Гималай асқан қазақтың хикаясы

Гималай асқан қазақтың хикаясы

Төменде ауыр күндерден сыр шертетін Құланбай қажы Зарқыұлының естемелерін оқи аласыздар. Ақсақалдың әңгімесін Жәди Шәкенұлы жазып алған екен. Жер, адам атулары қарияның айтуы бойынша жазылғандықтан, еш өзгеріссіз қалдырдық.

 

Мен батырдың ұрпағымын

(Құланбай қажы Зарқыұлы Нәзірмен әңгіме)

Батыр бабам Шақабай жоңғар заманында Абылаймен тізе қосып шәйқасқан батырлардың бірі. Аталарымыз Сыр бойына дейін босып барып, жоңғарлар жеңілгеннен кейін Алтай өңіріне қайта оралған.

Қазақстанға алғаш келген 1990 жылы Аягөз жеріне арнайы ат басын бұрып, батыр бабамыздың мазарын іздеп тауып, басына құран оқыдым.
Төртінші атам – Жарқынбай Халықбайұлы (Шақабай немересі) XIX ғасырдың орта шенінде жасаған көрнекті батыр және би болған. Ол Абақ керей руларының Өр Алтайдағы атамекеніне қайта оралып, ата қонысын қайтарып алу жолында көрсеткен ерен еңбегі арқылы ел аузында сақталған көрнекті тұлға.

Өзім Ертіс өзенінің басы ұлы Алтай тауының ең жоғарғы сілемі Шіңгіл жерінің Сартоғайында 1923 жылы туғанмын. 1933-1934 жылғы әр түрлі қанды оқиғалар мен «Байқадам шабылған» секілді қырғыннан кейін біздің ауылдар Алтайдан Баркөлге ауды.

 

Баркөлдегі жағдай

Біз Баркөлге келердің алдында Әліп үкірдайдың ауылын жау шауып, бала-шағасын қырып кетіпті. Ұлы Елісхан әкесінің кегін алам деп, 400 ханзуды (қытайды) қырып тастап, Баркөлдің Шошан құмы деген жерде әкесіне арнап ас берген екен. Баркөл елі Шыңшысай зұлымдығынан екіге жарылып, бір бөлімі Гансу, Чинхайға көшкелі жатыпты.

Соның ішінде Шыңшысайдың сойылын соққан Абай секілді бұзақылар ел ішін екіге жарып, одан әрі бүлдіре бастады. Сол жылдары Үрімжі түрмесінен қашып шығып Баркөл жерін паналап, Құдабайға келіп достасып жүрген Қасым деген батыр болған. Сол Қасым батырды Абай түрмеге салды.
Қасым батыр түрмені бұзып шығып, Зайып тәйжіге барып қосылды. Бұл кез Адубай, Елісхан бастаған ел серкелері бір бөлім халықты бастап Гансу жеріне қарай көшіп кеткен болатын. Қалған халық үкіметке сенеміз деп жүріп, өздеріне қысым түскенін кеш аңғарды.

Ендігі жерде біздің ауылдар Бәйтіктен Қаптыққа шықтық. Алдымыздан Халқа жағының моңғолдары оқ шығарып, артымыздан ханзу (қытай) жағы қуып, қыспақта қалдық. Ел үрке көшкенде бізді тоқтатуға келген Әнуар сияқты үкімет адамдарының біразын кісендеп тастаған едік.
Әнуарлар: «Бағынсаңдар үкімет сендерге тиіспейді, бағынбасаңдар бала-шағаларың қырылады» деп үгіт айтты. Сөйтіп, біз құрал тапсырып ақыры бағынуға мәжбүр болдық. Ертеңінде түнде Құлыншаріге келгенде ел басшыларынан Сақаба үкірдай, Құдабайдың баласы Қақан бастаған 18 кісіні ұстады.

Нұрғали үкірдайдың үйіне жиналған ел басыларына Абай Ауғанбай деген жігітті жіберіп оларды да тұтқындамақшы болады. Сөйтіп, Ауғанбайдың астыртын берілген мәліметі бойынша ел басылары қашып шығып, Шыңшысай армиясымен соғысты.

