде түрлі себептермен тосыннан болған адам өлімі жайында жиі еститін болдық. Оған құлағымыз да, етіміз де үйреніп бара ма, қалай...

«Мемлекеттің басты байлығы – адам» деп жүрміз. Сол байлықтың кейбірі ауырмай-сыр­қамай жан тапсырып, енді бірі ет жақынының қолынан өліп жатса, неге бұлай деп мән беріп қарау керек шығар. Түпкі себеп неде? Осыны зерттеу қажет қой. Әлеумет­танушылар шын мәнінде жанашырлықпен зерттеуі, одан тиісті қорытындылар шығарылуы керек деп ойлаймыз.

Жеріміз үлкен, өзіміз аз халықпыз. Бізге адамдардың өмір сүргені, күнкөріс қамымен ілдебайлап емес, шын мәнінде сапалы өмір сүргені керек.

Р. ҚАЛТАЙ.

www.zamana.kz