Алаш үні

Айтақтағы аттаншы Қазақстанды тағы да тілдеді

  • https://abai.kz/

    https://abai.kz/

Былтыр маусым айында Ресейдің федеративтік арнасында «Вечер с Владимиром Соловьевым» дейтін хабарда орыстың өңкей саржағал саясатшысымақтары жиылып, Ресей шекараларына жақын орналасқан АҚШ-тың биологиялық зертханалары туралы талқы жасапты.

 

Содан қызды-қыздыға келгенде, әуелден про-кремлдік идеологияның айтақтағы абалағына айналған Владимир Соловьев қожайыны басқарып отырған елге бөтен пиғылдылар қауіп төндіріп тұр деген үреймен, жат та кеп алаңдапты. Соловьевтің сөзінше, АҚШ Ресей шекарасына жақын жерде биологиялық бомба орналастырған-мыс. Және онысы Қазақстанда екен, тағы.

 

Соловьевтің кезекті шоуы

 

«Украина, Грузия, Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстанда Пентагонның бақылауымен және қаражатымен американдық биологиялық зертханалар жұмыс істейді. Ресми түрде олардың міндеті - қауіпті инфекциялар мен вирустарды зерттеу. Ал, шын мәнінде, олардың қызметкерлері биологиялық материал жинайды. Ең алдымен Ресей азаматтарынан. Қауіпті аурулардың қоздырғыштарын бактериологиялық қару ретінде пайдалану технологиясы жасалуда. Оны адамдар, жануарлар мен өсімдіктер арасындағы инфекцияның туындауымен сылтаурату - американың астыртын соғыс концепциясына сәйкес келеді»,- дейді.

 

Сол хабарға сарапшы боп қатысқан Дума депутаты, Ресейдің бұрынғы бас дәрігері Геннадий Онищенко дейтін адам бүкіл әлемде АҚШ армиясының 22 мамандандырылған ғылыми институттары жұмыс істеп жатқанын айтып, Соловьевтің сөзін шоқтандыра түсіпті.

 

«Солардың бірі Владимир Волфовичтің отаны (Жириновский Қазақстанда туған –ред.) Қазақстанда. Өткен жылы олар Алексеевкаға қарағанда анағұрлым үлкен зертхананы тапсырды. Онда барлық вирустармен және қауіптіліктің ең жоғары деңгейімен жұмыс жасай аласыз. Оның үстіне әскери микробиологтар жұмыс істейді», -депті Онищенко.

 

Әлгіні ести сала, жаңағы Соловьев зертханаларды жойып жіберу керек, деген ұсыныс-пікірін айтады.

 

«Ал, оны жойып жіберуге бола ма? Егер оның қайда орналасқанын білсек, не істеу керек? Жай ғана жойып жіберу керек», -дейді. Дейді де, Израилдің ұлттық қауіпсіздік шараларын, оның ішінде басқа елдердегі қауіп-қатерді күшпен жоятын тәжірибесін мысал етеді.

 

Ал Онищенко бомбалау арқылы мәселе шешілмейтінін алға тартып сөйлейді.

 

«Сіз зертханаларды бомбалағыңыз келе ме? Елестетіп көріңізші, Алматыда миллиондаған адам бар. Ол жерде менің обаға қарсы институтым болған. Мен оны Одақтың Денсаулық сақтау министрлігінде жүріп бақылап, басқарып отырдым. Ол кезде қаланың шетінде тұрды. Қазір ол қаланың орталығында. Оны жойып жібере аласыз ба?»,- дейді.

 

ВИДЕО:  www.youtube.com/watch

 

«Алматыны бомбалау керек»

 

Әлгі жердегі әңгіме осылай жалғаса береді. Бағдарламаның ұзақтығы 3 сағаттан асады екен. Ондағы барлық диалогты теріп жазып жатудың өзі артық.

 

Былтырғы жылғы бұл әңгімены бүгін неге айтып отырмыз? Кешелі-бері әлеуметтік желіде жаңағы Владимир Соловьевтің «Алматыны бомбалау керек» деген қиынды диалогы тарап жатыр. Жай тарап жатқан жоқ, әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызуда. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бөтен бір мемлекеттің телеарнасында, онда да федеративті арнада өңкей саясаткерлер, тіпті ресми билік өкілдері жиылып ап, өзге бір мемлекеттің қаласындағы нысанды бомбалау туралы әңгімелеседі. Ашықтан-ашық. Бұл нені білдіреді? Бұл жай ғана қоқан-лоқы көрсету немесе қорқыту емес. Бұл басыну! Керек десеңіз, Тәуелсіздікті мойындамау!