Осылайша ендігі жерде бүкіл Баркөл елі бүлінді. Ел топ-топ, ауыл-ауыл болып үрке бастады.

 

Гансу-Чиңхайға көш

1939 жылы қыркүйек шамасы, біздің ауылдар Гансуге қарай бет алды. Уақ Айембет батыр шақабай Қошут, ителі Сұлтаншәріп тәйжі, Сәдуақас секілді ел басылары бастап көшті. Бомторай деген жерде көкте ұшақ, жерде атты әскер қуып келіп, қатты соғыс болды. Көп қырғын болып, малдың көбі жаудың қолында қалды. Соғыса қашып Қарамажын деген жерге шығып кеттік. Одан әрі қарай дүңгеннің жеріне өтіп Долан ауданына бардық. Елісхандар бізден де әрі кетіпті. Әркім өз бағытымен көшіп, қалаған жерлеріне барып жатты. Елісхан, Зайып бастаған ел басылары Мабуфаңға барып елдің жағдайын айтып, көмек көрсетуін сұрапты. Мабуфаң алғашында аз жәрдем бергенімен, көп өтпей мал қуып адам өлтіретін бұзақылары көбейіп кетті. Оларды тектеген ешкім болмады.

Долан ауданында ұзақ отыра алмай, Сүр деген жерге келдік. Жағдайымыз нашар болған соң құлан атып күн көрдік.

Гансу-Чинхайға келгеннен кейін, ел басылары Мабуфаңға кезек-кезек жүгіріп, мәнсап дәметкендері де болды. Мабуфаң қазақты қазаққа салып қана қоймай, жергілікті халықтарды бізге өшестіріп, тибет, моңғол, дүңген секілді өзге ұлттар бізбен жауласа бастады. Әсіресе, тибеттер малымызды қуып алып оны арашаламақшы болған адамдарымызды атып, қақтығысты ұлғайта түсті. Елісхан батыр ғана емес, елі үшін қанын төгуге дайын тұратын ержүрек, адал көсем ойлы азамат еді. Долан ауданында Мабуфаң адамдарымен арнайы келісім жасап, жер дауы мен өлген адамдардың құн дауын шешпекші болды. Бірін-бірі паралаған ұлықтар мен жергілікті тибет, моңғолдар қазақтарды қатты басынды. Өздерінікін жөн санап, қазақтарды тұқыржылатуды ойлайды. Оған қарсы шыққан Елісхан Долан ауданынан іргесін аулаққа салып, Алтыншөкеге қарай көшті.

 

Фу лүйжаң оқиғасы

Мабуфаң Елісханның көшуінен қатты алаңдап Фу лүйжаң (Лүйжаң әскери мансап аты. Полк командиры. Ред.) бастаған қалың әскерін оны ұстап әкелуге жұмсайды. Оның әскеріне моңғолдар мен тибеттер қосылады. Елісханның қайын атасы Атшыбай және Мұқаділ, Ескендір бастаған көп адамды жол бастауға алады.

Алтыншөкеге барып орныққан Елісхан тибеттер қуып кеткен малын қайтып алу үшін, Қызылқолық аталатын таңғұттар жерінен мал қууға кеткенде ауылды Фу лүйжаң бастаған қалың әскер басып қалады.
Елісхан тобы бағынғысы келмесе де қазақтарды елші қылып, «Құдай, Құран» дескен дүңгендер жағы оларды шырғалай бастайды. Антқа алданған қазақтар жағы қаруын тапсырып, кері көшуге мақұл болады.
Елді кері көшіріп Сәдім деген жерге таяғанда дүңгендер антын бұзып, Елісхан, Қойшы батыр сияқты адамдардың аяқ-қолын кісендейді. Қарсыласқан бірнеше адамды атып тастайды. Көштен шашау шыққандарды қамшының астына алып қуады. Өңі түзу қыз-келіншекке қырындап: «Қойынымызға қыз-қатын салыңдар» деп әлек салды.

Дүңгендердің қорлығына шыдамаған Елісхан мен Қожақын астыртын тіл біріктіріп оларға қарсы шығып, ар-намысын таптатқанша күресіп өлуді ойлады.
Қожақынның бастауындағы қазақ қолы мойындарына ақтық байлап, жаназаларын оқытып, түн ішінде жауға аттанды. Фу лүйжаңның шатырына басып кіріп балта, тесе, сойыл секілді құралдармен жаудың мылжа-мылжасын шығарды.

