Алаш үні

Қажымұқанды жеңген қазақ

  • Қажымұқанды жеңген қазақ

    Қажымұқанды жеңген қазақ

  • © baq.kz

    © baq.kz

Қазақ әдебиетінің классигі Әбділда Тәжібаев Қажымұқаннан: «Сізден күші асқан қазақ бар ма?» – деп сұраған екен. Қажымұқанның жауабы:

«Болды. Семейге келгенімде бір бейтаныс жігіт келіп: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем бере үйге кіріп келді. Бір тізерлеп отыра қалып, нан ауыз тиді де, маған: «Қажы-аға, уақытым аз, асығыспын. Сізді қонаққа шақыра келдім. Осы қазір жүріңізші!» – деп орнынан түрегелді. Атып тұрып, ере жөнелдім.

Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда дастархан жайылып, дәмге отырдық. Сонда мені шақырған жігіт себебін түсіндіргені: «Аға, арманым – елдің даңқын көтеріп жүрген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім: мені бір сынап көріңізші. Өйткені өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін», – дегені. «Қалай? Күресіп пе?» – деп сұрадым. «Иә», – деп жауап берді.

Аралда ағаштардың арасындағы таса жердегі алаңқайға бардық. «Жол – сіздікі. Жасыңыз үлкен», – деп, аяқтарын алшақ қойып тұра қалды. Әлгіні олай-бұлай итеремін, тартып қаламын, тамыры терең емен секілді, былқ етпейді. Тұрған орнынан қозғай алмай-ақ қойдым. Қақиған мойны да иілмей қойды. «Ал енді өзің көр», – деп кезекті бердім. Сол-ақ екен, ол бір қолымен иығымнан қапсыра ұстады да, шыр айналдырып, дедектете жөнелді. Бір уақытта екінші қолымен қоса ұстады да, жерден көтере айналдырды. Дүние жүзінің қанша мықтысымен күрессем де ешуақытта мұндай күйге түспеп едім. Әлгі жігіттің қолында орамалдай желпілдеп, айнала ұшып жүрмін. Бір уақытта тік көтеріп алды да, жерге екі аяғыммен дік еткізіп қоя қойды. Сосын басын иіп, тізесін бүгіп, еңкейіп тағзым етіп: «Кешіріңіз, аға! Жа­уырыныңыз жерге тимесін», – деді.

Күші асып тұрып, тағы да аға деп сыйлап, жықпай тұр. Ешкімді маңайына жолатпауы да менің абырой-даңқыма сызат түспесін дегені.

Мен қазақ болып туылғаныма, үлкенді сыйлайтын әдет-ғұрпыма, оны білетін інілер барына қуанып, жүрегім елжіреп, иілген басын көтеріп, құшақтап алдым. Көзімнен жас та шығып кетті. Осындай ініні көтеріп, бағын ашсам, армансыз болатындаймын.

«Жүр, бауырым, менімен бірге. Дүние жүзінде саған тең келер ешкім жоқ. Өзім аралатамын. Үнемі жаныңда боламын. Дүние жүзінің балуандарын енді сен жығасың. Жүр менімен бірге», – дедім. Сөзіме, көңіліме риза болып, бірақ басын шайқады. Өмір бойы көре алмай жүрген туысын тапқандай, елжіреп, «ағалай» береді. «Аға! Жан аға! Дүние жүзі балуандарын жығатын қазақты әлемге танытып жүрген сіз барсыз ғой. Мен несіне барамын? Менің жолым бас­қа болып тұр ғой», – дегенді алға тартты».

Бұл дерек 1977 жылы «Жұлдыз» журналының 12-санында Әбділда Тәжібаевтың «Есімдегілер» деген естелік әңгімесі түрінде жарияланған екен.

Осы балуанның өмірбаянын анықтаған адам – жазушы, Алаштанушы Сейтмұхамет Тәбәрікұлы. Қажымұқанды жеңген қазақтың аты – Ыбырай Түсіпұлы 1898 жылы өмірге келіп, 1958 жылы, 60 жасында қайтыс болған. Ақынбет керейдің ішіндегі Қареке атасынан шыққан.

Картинки по запросу Ыбырай Түсіпұлы

Әлмен Мекеновтың әлеуметтік желідегі парақшасынан 




Көрілген: 1092    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 23.12.2019, 17:45

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31