Алаш үні

ШАЛБАРДАН ШЫҚҚАН «Ш...»

  • ШАЛБАРДАН ШЫҚҚАН «Ш...»

    ШАЛБАРДАН ШЫҚҚАН «Ш...»

Шошымаңыздар, «шошақ» емес. Ондай шошқалығымыз жоқ. Өзіміз шалбар киюге жарағалы оның екі мысалын білеміз. 


Бірі өткен ғасырдың сексенінші жылдар соңында Алматыда болды. Мөлтекаудандағы мектеп ауласына жақындап шалбарын шешіп тұра қалатын әумесер шықты. Оқушылар не, әйел мұғалімдердің үрейі ұшты. Ол тұста милиция да мықты, министрі де мықты, екі күнге жеткізбей ұстап алды. Сөйтсе, шалбардан «шошақ» шығарғыштың ақыл-есі ауысқан екен. Дереу жындыханаға жіберілді.

Екіншісі Торғай облысы дүрілдеп тұрған тұста Арқалық қаласында болды. Айтулы өнер ұжымын басқарған атақты кісі қонақтан кейін айықтырғышқа түсіп қалған. Ұжымы шығарып алайық деп барса, шалбары мен тізкиімін тізесіне түсіріп тұра қалады екен. Бұл туралы белгілі журналист Жұматай Сабыржанұлының кітабында бар.

Біздің әзірге ақыл-есіміз орнында сияқты. «Құлақ» десе, құлағымызды ұстаймыз. Сосын жай күн тұрмақ тойда мас болмаймыз. Басында 50 грамм, соңында 50 грамм. Ортасында аузымызға құямыз десе тістеніп жатып аламыз. Демек, шалбардан «шошақ» шықпайды.

Енді не шығады? «Шатақ!»

Иә, шатақ шалбардың ішінен емес, төңірегінен шығуы мүмкін. Тентіреп таң алдында үйіңе басқа бір шалбарды киіп келген жағдайда. Бірақ, бізге оның да қаупі байқалмайды. Қатын мың шақырымдық алыста, біреудің шалбарын киіп келгенің тұрмақ, өзіңнің қандай шалбармен жүргеніңді көрмейді.

Алда-жалда біреудің шалбарын киіп келгенімізді өзіміз байқасақ, «сценариіміз» әзір. Оны тазалаймыз, үтіктейміз. Әдемі қағаз қорапқа бүктеп саламыз. Бір жағына «Рахат» фабрикасының ең дәмді әрі сәнді кәмпитін, екінші жағына скраб, мизон, кушон бастаған корей косметикасын салып, иесіне қайтарып береміз. Демек, екі жақтан да қауіп жоқ.

Сонымен бұл шалбардан «шатақ» та шықпайды. Сонда не шығып жатыр?..


ІІ.


Бастапқыда бізді ойландырған жағдай мынадай еді. Жаңа жылдық мерекелік үш күндік демалыстан кейін бірер күн жұмысқа еркін киіммен келдік. Одан тағы сенбі мен жексенбіге қосақталған православтардың Қазақстанда тойланатын діни мерекесі бар дегендей және үш күн дем алдық. Сосын ертеңгісін жұмысқа ыздиып киініп жатып, шалбардың қалтасына қол салдық. Қағаз жүр. Қарасақ ақша. Төрт бүктелген 500 теңгелік. «Құдай-ау, бұл қайдан жүр» деп таң қалдық.

Себебі, айлық электронды ақша түрінде карточкаға түседі. Бильярд пен бір ай тамаққа жететіннен басқасын алыстағы қатынның карточкасына смартфоннан аудара саламыз. Пәтерақыны құрайтын коммуналдық қызметтерді, ұялы байланыс шығынын солай компьютерден төлейміз. Автобуста билет алмаймыз, АСТРА-ға жол жүру ақысын тоқсанына бір-ақ аударамыз. Таскиге мінбейміз.

Иә, шағын дүкеннен нан-сүт алғанда қолма-қол ақша сұрайтыны бар. Ол ақшаны әмияннан шығарып береміз де, қайтарған қағаз ақшаны мұқияттап әмиянға саламыз. Сонда мына 500 теңгелік қалай пайда болды? Оған ми қатырып жатпадық, әмияндағы өзі сияқты сүмелек ұсақ ақшаға қоса салдық.

Ертесінде қызметке басқа костюм кидік. Жалпы киім кигенде өзгермес тәртібіміз бар. Күз бен қысқа арналған бес костюм. Әрбіріне екі көйлек, екі галстуктен. Дүйсенбі күні бірінші костюм кидік делік. Сейсенбіде – екінші, сәрсенбіде – үшінші. Бейсенбіде – бірінші, жұмада – екінші. Келер аптаның дүйсенбісінде – төртінші, сейсенбісінде – бесінші. Сәрсенбі күні – үшінші. Бейсенбі күні – төртінші, жұмада – бесінші. Сонда екі аптада әрбір костюм екі реттен киіледі. Көйлек пен галстук бір-бір реттен. Күнде көретін жұрт да жалықпайды, өзіңе де қолайлы.

Хош, келесі күні екінші костюмді киіп жатсақ, шалбардың қалтасында тағы қағаз ақша жүр. Бұл жолы төрт бүктелген 1000 теңгелік. Енді таң қалдық. Қайдан қалай қалтамызға түскенін әрі-бәрі ойланып таба алмадық. Көшеде ән айтқанымыз жоқ. Мешіттің алдында жұрттан сұрағанымыз жоқ. Автобуста барыңды суырып әкетпесе, қалтаға ақша салып бермейді. Қазақстан деген елде өмір сүреміз ғой. «Апыр-ай, бұл қайдан жүр» дедік те, оны да бүктеуін жазып әмияндағы әріптестерінің қатарына қосып қойдық.

Үшінші күн. Үшінші костюм. Шалбарының қалтасынан солай төрт бүктелген 500 теңгелік шықты. Енді шошыдық. Мынау не сұмдық! Үйге өзіміз жоқта біреу кіріп жүр ме? Ұры болса, саған бірдеңе бермек түгіл, барыңды үптеп кетер еді. Шпиондық жасайтындар тыңдайтын, бақылайтын аспаптар орнатуы мүмкін, шалбарыңа ақша салудан оларға пайда не? Арандатқысы келгендер боялған, қатталған ақша ұсынар, бірақ шалбардағы мыж-мыж 500 не 1000 теңгелік оларды қызықтырмайды.

Бас қатты.

Сосын келесі аптада киілмек екі костюмді сөреден шығарып, шалбарының қалталарын ақтардық. Мәс-саған! Бірінде әлгіндей 500 теңгелік, екіншісінде 1000 теңгелік тұр. Екі банкнотаны да орауын жазып, шамның жарығын қосып бажайлап қарадық. Жасанды емес, кәдімгі купюра. Ақшаны басуға рұқсат ететіндердің қазақшаға қосақтамаса іші ауыратын «пятьсот тенге» деген жазуы орнында. Ұлттық банк үшін біраз дау болатын қанаты қайрылған шағаласы бар. Сутаңбалары тұр. Қорғаныш белдеуі ойдағыдай. Бәрі дұрыс. Тек біздің шалбардың қалтасына қалай түскені ғана санаға сыймайды.

Ал, ойлан Қайнеке! Не пәлеге тап болдың? Не сиқыр сені айналдырып жүр?


(Жазбаның жалғасы бар)


Қайнар Олжай


Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 746    Пікірлер: 0

жұма, 25.01.2019, 20:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Қаңтар, 22:28
    «МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ!»

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30