Нәтижесінде қазақ көші қаша соғысып тауға ілініп кетті. Бір бөлім адамдар оққа ұшып, апалас-төпелесте көп сәбидің бесігімен қалып қойғаны мәлім болды. Жаулар бесіктегі сәбилерді найзаның ұшына шаншып өлтіріпті. Жау жақтан да көп адам қырылды.

Сөйтіп, Қожақын, Елісхан бастаған ерлер жаумен соғыса жүріп, өз елін құтқарып, Гималай тауына қарай көше жөнелді. Олардың бағыты – тибет жерін басып өтіп, Үндістанға өту болатын.

Бұл хабарды естіген біз Бұқақол деген жерден Елісханның соңынан көше жөнелдік. Алтыншөкенің басынан Гималай тауына беталдық. Елге оттегі жетпей ыс тиіп, кейбір адамдарымыз қан құсып өле бастады. Сол көшкеннен мол көшіп Көкөзен деген жерге бардық. Көкөзеннен екі көшкеннен кейін дүңгеннің әскері қуып келді. Екі жақ соғысып, бір бөлім адамдарымыз жау қолында қалды. Бірәз адамдарымыз қырғынға ұшырап, көп бөліміміз аман-есен құтылып кеттік.

Тибеттің сары жонында бір ай көштік.

 

Үндістанға өту

Біз алдыңғы көшкен Елісхан, Зайып ауылдарын Үндістан шекарасында қуып жеттік. Көштің алдындағы қарауылында жүрген жігіттер шекараға келгенін білмей, жаудың әскері екен деп Үндістандық шекара қорғаушыларымен қақтығысып қалыпты.

Ағам Мәміш секілді сегіз адам сонда оққа ұшты. Үндістан жағы жіберген ұйғыр аудармашылар бізге келіп: «Үндістанға келдіңдер, мұсылман екендіктеріңді оққа ұшқан адамдарыңның қойынындағы тұмарынан таныдық. Бізбен келісемін десеңдер, арнайы елшілеріңді жіберіп, қаруларыңды тапсырып, шарт жасаймыз» десіпті. Жас қарақас жігіт тұмар тағып жүреді екен. Соғыста оқ тигеннің бірі сол болып шықты. Елісхан секілді ел басыларының ұйғарымымен біздің жақтан Мардан үкірдай бастаған бірқанша елшілер барды.

Ақыры екі жақтың адамдары келісімге келіп, 1941жылы Үндістан жеріне өттік. Қару-жарағымызды тапсырып алып, өзімізді түгелдей тізімдеп алды.

 

Мұзафарабадтағы жағдай

Шекарадан өткеннен кейін бізді елдің ішіне кіргізбей, сыртпен айдады. Биік қарлы шыңы бар, жолдары қиын Зұлжала асуынан асатын қия жол бар екен. Елдің алды аман өтсе де, артын қарлы көшкін басып қалып, көп адам мен мал қырғынға ұшырады. Алды-артымызды әзер түгендеп, Мұзафарат қаласының шетіне келдік. Бір жағы үлкен өзен, бір жағы биік тау екен.

Бізді өзеннің қала жағына өткізбей, тау жағына қамап ұстады. Адамдардың көбі ісіп-кеуіп, аузы-басы шіріп өле бастады. Біреулер сары ауру, біреулер «көлера» деген ауру дейді. Дәрігерлер келіп қолдан келген ем-домын жасады. Бірақ шипасы болмады. Әкем мен жеңгелерім де сонда өлді.

Елісхан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып жүріп елді олардың қамауынан босатуды ойлайды. Сол жердегі мешіттегі бір мұсылман басшымен астыртын сөйлесіп жасырын түрде түнделетіп Исламхан дегенге барады. Өзі сонда қалып ертесі Сәдей, Мұқай бастаған бір топ адамды жіберді. Сөйтіп, бір аптадан кейін Исламхан бізді өз жеріне қарай тасыды.

Аурудан қырылып, ес-ақылынан адасқан қалың елді Елісхан батыр осылайша тағы бір рет құтқарды.