 

Жалпы, Соловьев мұндай сала-құлаш, қисық-қыңыр сөздерін бұған дейін де талай рет айтқан. Ал Ресейдің мемлекеттік арнасы оны саяси сыпайылыққа салынып жатпастан, жариялап келді.

 

«Майданның Қазақстанға бағытталуын күтеміз бе?»

 

Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын ол Сирия мәселесіне қатысты Қазақстанның бейтарап ұстанымын сынап сөйлеген.

 

«Қазақстанның мұндай түсініксіз позициясы алғаш емес. Әлде біз Қазақстанмен арадағы байланыста бірнәрсе білмейміз бе? Арамыздан қара мысық өтті ме? Немесе келесі Майданның Қазақстанға бағытталуын күтеміз бе?», - деген ол кезде.

 

Қазақстан билігінің реакциясы

 

Оған Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев мәймүңкелеп жауап берген. Назарбаев пен Путиннің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас жақсы екенін алға тартып, мұндай мәселеде министрлік ресми ұстанымға ден қоятынын айтқан.

 

Бұдан соң, Қазақстанның құзырлылары Ресейлік «Россия-1», «Культура», «НТВ-мир» телеарналарының хабар таратуына тыйым салған. Алайда, ол қарсылықтың күші бар-жоғы жарты күнге жеткен. «Ойбай, көрермендер наразылық айтып жатыр», деген жалаң сылтаумен әлгі арналар қайтадан хабар тарата бастады.

 

Өзгелердің реакциясы

 

Салыстыру үшін айтайық, өткен жылдың қаңтар айында Латвия ақпараттық кеңісікті Кремль пропогандасынан қорғау үшін Ресейдің «Россия РТР» каналына тыйым салу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

 

Сондай-ақ, биыл ақпан айында Украина Ресейдің тағы үш телеарнасының жұмысына шектеу қойды.

 

Ал бізде ше? Бізде Қазақстанның Тәуелсіздігін мойынтамайтын арна, «Қазақстан да Майданның кебін кигісі келе ме?», деп доқ көрсеткен арна, «АҚШ-ты жеңу үшін Алматыны бомбалау керек», деген арна емін-еркін хабар таратып жатыр. Ол түгілі, жаңағы Владимир Соловьевтің Қазақстанға келіп-кету құқы да шектелмеген. Оның дәлелі, қайсыбір жылы Алматыға кеп, ақыл сатып кеткен. Сол кезде де Солвоьевтің сұмпайылығы туралы айтудай-ақ, айтып, дабыл қаққан едік. Сыртқы істер министрлігі естісе де, естімегендей болған.

 

Соловьев кім?

 

Соловьев – орыс шовинизмнің аттаншысы, орыс саясатының шолақбелсендісі. Кремльдің көсеуі, саяси дезинформатор, су жұқпас сұқиты, су таңдай судырақметі. Қазақстанда діни насихатшы деп танылған тұлға. Кремльдің дәлдүріш дипломаттарының аузынан айтылған шовинистік әм басқыншылық пиғылдағы пікірлерді ашық насихаттап жүрген адам.

 

ҚР СІМ бастаған бірқатар құзырлы органдардың назарына! Елімізді тілдеп, шекарасына шүйліккен, Тәуелсіз Қазақстанның территориялық тұтастығын бұзғысы келетін шовинист Владимир Соловьевке тыйым жоқ па?

 

 

Abai.kz




Көрілген: 540    Пікірлер: 0

жұма, 03.04.2020, 12:05

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір
    27 Сәуір, 11:11
    Нығымет Нұрмақов
    24 Сәуір, 12:55
    Құнанбайдың мөрі
    23 Сәуір, 10:34
    ТАС ЖҮРЕК
    13 Сәуір, 08:51
    ҚАЗАНТЕПТІ
    4 Сәуір, 23:56
    МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ
    31 Наурыз, 11:36
    Абайдың үш бейнесі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31