 

Таксилаға келдік

Исламхан бізді құтқарып алғаннан кейін жол бойы бүкіл халық көшеге шығып хан көтере қарсы алды. Мойындарымызға гүлді шеңберлер лақтырып, алдымзға ақ дастарқанын жайды. Ұран салып, қатты қуанды. Бар әлемге: «Мұсылман бауырларымызды құтқардық!» деп жар салды. Газет-радиода арнайы хабарлар таратты.
Ол кезде Үндістан, Пәкістан болып бөлінбеген, ағылшындардың басқаруындағы ел екен. Үкімет жағы арнайы дәрігерлер шығарды. Ұн-май секілді тұрмыстық заттар таратты. Одан әрі қарай Таксила деген жерге тасыды. Осы арада отырғанда Уайсырай деген ағылшын генаралы келді. Елдің ауру-сырқауы мен өлім-жімімі әлі де тоқтамаған болатын. Қожақын бастаған біраз ерлер де осы жерде көз жұмды.
Елісхан ел атынан Уайсырайға сөйлесіп, «қай жерге барып қоныстанып, касіп істесе де болады» деген қағаз алып берді. Тағдыры ауыр халық тарыдай шалылдық. Ендігі жерде ел екіге жарылды. Әр кім өзі таңдаған бағытпен тұс-тұсқа тарта бастады. Құсыман, Шақпақбай, Қожан бастаған бір бөлім ел Хайдарабатқа кетті.
Бір бөлім ел Бопалға кетті. Көп ұзамай олардың бір бөлімі: «Аспанннан жылан жауытын жер екен» деп қайтып келді. Біз Бопалға бармай қалып қойдық. Үкімет жағының адамдары: «Барамын деген жеріңе неге бармайсың, елді бүлдіресің» – деп мені байлап тастады. Екі сағаттан кейін ел адамдарының ара түсуімен басшылары келіп босатып алды. Көп ел Бопалға кеткен соң Елісхан, Сәдей, Ахметқали молда бастаған бір топ Суат, Шатарал, Дирді бетке алып көшті.
Елісхан Дирдің Жандуыл деген жерінде көз жұмды. Сол жылдары елді бастап барған көп ерлер о дүниелік болып, халық басалқасыз қалғандай босқындық күй кешті. Тентіреп қайыршылық күйге кіріптар болғандар да болды.

 

Пешауірдегі күндер

Ел осылай бөлініп-жарылып жатқанда бір бөлім адамдардың артқа кеткісі келді. Күндердің күнінде артымыздан жақсы хабар келсе қайтуымызға қолайлы болар деген өймен мен де шекараға біршама жақын Пешауір деген жерге барып қоныстандым. Оған барғандар бара сала саудамен айналысып, тұрмыс күйіміз оңала бастады. Мен қаракұли деп аталатын қозының бұйрасынан бас киім тігіп саттым. Ауғанстаннан қашып келген біреулер бар екен. Теріні солардын алып, оны өңдеп, малақай тігіп базарға шығарып тұрдық. Үндістан жағынан кездеме сатып әкеліп, шағын дүкен аштым. Қабдыл, Қостай деген інілерім де зат сатысып саудамен айналысты.
Осы арада тағы бір оқиға еске түседі. Сабри деген өзбек аудармашы болушы еді. Біреулер оны «Совет одағының тыңшысы екен» деп жүрді. Сол Сабридың азғыруымен қырық неше қазақ жігіті қытай тарапқа кетпекші болды. Мен бұл жағдайды дереу жергілікті үкімет орындарының сыртқы істерге жауапты бөліміне мәлімдедім. Сөйтіп қалған елдің тағы да екіге жарылу қаупіне тосқауыл қойдық. Ендігі жерде елдің болашақ жағдайы жөнінде бас қатыра бастадық. Сөйтіп жүргенде, 1947 жылы Түркиядан Махмет Ырпан деген тілші келді. Ол біздерге жолығып Түркияға бару туралы жол-жорық көрсетті.
Құсыман Рауалпинди қаласында еді. Оны шақырып алып, бәріміз бас қосып ақыл құрадық. Ақыры қоғам құруға келісіп, мен және Беги, Сауытбай, Құсыман, Халифа бәріміз бірлікте «Қазақ» қоғамын құрдық.
Пәкістанға барғаннан кейін әйелдеріміз түгелдей бала көтеруден қалды. Жол бойындағы ыс пен аурудың дерті ме, ауа жақпады ма, ол жағын білу қиын еді.
Үлкен әйелім Момынхан Абзелиқызымен ақылдасып: «Бүйте берсек тұқымсыз қалады екенбіз, ауасы, қаны басқа жерден қыз әкелейік» деген байламға келдік. Сөйтіп үлкен әйеліммен қоса, үйлену ниетіндегі Мұхамади, Мұрат, Әнуар, Сәдір, Шағыман бастаған сегіз жігітті ертіп, Ауғаныстанның Памир үстірті өңіріне жол алдық.
Өзім бір қыз, қалған сегіз серігіме бір-бір қыз алып беріп олжалы оралдық. Асылында, Кеңес одағы зұлымдығынан Қырғызстанның Ошынан қашып барып, Памирды паналаған қырғыздар екен. Қазіргі немере-шөберелерімнің анасы болып отырған Тәтіш Сиырқұлқызы сол қырғыз апаларың болады.

 

Түркияға көшу

1947 жылы Түркиядан Махмет Ырпан деген тілші жігіт келіп-кеткеннен кейін біздің аңсарымыз солай ауды.
«Қазақ» қоғамын құрғаннан кейін Түркияның Анкара қаласында тұратын Емен Бура деген ұйғырға хат жаздық. Ол бізге жауап қайтарып: «Мендерес деген үкімет келеді, сендерді сонда алады» дегенді айтты. Біз оған да тоқтамай ай сайын хат жазып тұрдық.
1951 жылға келгенде артымыздан Қалибек, Хамза, Құсайын, Сұлтаншәріп бастаған ел келді. 1953 жылы тамызда Түркия елінің рұхсат қағазы келіп жетті. Ең алғаш рет Оспан, Құсыман секілді бес салт жігіт барды. Олардың соңынан Шәріпхан, Шәріп, Кәрмен секілді жиырма бес үй көшті. Осы құрамда бізде Түркияның Стамбул қаласына қарасты Тұзла деген жеріне көшіп бардық.
1954 жылы жазда Манисаның Салихлы ауданына көшіп бардық. Артымыздан Қалибек хакімдер көшіп келді. Түрік бауырлар арасындағы тіршілік
1955 жылы Анкарадан Мамедерден деген өндіріс министрі келді. Біз осы кезде жаңа кіріс көзін ашу үшін шағын өндірістер мен айналысуды ойластыра бастаған едік. Сөйтіп, үлкен-кіші ақылдаса келіп, тері кооперативін құрдық. Өндіріс министрінің бізден хал сұрап, жол-жорық көрсетуінің нәтижесінде Түркияның халық банкісі біздің шаруашылығымызды жандандыруға 50000 лира несие берді. Тері кооперативіне өзім тікелей жетекшілік етіп, үкіметтің тендеріне кіріп, 260 үйге тері өндіріс жұмысын жүргізуге жауаптандым. Ұядан Ақай маған көмекші болып бірлікте жұмыс атқарды. Түркияның түкпір-түкпіріне барып теріден тігілетін тон, бас киім, қолғап басқа да бұйымдар жасап оны базарға салдық.
Осылайша, Салихлы қаласында 24 жыл еңбектендім. Елдің әл-ауқаты жақсара түсті. Жұмыс және басқа да касіп көзін іздеген жастар жағы Стамбул сияқты қалалардан қалса, шетелге дейін шыға бастады.
1974 жылы қазақтар Дәлелхан Жаналтайдың жетекшілігінде Стамбулдан жер алып, үй салып отырықтаса бастаған еді. 1979 жылы мен де Стамбулға көшіп барып, үй салып алдым. Сөйтіп, мешіт, мектеп, жол, төк секілді барлық жағынан қамтамасыз етілген 500 үйлік «Қазақ кенті» бой көтерді. Көшелердің аттарын да «Алтай», «Баркөл», «Ертіс», «Бәйтік» деп туған жеріміздің атымен атастық.
Стамбулға барғаннан кейін, 3-4 жыл жалғасты тері өңдеп, тігу жүмысымен айналыстық. 1983 жылға келгенде Стамбулдан пластика зауытын құрдық. Зауыт 1986 жылға дейін үш жыл жұмыс істеді. 1986 жылы 18 адам бірлесіп Стамбул қаласынан «Қазақ қоғамын» құрдық. 1984 жылы қытай еліне сапарлап, Алтай, Баркөл, Үрімжіге дейін барып қайттым. 1989 жылы Тайванға бардым.

 

Атажұртпен байланыс

Түркиядағы қазақтар атамекенмен «Шалқар» газеті арқылы байланыс жасап тұратын едік.
1990 жылдың жаз айында Қазақстанға Мәскеу арқылы үлкен қызым Халимамен бірге алғаш рет келіп, ҚР мәдениет минстрі Жібек Әмірханның қарсы алуына ие болдым. Ол кезде шетелден іздеп келетін қазақтар жоқтың қасы еді. Сондықтан болар, қадір-қымбатымыз қазіргіден жақсы болды. Семейге сапарлап, Жарма жерінде жатқан Ер Жәнібек батыр бабамыздың басына, Аягөздегі Шақабай бабамыздың басына барып қайттым.
1992 жылы жазушы Қалдарбек Найманбаевтың шақыруымен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатынастым.
Сол жылы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған арнайы топ Түрік елінде және ондағы қазақтар арасында іс-сапарда болып қайтты. Делегеция құрамында Қалдарбек марқұм да бар еді. Түркияға келген қазақ бауырларымызды қуана қарсы алдық. Анкара қаласынан Қазақстанның елшілігі ашылды.
1993 жылдан бастап Қазақстанға қоныс аударудың қам-қарекетін жасай бастадық.
Осы мақсатпен Қазақстанға тағы да ат басын бұрып, Алматы облысының Шелек ауданының Нұрлы ауылына келдік. Өз отбасымды және Түркия мен қытайдағы туыстарымды көшіріп әкелуді армандадым. Ол кезде сауда-сатық істеріміздің өнімі жақсы еді. Оның үстіне Қазақстандағы үйдің бағасы да арзан болатын. Сөйтіп, елім-жерім деген марқа көңілмен Нұрлы ауылынан бес бірдей үй сатып алдым.
Бір жағынан ауыл-аймақ, ел-жұрт келсе, екінші жағынан ұрпақтар зауыт ашып отанында еңбек етсе деген таза көңілмен келдік қой.
Сол жылдары ілгерінді-кейінді Манаш Қозыбаев, Аязбек Мұқашев сиқты қазақстандық қонақтар жиі баратын еді. Біз Қазақстан жағынан барған әрқандай қонақты жапырыла күтіп алып отырдық. Кейбір ағайындар: «Біз Түркияда аузына ас төсеп, үстіне тон жауып күткен сол адамдарымыздың мұнда келгенде біреуі де танымайды» деп ренжиді.
Шын мәнінде, біз оларды қарызға күткеніміз жоқ, Қазақ Елінің қара шаңырағына көрсеткен құрмет-сыйымыз деп білдік. Күні бүгінге дейін «бір шалымыз бар екен» деп мені ешкімі елеп-ескеріп іздемесе де ешқайсысына өкпелеп көргенім жоқ.
2003 жылдан бастап Қазақстанға келе бастадық. Бір бөлім отбасылар келіп алып, қағазбастылық және орыс тілділік салдарынан кері көшіп кетті. «Бізге кезінде түріктер жасаған жақсылықты, өз қазағымыз жасай алмады» деп өкпелеушілер де болды.
2006 жылға келгенде қазақстанға біржола көшіп келдік. Алматы облысының Қарасай ауданының Таусамалы ауылынан жеке баспана алып, осында отырақтандым.
Аллаға тәуба, Қазақстан отаныма, қазақ болып қалғаныма мақтанамын.
Шейіт болған ерлерді ойлағанымда қалың қазақтың ортасында тірі отырғанымның өзі бақыт екен.

Дайындаған: Ұларбек Дәлейұлы
Дереккөз: «Бақ.kz»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста